Осы бағытта жұмыс істеп жатқан Конституциялық комиссияның рөлі ерекше. Оның қызметі тек заңдарды өзгерту немесе толықтырумен шектелмейді. Бұл – елдің тұрақтылығын күшейтіп, халық пен билік арасындағы сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам. Халықтың пікірін ескеріп, елмен бірге жүзеге асырылып жатқан бұл өзгерістер Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түседі.
Мемлекетіміздегі саяси маңызды өзгеріс – болашақ Парламенттің «Құрылтай» деп аталуы. Бұл тек атаудың өзгешелігі емес, жаңа өкілеттік пен жауапкершіліктің символы. Жұмыс тобының ұсынысы бойынша Құрылтайда 145 депутат қызмет етеді, олардың өкілеттігі бес жылға берілмек. Заң жобалары үш оқылымда қарастырылып, партиялық пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Мұның бәрі заң шығару үдерісінің тиімді, ашық әрі жүйелі болуына мүмкіндік береді, саяси институттардың рөлін күшейтеді және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар қазіргі Мәжіліс талаптарына сай сақталып қалып отыр. Бірақ қосымша конституциялық нормалар арқылы олардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі арттырылады. Бұл азаматтар алдындағы есептілікті күшейтіп, кәсіби әрі тиімді Парламент қалыптастыруға жағдай жасайды. Құрылтайдың бір палаталы Парламент ретінде заң шығару процесінде басты рөл атқаруы билік тармақтары арасындағы тепетеңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Осы ретте айта кетерлігі, Конституциялық комиссия қосымша бюджеттік шығындарға жол бермеу мәселесін ерекше ескерді. Бұл – билікті кеңейтуге емес, тиімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам әрі қоғамға берілген нақты ишара. Яғни, «билік үшін билікті көбейту» ұстанымынан саналы түрде бас тартылды. Егер депутаттар саны еуропалық стандарттармен есептелсе, Құрылтай құрамында 500-600 адам болуы мүмкін еді.
Алайда Қазақстанда бір депутатқа 140 мың адамнан келетін формула қолданылып, болашақ Парламент Еуропамен салыстырғанда шамамен бес есе ықшам етіп ұсынылды. Комиссия мобильді әрі ықшам Парламент моделін таңдады. Мұндай құрылым шешім қабылдауды жеделдетіп, жауапкершілікті күшейтіп, қоғамға да анағұрлым түсінікті бола түседі. Сонымен қатар Вице-Президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқаруды тұрақтандырып, Президенттің халықаралық өкілдігін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Халық Кеңесі Конституция деңгейінде бекітіліп, қоғамдық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлікті сақтау және мемлекет қызметінің қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жоғары консультативтік орган ретінде жұмыс істейді. Тағы бір тілге тиек ете кетерлік жайт, Халық Кеңесі – қайталаушы емес, тепе-теңдікті қамтамасыз ететін институт. Ол Парламенттің баламасы да, бәсекелесі де емес, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган ретінде қарастырылады.
Кеңестің өкілеттігі конституциялық заңмен нақты айқындалып, оның тағы бір Парламентке айналуына жол берілмейді. Халық Кеңесінің басты міндеті – қоғамның талап-тілегін жинақтап, ішкі саясат, қоғамдық келісім, ұлттық бірлік пен құндылықтар мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу. Сонымен қатар оған Құрылтайға заң жобаларын ұсыну және республикалық референдум бастамасын көтеру құқығы беріледі. Осылайша, Құрылтай шешім қабылдап, саяси жауапкершілік арқаласа, Халық Кеңесі қоғамдық сұраныс пен күн тәртібін қалыптастырады. Бұл екі институттың нақты ажыратылған рөлі жаңа Конституцияның сәндік емес, шынайы жұмыс істейтін тетігіне айналуына мүмкіндік береді.
Реформа аясында Конституцияның преамбуласын жаңартуда қарастырылуда. Бұл тек редакциялық түзету емес, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам. Қазақстанның біртұтас ұлт ретінде танылуы, мемлекеттің унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен шекаралардың мызғымастығы нақты көрсетіледі. «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты Конституцияда бекітіліп, мемлекеттің жаңа философиясын айқындайды. Мәдениет, білім, ғылым, инновация, табиғатты қорғау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік Конституцияға енгізілуі арқылы еліміз құқықтық қана емес, өркениеттік мемлекет ретінде танылады. Болашақ Құрылтай заң шығару үдерісін жетілдірумен қатар, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауда шешуші рөл атқарады. Парламенттің рөлі күшейіп, атқарушы билік пен сот билігі арасындағы үйлестіру айқындалады. Мұның бәрі «Күшті Президент – Ықпалды
Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Осылайша, Конституциялық реформа еліміздің саяси жүйесін жаңартуға, заң үстемдігін нығайтуға, билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға бағытталмақ. Яғни, жоғарыда атап өткен өзгерістердің барлығы елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың айқын кепілі. Бұл реформа тек заңдық өзгеріс қана емес, сонымен қатар Қазақстанның дамуының жаңа бағытын айқындайтын тарихи мүмкіндік.
Қорыта айтқанда, бүгінгі Конституциялық реформа – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын тарихи бетбұрыс. Бұл өзгерістер тек құқықтық нормаларды жаңарту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, халықтың ел басқару ісіне белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам. Ел тұрғындарының бұл реформадан үлкен үміт күтуі де сондықтан. Жаңартылған Конституцияға 77 бапқа түзету енгізіліп, бұл Ата Заң мәтінінің 84 пайызын қамтып отыр. Құжатты әзірлеу барысында азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, қоғамның ортақ пікірі басты назарға алынды. Соның нәтижесінде Конституция Преамбуладан, 11 бөлімнен және 104 баптан тұратын, заман талабына сай жаңарған маңызды құқықтық негізге айналды.
Сонымен қатар «Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлімнің енгізілуі, сондай-ақ төрт бөлім атауының өзгертілуі – халық үніне құлақ асатын, әділетті әрі жауапты мемлекет қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар. Бұл бастамалар ел болашағына деген сенімді арттырып, Қазақстанның демократиялық даму жолын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ
Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Көшербаев Ердоғанның қабылдауында болды
- 3 ақпан, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




