Ораза екенін білетін адам дәрет алып жатқанда немесе басқа себептермен байқаусызда судың кіріп (жұтылып) кетуі, ұйқыдағы адамға су ішкізу, ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып оразасын бұзу, түнде оразаға ниет етіп, бірақ таңертең сапарға шығып, жолда оразасын бұзатын болса, түнде ораза ұстауға ниет еткен жолаушының тұрғын болуға ниеттенгеннен кейін жеуі.
Міне, осындай жағдайларда бұзылған оразаның қазасын ғана өтеу міндеттеледі. Ал енді «Оразаның кәффараты» дегеніміз не? Осы мәселені мәнін ашып түсіндіріп өткейік. Кәффарат Рамазан айындағы оразаны еш себепсіз, әдейі бұзған адамға бекітілген. Басқа айдағы оразаны бұзған адамға кәффарат қажет етілмейді.
Демек, Рамазан оразасын әдейі бұзған жағдайда жаза ретінде 60 күн бойы арасын үзбей ораза ұстау міндет болады. Сондай-ақ әдейі бұзған күннің қазасын да өтейді. Егер ораза ұстауға денсаулығы жарамсыз болса, 60 кедейдің қарнын тойдыру арқылы жазасын өтейді. Рамазан оразасы парыз амал. Ал басталған парыз амалды бұзу үлкен күнә. Сондықтан мұндай күнәдан барынша сақтану керек. Рамазан оразасынан басқа оразаны бұзса, күнбе-күн ораза қазасын өтейді.
Ораза кезінде әдейі ішіп-жеу және жұбайымен жақындасу оразаның қазасын әрі кәффаратын өтеуді міндеттейді. Бұл жерде тағы да айта кетерлігі, 60 күн оразасын ұстауға шамасы жетпейтіндер бар. Осы ретте Бұхариден жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен мынадай тағылымды мысал келтіруге болады. Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Біттім, құрыдым», – деді. Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) одан: «Сені құртқан не нәрсе?», – деп сұрайды. Әлгі кісі: «Рамазанда жұбайыммен қатынаста болдым», – дейді. Пайғамбарымыз одан: «Құл азат ететіндей дүниең бар ма?», – деп сұрайды. Ол кісі: «Жоқ», – деді.
Алла Елшісі: «Арасын үзбей екі ай ораза ұстай аласың ба?», – деп сұрады. Әлгі бейбақ тағы да: «Жоқ», – деп жауап береді. Осы кезде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір себет құрма әкелінді. Алла Елшісі құрманы әлгі адамға беріп, кедейлерге таратуды бұйырды. Сонда әлгі кісі: «Бізден артық мұқтаж кісі бар ма екен?» дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тістері көрінетіндей күлімсіреп: «Бар да, бұларды отбасыңа жегіз!», – деді.
Қазіргі таңда құлдық жүйе жойылғандықтан, оразаның кәффаратын ораза ұстау немесе кедейлерді тамақтандыру арқылы өтейді. Міне, алда келе жатқан Рамазан айында осындай мәселелерді назарда ұстаған дұрыс.
Ғалымбек ЖӘПЕК
облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




