«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дамудың жарқын қадамы айқындалды

Дамудың жарқын қадамы айқындалды
Автор
Қоғамда болып жатқан өзгерістерде халықтың пікірі ерекше маңызды. Жаңа Конституциялық жоба елімізде қолға алынған саяси реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігінен туындағаны белгілі. Сондықтан да бұл үдеріс нақты айқындалған мақсаттарға негізделіп отыр. Қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қабылданып жатқан өзгерістердің мәні мен мазмұнын азаматтарға лайықты деңгейде түсіндірудің ықпалы ерекше. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Жамбыл ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Облыс басшысы өз сөзінде конституциялық реформаларды әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобының қызметіне тоқталып, жаңа Ата Заңның жобасы азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелі түрде талдау және ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижесінде дайындалғанына көпшіліктің назарын аударды. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылғанын атап өтті.

– Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйе сінің зайырлы сипаты айқындалады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Басқосу барысында аудандық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, зиялы қауым өкілдері ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдайтынын айтып, бастамалар елдің саяси жаңғыруына оң ықпал ететінін сөз етті.

– Құжатта қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай келетін бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгені аңғарылады. Мұндай реформаның елдің тұрақты дамуы мен саяси жүйенің тиімділігін арттыруда маңызы айрықша. Сондықтан біз жаңа Конституция жобасын қолдаймыз, – деді ардагер. Қарасу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманалы Құрбанов та елдегі саяси реформа жайлы білгенін ауылдастарымен бөлісіп жүргенін айтты.

– Біздің мемлекетіміз дамыған елдерге қарағанда өте жас мемлекет. Тәуелсіз еліміздің небәрі 35 жылдық қана тарихы бар. Мемлекетіміздің дамуы барысында мұндай өзгерістердің болуы заңды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа Конституция жобасы туралы мәліметтерге кеңінен қанықтық. Оның негізгі бағыттарымен де мұқият танысып шықтық. Бұл жайлы ақпараттарды күнделікті жаңалықтардан үзбей көріп отырмыз. Дегенмен жаңа Конституция жобасына қатысты ауыл адамдары арасында қандайда бір сұрақтардың туындайтыны заңды. Ауылдық жерде арнайы жиын өткізілмесе де ел жиналған жерде Конституция жобасы әңгіме өзегіне айнала қалса, бұл жайлы тұрғындарға барынша ұғынықты түрде түсіндіріп жатырмыз, – деді ол.

Конституциялық реформалардың мәні мен маңызы сөз болған жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Облыс әкімі әрбір азаматтың ой-пікірі мен таңдауы еліміздің саяси дамуына тікелей әсер ететініне ерекше тоқталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар