«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқушының инклюзивті жобасы ерекше жүйеге негізделген

Оқушының инклюзивті жобасы ерекше жүйеге негізделген
Автор
Қазіргі заман адамзат тарихындағы ең жылдам өзгерістер кезеңі ретінде сипатталады. Технология күн сайын жаңарып, қоғамның өмір сүру салтына, ойлау жүйесіне және әлеуметтік қатынастарына тікелей ықпал етуде. Осындай жағдайда жасанды интеллект тек техникалық жетістік қана емес, елдердің даму бағытын айқындайтын стратегиялық факторға айналды. Мемлекеттердің болашағы енді зауыттар мен шикізат көлемімен емес, адам капиталының сапасымен, білім мен инновацияны тиімді қолдану қабілетімен өлшенеді.

Қазақстан бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Керісінше, соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, инновациялық экожүйе қалыптастыру мәселелері мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының қатарына енгізілді. Президент өз Жолдауларында «технология дамуы адамнан алшақтамауы керек, ол ең алдымен адамның өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс» деген ұстанымды үнемі алға тартады.

2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау – осы стратегиялық көзқарастың нақты көрінісі. Бұл шешім жасанды интеллектіні жекелеген салаға ғана емес, қоғамның барлық бағытына – білім беру, медицина, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік басқару және инклюзия салаларына кеңінен енгізуді көздейді. Мұндай жағдайда ЖИ тек тиімділік құралы емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін тетікке айналуы тиіс. Дәл осы тұста Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Тәжіхан Мәди бастаған ÚMIT жобасының маңызы ерекше айқындалады. Бұл жоба Президент Жолдауында айтылған қағидаттардың қағаз жүзінде емес, нақты өмірде жүзеге асқанын көрсететін айқын мысал. ÚMIT – жасанды интеллектке негізделген инклюзивті жүйе. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық құрылғыларды және электрлік мүгедектер арбасын бас пен ауыз қимылдары арқылы өздігінен басқаруға мүмкіндік береді. Бұл – бір қарағанда техникалы  шешім сияқты көрінгенімен, шын мәнінде адамның өмірге деген сенімін, тәуелсіздігін және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуін қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор бастама.

Президент Жолдауында инклюзивті қоғам құру мәселесіне ерекше назар аударылған. Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау тек жәрдемақы мен инфрақұрылыммен шектелмеуі керектігін, ең бастыс – адамның әлеуетін ашуға жағдай жасау қажеттігін атап өткен. ÚMIT жобасы дәл осы идеяны басшылыққа алады. Жоба мүмкіндігі шектеулі адамды көмекке мұқтаж жан ретінде емес, өздігінен әрекет ете алатын тұлға ретінде қарастырады.

Жобаның дүниеге келу тарихы да оның адами сипатын айқын көрсетеді. Тәжіхан Мади мен оның командасы балалар үйінде волонтерлік қызмет атқара жүріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын көзбен көрген. Олар үшін бір затқа қол жеткізу, компьютерді пайдалану немесе еркін қозғалу – үлкен сынақ. – Балалар үйінде жүргенде бір баланың жоғары сөреден кітап алып беруімізді сұрағаны есімде. Сол сәтте мен бұл тек бір кітап емес екенін түсіндім. Бұл – адамның өздігінен әрекет ете алмауы, өз өміріне өзі ие бола алмауы еді. Біз сол сәтте технология арқылы осы шектеулерді жоюға болатынын ұқтық, – дейді Тәжіхан Мади.

Президент Жолдауында волонтерлік қозғалыстың маңыздылығы, жастардың әлеуметтік жауапкершілігі туралы да кеңінен айтылады. ÚMIT – сол азаматтық ұстанымның нақты нәтижесі. Бұл жоба жасанды интеллект пен жанашырлықтың, білім мен адамгершіліктің түйіскен нүктесі деуге болады. Жобаның техникалық негізі – ауыз қуысына бекітілетін капа. Ол тіс қорғанышына ұқсас, жеңіл әрі күнделікті қолдануға ыңғайлы. Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы смартфон, ноутбук, планшет, теледидар сияқты құрылғылармен байланысады. Бас қимылдары экрандағы курсорды басқарса, тіл қозғалысы батырмаларды басу және таңдау жасау қызметін атқарады.

Жүйенің тағы бір маңызды мүмкіндігі – электрлік мүгедектер арбасын басқару. Басты алға еңкейту – алға қозғалу, оңға немесе солға бұру – бағытты өзгерту қызметін атқарады. Бұл басқару тәсілі адамның табиғи рефлекстеріне негізделгендіктен, пайдаланушыға психологиялық тұрғыда да қолайлы. Жасанды интеллект бұл жүйеде пайдаланушыға бейімделетін «ақылды серік» қызметін атқарады. Ол адамның қимылдарын үйреніп, басқару дәлдігін арттырады, қателерді түзетеді және әрекеттерді оңтайландырады. Бұл – Президент Жолдауында айтылған «адами капиталды дамыту үшін технологияны пайдалану» қағидасының айқын көрінісі.

ÚMIT жобасының тағы бір маңызды қыры – оның қолжетімділігі. Әлемде мұндай технологиялардың көпшілігі қымбат немесе медициналық араласуды қажет етеді. Ал ÚMIT қауіпсіз, салыстырмалы түрде арзан әрі кең ауқымды пайдалануға бейімделген. Бұл – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің маңызды алғышарты. Жобаның халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстандағы жасанды интеллект саясатының нәтижелі екенін көрсетеді. ÚMIT Digital Bridge форумы аясында өткен AI SANA GENERATIVE NATION байқауында үздік жобалардың қатарына енді. Ел бойынша 335 өтінімнің ішінен 20 команда ғана финалға өткенін ескерсек, бұл жетістіктің салмағы айқын сезіледі.

Форум аясында Alem AI орталығының ашылуы да символдық мәнге ие. Бұл – Президент Жолдауында айтылған Қазақстанды аймақтық цифрлық хабқа айналдыру мақсатының нақты қадамы. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың қатысуы еліміздің жасанды интеллект саласындағы әлеуетін көрсетіп берді. Салтанатты жиында ÚMIT жобасы THE BEST SCHOOL AI STARTUP номинациясының жеңімпазы атанып, жоба авторлары Мемлекет басшысының қолынан арнайы марапат алды. Бұл – жастардың инновациялық бастамаларына көрсетілген жоғары сенімнің айқын белгісі. Болашақта ÚMIT жобасын білім беру ұйымдарында, оңалту орталықтарында және әлеуметтік мекемелерде кеңінен енгізу мүмкіндігі бар. Бұл тек бір стартаптың дамуы емес, елдегі инклюзивті саясаттың жаңа деңгейге көтерілуі деген сөз. Мұндай жобалар көбейген сайын, жасанды интеллект елдің тек экономикалық емес, әлеуметтік дамуына да серпін беретіні анық.

Президент Жолдауында белгіленген жасанды интеллектті дамыту, жастардың әлеуетін ашу және инклюзивті қоғам құру міндеттері ÚMIT жобасында бір арнаға тоғысқан. Бұл бастама – Жасанды интеллект жылының мазмұнын нақты іспен толықтырған жарқын мысал. Жамбылдық оқушының жобасы технологияның адам өмірін өзгерте алатын қуатты құрал екенін дәлелдейді. Осындай жобалар арқылы Қазақстан тек цифрлық тұрғыдан ғана емес, адами құндылықтары биік, әділетті қоғам ретінде дамитынына сенім мол.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

Ұқсас жаңалықтар