Дербес деректерді қорғау – цифрлық дәуірдегі басты жауапкершілік
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 18:55
- 79
Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғау цифрлық даму мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Мемлекет азаматтардың жеке деректерінің құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл – цифрлық ортада сенімді әрі қауіпсіз экожүйе қалыптастырудың маңызды шарты. Соңғы жылдары дербес деректерді қорғау саласындағы нормативтік құқықтық база айтарлықтай жаңартылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына автоматтандырылған өңдеу мәселелерін реттейтін, сондай-ақ дербес деректер субъектілерінің келісімін беру және оны қайтарып алу тәртібін нақтылайтын өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтар азаматтардың өз деректерін бақылау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің қабылдануы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Аталған кодекс цифрлық қатынастарды реттеудің бірыңғай қағидаттарын бекітіп, деректердің, оның ішінде дербес және иесіздендірілген деректердің құқықтық мәртебесін айқындайды. Сонымен қатар деректердің айналымы, қорғалуы және пайдаланылуы бойынша жүйелі әрі кешенді тәсіл қалыптастыруды көздейді. Дербес деректердің қорғалуын күшейту мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда оларды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидалары жаңартылды. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің жүз мыңнан астам жазбасын өңдейтін операторлар үшін пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау бойынша қосымша талаптар белгіленді.
Атап айтқанда, биометриялық аутентификацияны қолдану мүмкіндігі енгізілді. Бұл шаралар рұқсатсыз қол жеткізу мен деректердің заңсыз таралу тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Дербес деректерді өңдеу саласындағы ашықтықты арттыру мақсатында eGov mobile платформасында дербес деректерге қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік сервисі жұмыс істейді. Аталған сервис азаматтарға мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі өз деректеріне қол жеткізуге келісім беру немесе оны қайтарып алу мүмкіндігін ұсынады. Қазіргі таңда бұл сервис ай сайын қырық миллионнан астам сұрауды өңдеп, халық тарапынан кеңінен пайдаланылуда. Сонымен қатар дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл мөлшері отыздан бастап екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, ұйым басшыларының жеке жауапкершілігі заңнамалық тұрғыда бекітілді.
Бұл салада тұрақты мемлекеттік бақылау жүзеге асырылып келеді. Цифрлық ортада қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттің немесе ұйымдардың ғана емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн. Азаматтарға дербес деректерін ұсыну кезінде мұқият болу, қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік құралдарын пайдалану, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздіктің базалық талаптарын сақтау ұсынылады.
Қорытындылай келе, дербес деректерді қорғау – мемлекет, бизнес және қоғам үшін ортақ міндет. Заңнаманы жүйелі түрде дамыту, заманауи технологияларды қолдану және белгіленген талаптарды қатаң сақтау Қазақстан Республикасының цифрлық кеңістігінде сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып қала береді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Оқушының инклюзивті жобасы ерекше жүйеге негізделген
- Бүгін, 18:40
Жасы үлкенді құрметтеу – тәрбиеден
- Бүгін, 18:35
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




