Естеріңізде болса, өткен аптада Жамбыл ауданындағы Әзімбек Исмаилұлы атындағы орта мектепте салтанатты түрде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» сыныбы ашылған еді. Ал бірер күн бұрын облыс орталығында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында әскери-патриоттық тәрбие беретін дәл осындай сыныптың тұсауы кесілді. Өңірлік полиция департаменті мен аталған мектеп әкімшілігінің ұйытқы болуымен іске қосылған «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсіміне құқық қорғау саласының өкілдері, атааналар, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты.
Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталған шара барысында жеткіншіктер сайдың серке тасындай қатар тізілді. Бұдан кейін әскерипатриоттық сыныбының әрбір мүшесі салтанатты түрде ант қабылдады. Атап өтерлігі, бұл сыныптың құрамына 20 оқушы қабылданған. Облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ғалымжан Оразбековтің сөзінше, қазіргі таңда өңір көлемінде жиырмадан астам «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбы ашылып, жас ұрпақты құқық қорғау қызметіне баулуда жүйелі жұмыс жүргізілуде.
– Бұл сыныптың ашылуы Ішкі істер министрлігінің №680 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда. «Жас сақшы» сыныбының оқушылары сапалы білім алып қана қоймай, өздерінің құқықтық мәдениеттерін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Олар мұнда құқықтық тәртіпті нығайтып, мектеп қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, кіші қылмыстардың алдын алу шараларын жүргізеді. Сабақ уақыты аптаның әр бейсенбі күніне жоспарланған. Сабақ теориялық және практикалық бағытта өрбиді. Практикалық сабақтарға облыстық департамент қызметкерлері де атсалысады. Оқушылар жан-жақты шараларға қатысып, кинологтармен де тығыз байланыс орнатады әрі олардан тәжірибе жинайды. Сабақ барысында үздік атанып, өзін жақсы қырынан көрсете білген оқушылар Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына грантқа түсу конкурсына қатыса алады. Жеңімпаздар конкурс аясында анықталады. Болашақ полиция қызметкері боламын деген балаларға біз осылай қолдау көрсетеміз, – дейді Ғалымжан Русланұлы.
Мұнан соң Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов пен гимназия директоры Айнұр Егетайқызы құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманы жүзеге асырған азаматтарға шынайы ризашылықтарын айтты. Олар өз сөздерінде жас сақшыларға білім мен тәртіпті қатар ұстанып, елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуларына тілектестіктерін білдірді.
Айта кетейік, нақ осы іс-шараның негізгі мақсаты – жас өрендердің бойына патриоттық рух дарыту, оларды Отанға адал қызмет ету жолына бағыттау, темірдей тәртіп пен жігерлілікке тәрбиелеу. Бастысы, еселі еңбек зая кетпеуі тиіс. Өйткені «Жас сақшы» сыныбын ашу үшін көптеген азаматтар тер төккен. Шара барысында аталған сыныптың ашылуына белсене атсалысып, кейінгілерге үлгі көрсеткен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Жиын соңында мектеп оқушылары «Батыр бабам Бауыржан» әнін нақышына келтіре орындап, қазақ халықының әйгілі композиторлардың күйлерін тамылжыта тартты.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
500-ден астам ауыл цифрлық кеңістікке қосылды
- 4 ақпан, 2026
Еліміз ЖИ дәуіріне нық қадам басты
- 4 ақпан, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




