«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тіл саясатын жүргізу – белгілі тұжырымдамаға негізделген»

«Тіл саясатын жүргізу – белгілі тұжырымдамаға негізделген»
Автор
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің, ұлттық бірегейлігіміздің және қоғамдағы этносаралық келісімнің басты негізі. Осыған орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма тарапынан тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында тіл үйрену мүмкіндіктерін ұсыну, мемлекеттік тілге қатысты ынталандыру іс-шараларын үйлестіру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Аталмыш басқармаға қарасты Тілдерді дамыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембековтен аймақтағы тіл саясатының жай-күйін сұраған едік.

– Қуаныш Дәурембекұлы, өткен жылы тіл оқыту курсына қатысуға қанша азамат өтініш білдірді?

– Өткен жылы тіл оқыту курстарынан 4671 адам тегін өтсе, оның ішінде қазақ тілі курсына 4135 тыңдаушы (86 пайызы өзге этнос өкілдері), ағылшын тілі курсына 536 адам тартылды. Атап өтерлігі, елімізде азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау – «Қазтест» жүйесі арқылы анықталады. Тұжырымдамадағы нысаналы индикаторда «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді «В1» деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ұйымдар қызметкерлерінің, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтер қызметкерлерінің үлесін 2025 жылы 39 пайызға жеткізу көзделген. Яғни, өткен жылы облыс бойынша 1338 адам диагностикалық тестілеуден өтіп, нысаналы индикатор өңірде 73,6 пайызға орындалды.

– Қазақ тілін үйретуде онлайн жобалар да белсенді қолданылды ма?

– Әрине қазақ тілін күнделікті өмірде қолданысқа енгізу мақсатында «YouTube» каналында «Қазақша тіл үйренейік!», «Easy қазақша» бейнесабақтары жарияланады. Әлеуметтік желілерде «Сауаттылық Time», «Тыңдаушы пікірі», «Сабақтан бір сәт» айдарлары тұрақты жүргізіліп, этностардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы артты. Қазақ тілін жеңіл әрі қызықты тәсілдермен үйрету арқылы тілдік орта қалыптастыру және қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған «Қазақша оңай» әлеуметтік жобасы Қордай, Меркі және Шу аудандарында ұйымдастырылды. Жобаның ерекшелігі – еркін форматта, ашық алаңда өтуінде. Нәтижесінде, тіл үйренушілер тікелей тілдік ортаға еніп, интерактивті тапсырмалар, ойындар мен жаттығулар арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік алды. Бұл жобаның басты жетістігі – ауыл тұрғындары арасында тікелей тілдік қатынас орнатуға жағдай жасалды. Алдағы уақытта «Қазақша оңай» жобасын облыстың өзге де ауылдарында жалғастыру жоспарланып отыр.

– Қысқа мерзімді курстар мен әдістемелік құралдардың тиімді жүзеге асырылуы туралы айтсаңыз.

– Бүгінде қазақ тілін оқытудың ортақ әдістемесін бір жүйеге келтіру мақсатында «Дін саласына арналған» (қазақ тілін дін саласы қызметкерлеріне қысқа мерзімде меңгертуге арналған оқу курсы, сағат саны – 50), «Тілашар» (мемлекеттік тілді жеңілдетіп үйрету үшін қысқамерзімді оқу курсы, сағат саны – 30), «Әскери сала» (қазақ тілін әскери сала қызметкерлеріне қысқа мерзімде орта деңгейде (В1) меңгертуге арналған оқу курсы, сағат саны – 50), қысқа мерзімді бағдарламалар әзірленіп, оқу процесінде пайдаланылуда. Нәтижесінде «Қазақ тілі: Әскери сала қызметкерлеріне арналған оқу құралы» Тіл саясаты комитетінің сараптамасынан өтіп, республикалық деңгейде жарияланып, өзге өңірлерге таратылды. Сонымен қатар өткен жылы шілдеден бастап веб-нұсқада тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қадағалау мақсатында «Face ID» – бет-әлпетті сканерлеу арқылы пайдаланушыны сәйкестендіру жүйесі іске қосылды. Бұл арқылы бақылау үдерісі автоматтандырылып, оқу процесінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Жүйе іске қосылғанға дейін белгіленген индикаторлық көрсеткіштің (4135 адам) 2246-сы курстан өткен. Жалпы, жүйеге 1677 тыңдаушы тіркеліп, 569 тіл үйренуші белгілі себептермен тіркелмеді.

– Келесі жылға жоспарларыңыз қалай?

– Мемлекеттік тілді оқытудың биылғы жылға арналған Жол картасы 4273 адам болып бекітілді. Қазірдің өзінде тіл оқыту курстарынан 1093 адам өтсе, оның ішінде қазақ тілі курсына 958 тыңдаушы (88 пайыз өзге этнос өкілдері), ағылшын тілі курсына 135 адам тартылды. Сондай-ақ тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырамдамасын жүзеге асыру мақсатында бірнеше маңызды іс-шаралар жоспарлануда. Атап айтатын болсақ, қазақтың маңдайына біткен алып тұлға, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы дала абызы» атты поэзия марафоны, яғни жыр оқу сайысы ұйымдастырылады. Бұл ісшара Жамбыл ақынның шығармашылығын насихаттап, жас ұрпақты әдебиетке тартуға бағытталған. Мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау бойынша оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық байқау, этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау, «Қазақша тіл үйренейік!» атты жобасы аясында «А2» базалық деңгейінде қазақ тілін меңгертуге арналған 20 бейнесабақ «YouTube» каналында жарияланады. Сондай-ақ Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – достықтың дәнекері» атты тіл фестивалі ұйымдастырылып, «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» тақырыбында республикалық семинар өткізіледі. Бұл іс-шаралар тіл мәдениетін дамытуға, этнос өкілдерін қазақ тілін үйренуге ынталандыруға және жаңа технологияларды қолдануды насихаттауға бағытталған. Мемлекеттік тілді меңгерту және оның этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар