«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік!

Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік!
Автор
Халықтың нақыл сөздерінің бірінде «Бақыттың кілті – білімде» дейді. Расында, өмірде өз жолын табу әркімнің біліміне қарай сәтті болмақ. Ал, отбасылық бақытын да, еңбектегі табысты жолын да білімнен тапқандардың бірі – Қарлығаш Қапарова. Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Рахымжанқызы бала күнінен білімге құштар, сөз өнеріне бейім болып өскен. Мамандық таңдауда да ұстаздарына еліктеген ол бала күнгі арманына қол жеткізіп, мұғалім мамандығын меңгерген. Балаларды оқытып-тәрбиелеу ісінде еңбектене жүріп, өмірлік жарын да осы саладан кездестіріп, бүгінде мұғалімдер отбасына айналып отыр.

Талас ауданының Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепті үздік бітіргеннен соң Қаратау қаласындағы техникумға оқуға түскен. Экономист-бухгалтер мамандығын екі жарым жыл оқып, меңгергенімен бала кездегі арманы – мұғалім болуға асығады. Мектептегі мұғалима апайларының жүріс-тұрысына, сөз саптауына еліктеген бойжеткен «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» болу мақсатын көздеп, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетке келеді. Бәлкім, жаны қалағандықтан болар емтихандар қаншалықты қиын болса да жоғары ұпай жинап, оқуға түседі.

– Бастауыш сыныбымыздағы ұстазымыз Тұрсынкүл апай «Қарлығаштың жазуы маржандай» деп дәптерімді балаларға үлгі етіп, тақтаға іліп қоятын. Кейін тарихтан сабақ берген Забира Молдабекова есімді апайымыз жаңадан келген бойда-ақ өзін ұстауымен, сөйлеу мәнерімен, киім киісімен бізді өзіне тәнті еткен еді. Үнемі Абылай ханның «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» дегенін айтып, «Білімнің заманы келеді, талмай оқи беріңдер, жақсыны үйрене беріңдер» дейтін, сол апайға қатты еліктедім. Забира апайым жиі айтатын Абылай ханның сол сөзін қазір өзім де күнде қолданамын. Содан соң қаладан келген Гүлнар Ізтілеуова есімді мұғаліміміз орыс тілінен сабақ берді. Гүлнар Тұрғыналиқызы қазақшаны да, орысшаны да сондай әдемі сөйлейтіндігімен, жарасымды іс-әрекетімен қызықтырды. Ал ағылшын тілінен оқытқан Мұхтарима Синяева есімді апайымызға қарап бой түзедік. Ол кісінің сұлулығы да, соған лайықты жүру, сөйлеу әдебі де ерекше. Сол әдемілігімен өзіне еліктіргені соншалықты ағылшын алфавитін әндетіп жаттатқанда бірден ұғып алғанбыз, әліге дейін нақышына келтіре барлық әріптерді түгел айтып бере аламын, тіпті Мұхтарима апайдың үні санамда сайрап тұр. Мектеп бітіргеніме 35 жыл өтті, бірақ әлі де ешбірі ұмытылған емес. Міне, сол ұстаздарымның еңбегінің арқасында білімге деген қызығушылығымыз жоғары болды. Тілдік, сөз өнеріне жақын болдым. Мәнерлеп оқу, домбыра үйірмелеріне қатысатынмын. Мәнерлеп оқудан жарыс немесе іс-шаралар болса, мектебімізден мен баратынмын. Аудан орталығындағы үлкен залда, көп халық жиналған жердегі сахнаға шығатын болсам, мектеп директорымыз Ділдәкүл Қабылбекова апайымыз «Залда отырғандардың ішінен мені тауып ал да тек маған қарап тұр, сонда жаттағаныңды ұмытпайсың» деп алдын ала ескертетін, көпшіліктің алдында сөйлеуге алғаш осылай үйренгенмін. Осылай мені қызықтырған мұғалім мамандығына оқуға сырттай бөлімге түсіп, мектепте жұмыс істеуді білім ошағының мұражайынан бастап кеттім. Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы Абай атындағы орта мектебінде мұражай жетекшісі болып арманыма алғашқы қадамымды басқан едім. Кейін мұғалім дипломын алғаннан соң, туған ауылым – Ойықтағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, нағыз қалаған ісіме қол жеткіздім. Содан соң еңбек жолым Қаратау қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте әлеуметтік педагог болумен жалғасты. Ауылымыздың мектебінде информатика пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүрген Бақыт Асановпен тағдырымды қосып, өз отауымызды тіктік. Біз осылай тағдырымызды да, еңбек жолымызды да бір арнаға тоғыстырып, 2012 жылы Тараз қаласына көшіп келдік. Сол жылы Керімбай атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналасқан едім. Міне, сол қызметті атқарып келе жатқаныма 15 жылға жуықтап қалды. Ал жолдасым Бақыт Доғдырханұлы Тараз сервис және технология колледжінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Осы мектептің тәрбие ісіне жауапты қызметке келгенімде сол кездегі директор Гүлжайнат Додабаева мектеп өмірінен газет шығаруды ұсынған еді. Сол жылы мектептің барлық тыныс-тіршілігінен тек осы білім мекемесінің өз басылымын шығаратынмын, – деген Қарлығаш Рахымжанқызы мұғалімдік еңбектен тапқан қуанышын, жетістігін әңгімелеп берді.

Жас ұрпаққа заман талабына сай білім берумен қатар бойына ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында мектепте түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып отырғанын осындағы жұмыстармен танысқанда көз жеткіздік.

– Педагогтің басты мақсаты – балаға білім мен тәрбие беру, соған нәтижелі жету үшін алдымен әр баланың бойындағы жеке-дара қабілетін анықтаймыз. Соған қарай мектеп оқушыларын күнделікті алатын білімімен қоса спорттың, өнердің әр түріне баулитын үйірмелеріміз, секцияларымыз бар. Ондай жұмыстардың нәтижесі – түрлі байқау, жарыстардан топ жарған оқушыларымыздың алып келген жүлделері. Жеткіншектерге отбасылық құндылықты ұғындырып, халықтық тәлім беруді де қатар алып жүреміз. Мысалы, даналық мектебінде әжелер, аналар, әкелер, ағалар, жеңгелер клубтары бар. Әрқайсысына жауапты мұғалімдер бекітілген. Отбасындағы әрбір жасы үлкеннің орны да, атқарар ролі де бөлек екенін және соларды мектепте де жүргізу үшін жауапты мұғалімдер балаларға қызықты форматта ата-аналар мен аға-жеңгелерді қатыстыра отырып, ұйымдастырады. Тәрбие жұмысының 6 әлеуметтік жобасымен де көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, «Қамқор» құндылықтарды дәріптеуге, «Еңбегі адал жас өрен» түрлі мамандықтарға қызығушылықты арттыру және еңбекқорлыққа тәрбиелеуге, «Smart bala» инновациялық конкурстар арқылы жаңа техникалардың игілігін пайдалануға, «Шабыт» шығармашылық қабілетті ашуға, «Ұшқыр ой алаңы» тілдік дағдыларды дамытып, алуан тақырыптарды талқылауда өз ойын ашық та дәлелді жеткізуге, «Балалар кітапханасы» кітап оқуға қызығушылықты оятып, білімді арттыруға бағытталған. Мәселен, «Қамқор» жобасымен оқу жылы басталған алғашқы айда «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында «Эко-қыркүйек» экологиялық челленджі ұйымдастырылды. Бұл бастама табиғатты аялауға, жас ұрпақты экологиялық мәдениетке баулуға бағытталды. Бұл шара оқушылардың бойында табиғатқа деген жауапкершілік пен жанашырлықты қалыптастырып, тазалық тәртіптің көрінісі екенін көрсетті. Ал 1 қазан «Қарттар күніне» орай аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, мерекелік көңілкүй сыйлау, оларға қамқорлық таныту арқылы үлкенге деген ізеттілікті насихаттау мақсатында «Қарттар – асыл қазына» атты қайырымдылық концерт өткізілді. Қазіргі қоғамда аға буын өкілдеріне деген құрмет пен қамқорлықты көрсету – басты моральдық борыштардың бірі. Осындай шаралар жастардың рухани дамуына, үлкенге құрмет көрсету мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізеді. Оған мектебіміздің Жас Ұлан балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенді мүшелері қатысты, – деген Қарлығаш Қапарова мектепте атқарылып жатқан тәрбиелік жұмыстарын көрсетті.

«Қамқор» жобасы аясында «Ерікті болу – елінің ертеңіне жауапты болу» акциясын ұйымдастырып, мектептің еріктілері «Ұстаздар күні» мен «Қарттар күнініне» орай «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбында қайырымдылық ісшарасын өткізіпті. №12 мектеп-гимназиясының ардагер ұстаздарын еріктілер мен сынып жетекшілері құттықтап, сый-сияпат жасап, батасын алған. «Еңбегі адал жас өркен» жобасымен 4-10 сынып оқушылары өз қолымен жасалған өнімдерін жәрмеңкеде ұсынып, «Күзгі асар» жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Ал «SMARTBALA» жобасы аясында 7-8 білім алушылары арасында «Startup bolashak – менің арманым» тақырыбында байқау өткізілген. Онда жеткіншектер өзі армандаған мамандығына лайықты қабілеттерін өз жұмыстарымен көрсетіп, өзара бақ сынасқан. «Шабыт» жобасы аясында «Ұстаздар» күніне орай – «Даналық ұстаздан» челленджі ұйымдастырылып, ұстаздарға құрмет көрсету, шығармашылық қабілетті дамыту мақсатында оқушылар құттықтау бейнероликтерін дайындаған.

Сонымен қатар оқушылардың тіл байлығын, шешендік қабілетін дамыту мақсатында «Ақындар айтысы» өткізілген. «Ұшқыр ой алаңы» жобасымен оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттыру, физикаға деген ынтасын ояту және сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатымен физика пәнінен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылған. Оқушылар қызықты сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды шешіп, өз ой ұшқырлығын, жылдамдығын және білім деңгейін көрсетіпті. Әлеуметтік жобаның алтыншысы – «Балалар кітапханасы» бойынша күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыс: 1 кітап – 1 кейіпкер – 1 ой» челленджі өткізілген. Бұл челлендж оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуге, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және әдеби талғамын қалыптастыруға бағытталған.

Күзгі демалыс күндерінде оқушылар өздеріне ұнаған шығармаларды оқып, демалыстан кейін өткен іс-шара барысында оқыған кітаптары туралы әңгімелеп, бір-бірімен пікіралмасыпты. Сондайақ өткен жылы жазушы Мұхтар Мағауиннің 85 жас мерейтойына орай өткізілген «Мұхтар – қазақ әдебиетінің тарланы» атты портреттік кешке Керімбай атындағы мектеп-гимназияның 5-9 сынып оқушылары қатысып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет алған. Өткен жылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауында осы мектеп-гимназияның 5-сынып оушысы Рамазан Джексенби «Үздік оқырман» номинациясын жеңіп алған. Бүгінде екі мың оқушы білім нәрімен сусындап жүрген Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясындағы барлық тәрбие жұмыстарының нәтижелі өтуіне ұйытқы болып отырған Қарлығаш Қапарова алдағы уақытқа жоспарлған жұмыстарымен де бөлісті.

Ұстаздың айтуынша, қазіргі балалардың ойлау қабілеті ұшқыр болғандықтан оларды кезкелген дүниемен қызықтыру мүмкін емес. Тәрбиелік мәні зор іс-шараларға барлық оқушыларды тарту үшін жаңаша форматты әрі заманауи техникаларды қолдануға тура келеді. Ал, бұл көп ізденісті қажет етеді. Мектептің педагогтер ұжымының басты мақсаты – оқушыларды жан-жақты білімді, өнерлі, еңбекке қабілетті әрі тәрбиелі тұлға етіп шығару. Осы жолда талмай еңбектеніп жүрген мұғалімдерге тек сәттілік тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар