«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еліміз ЖИ дәуіріне нық қадам басты

Еліміз ЖИ дәуіріне нық қадам басты
Автор
Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы стартаптардың экожүйесі соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Бүгінде ел аумағында 100-ден астам ЖИ-стартап жұмыс істейді. Ал 2023-2025 жылдар аралығында бұл салаға салынған венчурлық инвестициялар көлемі бес еседен астам өсіп, шамамен 14 миллион АҚШ долларынан 73 миллион долларға жеткен. Соның нәтижесінде Қазақстандағы барлық венчурлық инвестициялардың жартысынан астамы жасанды интеллект секторына тиесілі болып отыр.

Бұл деректер еліміздегі ЖИ нарығына арналған алғашқы кешенді зерттеу – Kazakhstan AI Country Report есебінде ұсынылды. Есепте мемлекеттік стратегия, цифрлық және есептеу инфрақұрылымы, адами капиталды дамыту, стартаптар мен венчурлық инвестициялар, сондай-ақ жасанды интеллектіні түрлі салаларға енгізудің практикалық кейстері жанжақты қамтылған. Есептің ресми таныстырылымы Астанадағы Astana Hub Event Hall алаңында өтті.

Зерттеуді RISER esearch аналитикалық агенттігі Mastercard және Freedom Bank компанияларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және GITEX AI Central Asia & Caucasus қолдауымен әзірлеген. Талдау 30-дан астам салалық сарапшылармен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттарға, халықаралық бенчмарктерге, 100-ден астам отандық ЖИ-стартаптың бизнесмодельдеріне және технологияларды енгізудің 10 нақты кейсіне негізделген. Есепке сәйкес, Қазақстан цифрландыру кезеңінен жасанды интеллектіні кең ауқымда енгізу кезеңіне өтіп отыр.

Жасанды интеллект елдің экономикалық өсімінің және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторына айналуда. Сарапшылардың бағалауынша, ЖИ технологияларын енгізу орта мерзімді кезеңде жұмыс орындарының жартысынан астамында өнімділікті арттырып, елдің жалпы ішкі өнімінің жыл сайын қосымша 0,5-2 пайызға өсуіне ықпал ете алады. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, елімізде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кешенді әрі институционалдық тұрғыда бекітілген стратегия іске асырылуда.

Бұл бағытта арнайы заң қабылдау, Ұлттық AI-платформаны құру, тәуелсіз есептеу инфрақұрылымын дамыту, қазақ тіліндегі ірі тілдік модельдерді қолдау, Alem.ai халықаралық AIорталығын іске қосу және адами капиталды дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар жүзеге асуда. Оның сөзінше, 2025 жылдың өзінде жасанды интеллект дағдыларына шамамен 1 миллион адам оқытылған, ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Зерттеу нәтижелері қазақстандық ЖИ-стартаптардың басым бөлігі қолданба лы B2B-шешімдерге бағытталғанын көрсетеді. Олар ішкі нарықпен қатар халықаралық алаңдарда да белсенді жұмыс істеуде. Стартаптардың ең жоғары шоғырлануы Enterprise AI, бизнеспроце стерді автоматт андыру, Индустрия 4.0, MarTech, EdTech және MedTech салаларында байқалады. Өткен жыл Қазақстанның ЖИэкожүйесі үшін бетбұрыс кезеңге айналды.

Осы жылы еліміздегі алғашқы «юникорн» – нарықтық бағалауы 1 миллиард АҚШ долларынан асатын Higgsfield AI компаниясы пайда болды. Сонымен қатар Bridge және Series A кезеңдерінде Қазақстан үшін рекордтық инвестициялық мәмілелер тіркеліп, отандық кәсіпкерлердің халықаралық капиталды тарту әлеуеті дәлелденді.

Mastercard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов жасанды интеллектіні экономикалық трансформацияның негізгі драйверлерінің бірі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, ЖИ бизнестің өнімділігін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін нақты құралға айналып отыр. Ес епте жас анды интеллект экожүйесінің негізгі тіректері – есептеу инфрақұрылымы мен адами капитал – жеке талданған. Alem. Cloud және «Қазақтелеком» іске қосқан AI-Farabium кластерлерінің арқасында есептеу қуаттарының тапшылығы негізгі шектеу болудан қалған.

Қазіргі таңда елде H100/H200 деңгейіндегі шамамен 2 мың GPU пайдаланылып, жалпы қуаты 3,6 экзафлопсты құрайды. Жасанды интеллектіні енгізу қарқыны жоғары салалар қатарында қаржы секторы, телекоммуникациялар, электрондық мемлекеттік қызметтер, бөлшек сауда және IT бар. Сонымен бірге мемлекет бұл технологияларды өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, энергетика, білім беру және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік және экономикалық маңызы жоғары салаларда кеңінен енгізуді стратегиялық басымдық ретінде қарастырып отыр.

Зерттеу арқылы артықшылықтармен қатар бірқатар құрылымдық шектеулерді де анықтады. Атап айтқанда, сапалы салалық деректердің тапшылығы, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздік, ҒЗТКЖ қаржыландыруының төмендігі, тәжірибелі мамандар мен кейінгі кезеңдегі венчурлық капиталдың жетіспеушілігі сала дамуына кедергі келтіруде. RISE Research басқарушы серіктесі Әсел Абдрахманованың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллект стартаптар деңгейінен шығып, мемлекеттік саясат пен корпоративтік үдерістердің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Бұл – нарықтың жетіліп, экожүйенің қалыптасқанын білдіретін маңызды белгі. Kazakhstan AI Country Report есебі инвесторлар, бизнес пен мемлекет үшін жасанды интеллектіні дамытудың ұзақ мерзімді бағытын айқындайтын маңызды құжатқа айналып отыр. Есептің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі толық нұсқалары rise.com. kz сайтында қолжетімді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар