Орталық директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Мұрат Бердияровтың айтуынша, мұнда 30-дан астам мүмкіндігі шектеулі азамат қызмет алып жатыр. Олардың бірқатарына орталық басшысымен бірге жолықтық. Тағдыры ауыр жандардың сөздері жанымызды толқытып, жүрегімізді тебірентті. Қызмет алушының бірі – Мұхтар Тыналиев. Біз ол азаматты мүгедектер арбасында отырған жерінен кездестірдік. Мұхтарды 5 жасында мотоцикл қағып кеткен. Оған дейін сап-сау, аулада ойнап жүрген ойын баласы болған. Осы мотоцикл апатынан кейін бұл азамат үшін сергелдең күндер басталыпты.
Қазір жасы 50-ге таяпты. Яғни, анасы Анаркүл бастаған жанашыр жандары 45 жыл бойы Мұхтарға ем іздеп, азаматты оңалтудың жолдарын қарастырып келеді. Бірнеше рет күрделі ота жасалған. Оның ең маңыздысы Мәскеу қаласында жүзеге асқанын мекеменің психолог маманы Қарлығаш Балқыбекова айтып берді. Сол дер кезінде жасалған отаның нәтижесінде қызмет алушы бүгінгі таңда аздап, ақырын сөйлейді. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді спорттық және ұлттық ойындар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлдеге қол жеткізіп тұрады. Қызмет алушыны қызықтырудың, оңалтудың, өмірге құштарлығын оятудың бұл да бір үлгілі жолы деп түсіндік.
Мұхтардың құран сүрелерін оқып, әруақтарға бағыштап отыратын ізгілігі де бар екен. Көпшілік алдында жақсылап бата беретін кездері де аз емес. Қазіргі таңда бұл азаматтың мүмкіндігін дамытуға, өзін еркін, жан-жақты көрсетуіне мекеме тарапынан барлық жағдай жасалған. Тиісті қызметкерлер маңайында қызмет көрсетіп жүр. Мұхтардың өзі де өмірінің бірқатар сәттерін ақырын-ақырын баяндап берді. – 5 жасымда апатқа ұшырап, ауыр жағдайға түстім. Ол кезде әрине есімнен танып қалғанмын. Анам арқалап, бауырларым бағыт-бағдар беріп жүріп осы халге жетіппін. Бірге туған төрт бауырым бар. Жанашырларым жетелеп жүріп көптеген ота жасатты. Сол ізденістің оң нәтижелері болды. Қиын жағдайда қалсақ та, сандарды санап, хат танитын деңгейде білім алдық.
Жалпы, 17 жылдан бері мемлекеттің қамқорлығында келемін. Ал, осы №2 орталықтың 7 жылға жуық уақыттан бері бері қызмет алушысымын. Өзім орталықтағы спорттық үйірмелерге қатысамын. Шахмат пен тоғызқұмалақ, дойбы бойынша жарыстарда бақ сынап, сәті келгенде жүлдеге де ие болдым. Оның барлығы өмірге деген құштарлығымды оятады. Мекемедегі қызметкерлердің баршасы әдепті, өз істеріне жауапты, бізге жылы сөйлейді. Әрқашан жанашырлықпен қарайды. Әкеміз бен анамыздай қамқорлық танытады. Соңғы уақытқа дейін өзім таяқтың көмегімен жайлап қадам баса алатынмын. Әлі де ептеп жүре аламын. Бірақ, жылдан-жылға буындарым әлсіреп, қиындық туындап жатыр. Қозғалыс аз болғаннан кейін шығар. Сондықтан, өзімнің зейнетақымнан бірнеше ай жинап жүріп, 350 мың теңгеге жаңа қол арба сатып алдым. Қазір сол қол арбаны пайдаланып жүрмін. Онсыз да қамқорлығын аямай отырған орталыққа менің тамшыдай көмегім осы.
«Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздық бар» демей ме? Осында мемлекеттің қамқорлығындамыз. Бұл орталық та менің – өз үйім іспетті. Мұнда қызмет алып жатқандардың баршасымен таныспын. Үлкен аталар бар. Ол кісілерге амандасып тұрамын. Әртүрлі бағыттан, әртүрлі жағдаймен келсек те, бәріміздің тағдырымыз ортақ деп ойлаймын. Көңіліміздің сырлары мен мұңы, жанымыздағы сағыныш бір деп есептеймін. Сондықтан, осы орталықта қызмет алушылардың баршасын құрметтеймін. Аталар мен әжелердің жүрегі мейірімге толы. Олардың барлығының өз тағдыры, өз жолы бар. Бәлкім, маңдайыма жазылғаны осы өмір болар. Мекемеде шариғат туралы да біздерге кейде әңгімелесу кезеңі өткізіліп, түрлі кеңестер айтылады.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Орталықта намаз оқитын кісілер үшін арнайы намазхана бар. Кейде сол жерде бірнеше кісі әңгімелесіп, Жаратушының бұйрығы мен адамның өмірі жайлы пікірлер айтып тұрамыз. Кейде көп ойланамын. 78 жастағы анамды, бауырларымды ойлаймын. Барлығына ризамын. Анам мен бауырларым осы мекемеге мені іздеп үнемі келіп тұрады. Мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес мен де кейде рұқсат алып, анам тұрған қара шаңыраққа барып, амандасып қайтатыным бар. Біздерден көмегі мен қамқорлығын аямаған орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді ол.
Әрине, жазым шығар. Бәлкім, мотоцикл руліндегі азамат та жазасын алған болар. Бірақ, бір азаматтың өмір бойы қиналып жүруіне, сынақтарға төзуіне кесірін тигізді. 45 жыл бұрын болған осынау жайсыз оқиға бір азаматты үлкен армандарынан айырды. Қазір де қоғамда көлік көп. Жас та, жасы ұлғайған кісілер де көлік айдайды. Бірақ, сол азаматтар бір ғана қателіктің арғы жағында адамның тағдыры тұрғанын түсінсе екен. Мұхтардың өмірі сондай жауапсыз адамдарға сабақ болса дейміз.
Адасқанның айыбы жоқ...
Біздің келесі әңгімелескеніміз – ІІІ топ мүгедегі Бердібек Манасбаев ақсақал. Ақсақалдың жағдайы қазір біршама жақсы. Бұл кісінің орталық қызметін пайдаланғанына 5 жыл ғана уақыт болыпты. Қазіргі таңда 68 жасқа аяқ басып отыр. Бердібек Ақынұлы жастық шағының барлығын Қордай ауданы, «Ырғайты» кеңшарында (қазіргі Ноғайбай ауылы) өткізген. Кеңшарда ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек етіпті. Шекара қызметінде істеген екен. Атамыздың отбасын құруда жолы күрделілеу болыпты. Отыз жастан асқан шағында қырғыздың қызымен танысып, шаңырақ көтерген. 7 айға жуық қана бірге тұрған. Жұбайы бұл кісіге: «Қырғыз еліне барайық, сол жақта тұрайық, өмір сүрейік» деп талап қойған.
Алайда, Бердібек Ақынұлына ол өтініш, жоспар ұнамаған. Зайыбы да айтқанынан қайтпай, өзінің еліне кетіп қалған. Манас бабаның ұрпағы өзінің елінде тұруды мұрат тұтып, сол мақсатты таңдаған екен. Осындай жағдаймен екеуі ажырасқан екен. Дегенмен, сол қырғыз келіншектен туылған бір қызы бар. Сол қызы есейген кезде әкесін іздеген. Қыз баланың жүрегі қандай кең, көңілі қандай кешірімді. Ол туралы Бердібек ақсақал айтып берді.
– Қырғыз әйелімнен өмірге қызым келіп, сол көрші елде есейді. Мен соңғы жылдары ауырып, мүгедектік алдым. Ауруханаларда жатып, емделдім. Ол қызды іздеуге шамам болған жоқ. Бірақ, қызым есейгенде мені іздемекші болып, Қырғыз елінде тұратын туыстарымнан менің жағдайымды сұраған, телефонымды алған. Өзінің телефонын қалдырып, хабарласуымды өтінген. Ол қыздың алдында кәнәлі екенімді білемін. Қызымнан өз қателіктерім үшін кешірім сұраймын. Содан туыстарым хабарласып, қыздың ұялы телефон нөмірін маған берді. Сол кездегі қуанышым ерекше болды. Адамға перзентінен артық қандай қуаныш болсын? Қызыма телефон шалдым, екеуміз де көңіліміз босап, жылап алдық, қателігімді мойындап, қайта-қайта кешірім сұрадым. Қызымды бірнеше рет іздеп бардым. Жолықтық, бірге шай іштік, мауқымызды басып ұзақ сағаттар бойы отырып әңгімелестік. Қызымның мені түсінгеніне ризамын. Өмірде онсыз да көп қиналдық. Мен бақытты болсам, осы үшін ғана бақыттымын. Алда қанша өмірім барын білмеймін. Сол қалған өмірімде қызыммен жиі жолығып, жылылығымды көрсетсем деймін. Мойындаймын, әкенің барлық қамқорлығын қызыма бере алмадым. Сәби күнінде, мектептегі оқушы кезінде оған көңіл бөле алмадым. Енді жасым да ұлғайып қалды. Аталарымыз айтқандай, төрімізден көріміз жақын қалды. Енді тек қызыма жылы сөз айтқым келеді. Онсыз да ұзақ жылдарымды босқа өткізіп алдым. Қызымнан алыс болған жылдарым үшін өкінемін. Өзім бөлек тұрып жатсам да, сол қызыма жақсылық тілеймін, әкелік тілегім мен дұғама қосамын. Жолы әрқашан ашық болсын, өмірге қуанышты, сәтті кездері көп болсын. Менің қателікпен өткен өмірімді ешкімге бермесін. Қызым ешқашан қателеспесін. Менің жүрегімнен шыққан әкелік тілегім осы, – дейді ақсақал.
«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, ақсақалдың шын көңілмен сөйлеп, айтқан өкініші біздің де көңілімізді бір толқытып өтті. Бұл кісіде дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ спорт түрлерімен шұғылданып, жарыстарға қатысып тұрады.
«Он төрт жасымнан орталықтың қамқорлығындамын» Біз ІІ топ мүгедегі Ақбота Еркінбекованың да бөлмесіне барып, әңгімесіне құлақ түрдік. Ол 14 жасынан бері мемлекеттің қамқорлығына алынған. «Ақбота Қанатбекқызы толық отбасында өмірге келген. Барлығы жақсы, дұрыс басталған. Анасы Мойынқұм ауданы, Ақбақай ауылында мектеп директоры болып жұмыс істеген. Сөйтіп қызмет істеп жүрген кезінде анасы жолға шығып, хабар-ошарсыз кетеді. Бірге туған бауырлары кезінде «Хабар» телеарнасындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына да беріп, іздеу салған. Ол іздестірудің де нәтижесі болмапты. Қандай өкінішті! Ақбота үшін қасірет осы кезден басталған. Әкесі басқа отбасын құрып кеткен. Әкесімен соңғы рет хабарласқанымызда ренішін білдірді.
«Менің басқа отбасым бар, енді мені мазаламаңыздар» деді. Содан бері ол кісіге қайта телефон шалмадық. Бірақ, Ақбота үшін жүрегіміз ауырып, барлық оң шешімдерді жасап жатырмыз. Басынан бастап айтсақ, қамқорлықсыз қалған Ақбота жасөспірімдерге арналған орталыққа қабылданған. Онкологиялық ауру түрімен ауырады, бетінде бірқатар жарақаттары бар. Ата-анасындай бола алмасақ та, біз Ақботаға қолымыздан келгенше жанашыр болып, емін жүргізіп, өзін жақсы сезінуіне барлық мүмкіндігімізді көрсетіп жатырмыз. Спорттық жарыстарға да қатысады. Дойбы, шахмат, жеңіл атлетика түрлері бойынша бағын сынап жүр. Бірнеше жарыста жүлдеге қол жеткізіп, медаль алған кездері бар. Ондай сәттер Ақбота үшін де, біздің орталық үшін де – қуаныш, – дейді аталған орталық директорының орынбасары Салима Әбдіразақова.
Ал, Ақбота Қанатбекқызының да өз айтары бар.
– Әр адамның тағдыры маңдайына жазылатын шығар. Менің пешенеме осы өмір жазылған екен. Кім біледі, егер анам жоғалып кетпегенде дүниедегі ең бақытты адам мен болатын ба едім. 14 жасымнан мемлекеттің қамқорлығында келемін. Әкем бар. Ол кісі кейіннен құрған отбасымен Сарысу ауданы, Саудакент ауылында тұрады. Екінші анамның есімі – Толғанай. Әкемнің екінші әйелінен туған Бақыт, Нұрсұлтан деген бауырларым бар. Мен сол бауырларымды көргім келеді. Бірақ, әкем айтатын сөзін айтып, мазаламауын өтінді. Бірақ, мен бауырларымды жақсы көремін. Бәлкім келешекте ол інім мен сіңлім есейіп, мені іздеп келетін шығар деп үміттенемін. Орталықта бәрі жақсы. Қызметкер апайлар мен ағалар қабағыма қарап, үнемі жанашырлық танытады. Түрлі жарыстарға барып, жүлде алып қайтып жүрмін. Сол жүлдемді орталықтың жұмысына қосып жатқан үлесім деп есептеймін, – дейді Ақбота.
«Бура тістеп, жазым етті»
Орталықтың тағы бір қызмет алушысы, І топ мүгедегі Қыдыралы Шынтілеуов ақсақалға да бөлмесіне барып амандастық. Қазіргі таңда 76 жасқа келген қария Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында өмірге келіпті. Сол «Жамбыл» кеңшарында ұзақ жыл малшы болған. Бірақ, отбасын құрмаған екен. 2001 жылы малды ауылда жүргенде өзінің күніге қойға мініп жүрген бурасынан қатер төніпті. Бура маңдайынан тістегендіктен, бір көзі сол сәтте көрмей қалыпты. Ол туралы Қыдыралы Үсентайұлы өзі айтып берді.
– Тіршілік жасау керек емес пе? Малда жүрдім. Күніге мал бағуға мініп жүрген түйем. Бура болатын. Дегенмен, мамыр айында бураның да күші қайтатын кез. Оны мал шаруашылығында жүрген кісілер жақсы біледі. Содан бір күні азанда бураны малға мінейін деп жанына бардым. Бура әрі қарай қашты. Неге екенін қайдам? Мен қуып бір сағаттай әуре болдым. Сол уақытта бура ашуланып кетті. Сол ашумен жақындап қалған сәтімде маңдайымнан бас салды. Қайта басымды тартып үлгердім. Ол маңдайды тістеп тастады. Қан судай ақты. Сол жердегі малшылар тауып алып, емханаға апарды. Ауруханада ұзақ жаттым. Бір көзім көрмей қалды. Одан жылдар өте келе екінші көзім де көрмей қалды. Ақшаның болмауынан өзім де уақытылы емдете алмадым. Қазір екі көзім көрмейді. Бірақ, таяққа сүйеніп, асханаға, мәжіліс залына, әжетханаға, кітапханаға бара аламын. Кітап, газет оқымасам да оқығандардың әңгімесін естимін. Бұл жерде күтімім жақсы, жақсы қарап жатыр, – дейді қария.
«Aq jol» газетін жақсы көретін Айтбай ақсақал
Орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Қаламқас Тастанова кітапханаға Айтбай Нұрмаханов деген қарияны ертіп келді. 71 жастағы ақсақал ІІ топ мүгедегі. Ол кісі Сарысу ауданы, Саудакент ауылында тұрған екен. Бір ұл, бір қызы бар. Алайда, жұбайымен ажырасқан. Өзі 11 ағайынды. Бауырлары үнемі келіп, жағдайын біліп тұрады. Айтбай ата бұрынырақ та өз аяғымен жүрген. Тіпті, волейбол ойнауға да қатысқан. Қазір қоларбада отырған атамыз газетжурнал, кітап оқығанды жақсы көреді. Орталық кітапханасының тұрақты оқырманы. Ол кісі оқитын басылымдар арасынан өзіміз еңбек ететін «Aq jol» газетін көріп, жадырап қалдық.
«Орталықтың кітапханасында 60180 дана кітап қоры бар. Көпшілігі қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер. 83 тұрақты оқырман арасынан күн сайын 20 кісі газеттердің жаңа нөмірімен танысып, қордағы кітаптарды парақтап тұрады. Белсенді оқырманның бірі Айтбай Игенұлы ақсақал», – дейді кітапханашы Айымкүл Кенжебаева.
Айтбай Нұрмаханов ақсақалды да әңгімеге тарттық.
– Сарысу ауданында туған азаматпын. Ұзақ жыл теміржолшы болып еңбек еттім. Жиырма жылға жуық өмірім болат жолдың бойында өтті. Үйлегенмін, бір ұл, бір қызым болды. Қазір отбасым менен бөлек тұрады. Оның түрлі себептері бар. Ол жағын тереңдеп айтқым келмейді. Бұл орталықта менің көп келетін орным – кітапхана. Кітапхана деген – өмір. Осында газеттердің жаңа нөмірін оқып жаңалықтарды біліп, жаңа көркем кітапқа үңілемін. Көркем шығарма өмір қасіретін де ұмыттырып, адамға айрықша әсер береді. Облыстық «Aq jol» газетін үзбей оқып тұрамын. Бұл газет Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев ағалар басқарған кезден маған таныс. Орталықтың барлық қызметкерлеріне, кітапханашыға алғысымды білдіремін, – дейді қария.
– Орталықта 130 қызметкер бар. Олардың барлығы бірінші кезекте қызмет алушымен жылы сөйлесуді мақсат еткен. Өзім де қызмет алушылардың бөлмесін жиі аралап жүремін. Әр бөлмеге күлімдеп, жылы қабақпен кіреміз. Себебі, мұндағы кісілер адамның қабағына қарайды, өте сезімтал. Біз де материалдық көмектен бөлек, рухани жағынан да жанашырлық танытып, әр қызмет алушыға қолдау көрсетуге тырысамыз. Ол біздің парызымыз, – дейді орталық директоры Мұрат Әзімханұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




