Өткен аптада М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Аралға су келе ме?» «Экомарафон-2» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуі де су мәселесінің оңтайлы шешімін табу болатын. Конференция Арал өңірінің экологиялық ахуалы, су ресурстарын тиімді басқару, климаттың өзгеруі жағдайындағы халықаралық міндеттемелер және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын ғылыми тұрғыда талқылауды мақсат етті. Келелі мәселені қозғаған бұл жиынды облысымыздағы «Халық үміті» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облысы «Тұран Ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі және Ақтөбе облысы «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысы мен М.Х.Дулати университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияны М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы-Ректорының міндетін атқарушы Сейтжан Орынбаев ашып, Арал теңізінің тартылуы климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы және табиғи экожүйелердің бұзылуы секілді күрделі үдерістермен тығыз байланысты екенін айтты.
– Арал мәселесі – тек белгілі бір өңірдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі экологиялық проблема. Оны шешу үшін ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті қажет. Бүгінгі басқосуымызға себеп болған конференция жұмысы үш негізгі тақырып пен бағыт бойынша жүргізіледі. Бірінші бөлімде су ресурстарының стратегиялық маңызы мен геосаяси қырлары талқыланады, – деген Сейтжан Әуе сжанұлы баяндамашыларды таныстырды.
Ғылыми конференцияның алғашқы бөлімінде «Құрмет» орденінің иегері, «Су және ауыл шаруашылығы» саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Қазсу шаруашылығы» РМК Жамбыл филиалы мен Шу Талас бассейндік инспекциясын басқарған Берік Нұралиев өңірдегі су ресурстарын басқару тәжірибесіне тоқталып, трансшекаралық өзендер мәселесінің өзектілігін атап өтті. Қоғам және мемлекет қайраткері Мәди Артығалиев су қауіпсіздігі мен экологияның ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін жеткізіп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын тілге тиек етті. Өзекті тақырыпты талқыға салған жиынның екінші бөлімінде су мәселесіне арналған мазмұнды баяндамалар жасалды. Инженер гидротехник, қоғам белсендісі Әлібек Сабырбаев су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
«Тұран Ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиев Арал теңізінің қазіргі экологиялық жағдайына тоқталып, өңірді қалпына келтіруге бағытталған бастамалар туралы баяндады. «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысының басшысы Жомарт Қартбаев азаматтық қоғамның экологиялық процестерге қатысуы мен қоғамдық бақылаудың рөлін атап өтті. «Халықаралық Аралды құтқару қоры» дирекциясы директорының орынбасары Марат Нарибаев Арал бассейніндегі халықаралық жобалар, БҰҰ резолюциялары және аймақтық бағдарламалар жөнінде мәлімдеме жасады. Балық шаруашылығы саласының маманы, кәсіпкер Мейрамбек Пазылбеков су экожүйесінің балық ресурстарына әсері және жергілікті халықтың әлеуметтікэкономикалық жағдайымен байланысын баса айтты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің магистранттары Ұлжан Қанатбек, Жанбике Каримбаева және 3-курс докторанты Әсел Амантайқызы су тазарту, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу және инновациялық экологиялық технологиялар бойынша ғылыми баяндамалар жасап, өздерінің зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Үшінші бөлімнің тақырыбы фосфогипс мәселесіне арналып, жеке секция ретінде өтті. Онда фосфогипстің экологиялық әсері, оның химиялық құрамы, қайта өңдеу жолдары және өндірісте қолдану мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілер фосфогипсті қауіпсіз кәдеге жарату, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында пайдалану, қоршаған ортаға келтіретін зиянын азайту бағытында баяндамаларын оқыды. Бұл секцияда ұсынылған ғылыми тұжырымдар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді басқаруға бағытталды.
Басқосу қорытындысында Арал өңірін экологиялық инновациялар аймағы ретінде дамыту, су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру және халықаралық конвенциялар аясындағы Қазақстанның міндеттемелерін іске асыруға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық жас ұстаздар жеңімпаз атанды
- 5 ақпан, 2026
Әр халықтың өзіне тән отбасылық тәрбиесі бар
- 2 ақпан, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




