«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Экзотикалық құстар талайға таңдай қақтырды

Экзотикалық құстар талайға таңдай қақтырды
Автор
Қордай ауданында құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Соның ішінде экзотикалық құстарды өсіру ісі де жақсы жолға қойылған. Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Чинара Бажанова көпшілікке тосын, бірақ аса қызықты кәсіп – түйеқұс асырауды қолға алған. Оның экзотикалық құстарға деген қызығушылығы бүгінде ауыл зообағын қалыптастыруына жетелепті.

Чинара Сағадиқызының айтуынша, түйеқұс өсіру идеясы оның көкейінде бұрыннан жүрген. Ал алғашқы нақты қадам 2004 жылы жасалған. Сол жылы ол Шымкент қаласынан түйеқұстың үш жұмыртқасын арнайы алдырып, шағын инкубатор сатып алады. Нәтижесінде үш жұмыртқаның екеуінен балапан шығып, өсіп жетіледі. Бұл алғашқы табыс алдағы істерге сенім ұялатады.

– Кейін түйеқұстың бір отбасын сатып алып, өзімше көбейтіп көргім келді. Осы мақсатта Сарыағашқа барып, арнайы түйеқұс әкелдік. Содан бері бұл істен қол үзбей келемін, – дейді ол.

Алғашқы жылдары ауылға экзотикалық құстардың келуі нағыз жаңалыққа айналған. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері «зообақ ашылыпты» деп, арнайы келіп тамашалайтын болыпты. Құстармен қатар қояндар да бар. Осылайша Чинара Сағадиқызының ауласы балалар үшін қызықты экскурсия алаңына айналған. Түйеқұс өсірудің қыр-сырын сұрағандарға ол бұл істің аса күрделі еместігін айтады. Ең бастысы – тазалық, дұрыс қорек және кең орын. Түйеқұс еркіндікті сүйетін құс болғандықтан, оны тар қорада ұстауға болмайды. Міндетті түрде ашық алаңы бар кең орын қажет. Құстың азығы да қарапайым, шөп, дәнді дақылдар, құрама жем, көкөністерді де жейді. Құс өсірушінің айтуынша, күнделікті бақылау да маңызды. Құстың жүріс-тұрысы мен тәбетіне қарап-ақ оның жағдайын аңғаруға болады.

Айта кетерлігі, Чинара Бажанова бұл іспен ресми түрде шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ретінде емес, тек хобби үшін айналысуда. Соған қарамастан, құс өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген. Қазақстанда өзімен пікірлес құс өсірушілер көп екенін айтып, олармен үнемі тәжірибе алмасып, ақыл-кеңес сұрасып отыратынын жеткізді.

– Арманым – болашақта үлкен ферма ашу. Қазір бәрі хобби деңгейінде, бірақ жоспарым ауқымды, – дейді ол.

Түйеқұс шаруашылығының да өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, бір түйеқұс жұмыртқасының салмағы шамамен 1,5 килограмға дейін жетеді. Ал аналық түйеқұстарға дұрыс күтім мен қолайлы жағдай жасалса, аптасына 2 рет жұмыртқалайды екен. Одан бөлек, Чинара Бажанованың ауласында құстың сан алуан түрі бар. Атап айтқанда, үнді павлині, ақ корольдік павлин, күркетауықтар, цесаркалар, сондай-ақ тауықтың сирек кездесетін тұқымдары – карликовый кохинхин, жүнді тауықтар өсіріледі.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар