«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Уақып – қайырымдылықтың жарқын жүйесі

Уақып – қайырымдылықтың жарқын жүйесі
Автор
Ислам өркениетінің ең көне әрі маңызды әлеуметтік институттарының бірі – уақып. Ол – мұсылман қоғамында әлеуметтік әділеттік орнатуға, білім мен ғылымды өркендетуге, мұқтаждарды қолдауға бағытталған қайырымдылық жүйесі. Уақып – белгілі бір мүлікті (жер, ғимарат сынды) Алла жолына арнап (Алла разылығы үшін), оның негізгі қорын (капиталын) сақтай отырып, одан түсетін пайданы қоғам игілігіне тұрақты түрде жұмсау. Бұл ғасырлар бойы мұсылман қоғамдарының дамуына, білім, мәдениет, денсаулық және қайырымдылық салаларының өркендеуіне орасан үлес қосқан әлі де қоса беретін рухани әрі экономикалық жүйе. Бұл – садақадан да кең ұғым, себебі уақыпта мүлік жойылмайды, оның пайдасы үзілмейді.

Уақыптың анықтамасы араб тіліндегі сөзі тоқтату, бекіту, ұстап тұру, шегелеп қою деген мағыналарға сай келеді. Шариғи терминологияда уақып: «Белгілі бір мүлікті Алла жолына арнап бекітіп, оның негізгі құнын сатуға, сыйға беруге немесе мұраға қалдыруға тыйым салу. Одан түскен пайданы қайырымдылыққа жұмсау» дегенді білдіреді. Шариғатта уақып етілген зат сатылмайды, мұраға қалмайды, сыйға берілмейді. Ол тек қоғамдық немесе қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады. Уақыптың шариғат тұрғысындағы дәлелдері бар.

Қасиетті Құранның Әли Имран сүресінің 92-аятында: «Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Сондайақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», – делінген. Бұл амал Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннет істерінің қатарына жатады. Омардың Хайбардағы жерін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнауы. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Жерді өзіңе қалдыр, ал оның пайдасын садақа ет», – деп уақыптың қағидаларын үйреткені – баршаға үлгі.

Уақыптың құқықтық шарттары мынадай болып белгіленген. Уақып жарамды болуы үшін келесі шарттар орындалуы тиіс. Уақып жасаушы адам – ақыл есі дұрыс, еркін шешім қабылдай алатын болуы керек. Уақыпқа берілетін мүлік – нақты, анық, біреудің иелігінде (меншігінде) болғаны жөн. Жалпыға (қоғамға) пайдалы мақсат көзделуі тиіс. Мүлікті қайтарып алуға болмайды – уақып мәңгілікке беріледі. Уақып басқарушысы (мутәуәлли) тағайындалады. Тарихтағы уақыптың рөліне де тоқтала кеткеніміз артық болмас. Ислам тарихында уақып институты аса маңызды орын алған. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінен және одан кейінгі әділ халифалық кезеңнен бастап Осман империясына дейінгі кезеңдерде уақып арқылы көптеген медресе жұмыс істеді. Мыңдаған медреселерде игілікті істер жасалып, қаншама шәкірттің зейіні ашылды, десеңізші! Студенттерге шәкіртақы берілді, сапарға шыққан жолаушылар керуен сарайларында тегін тынықты.

Емханалар жұмыс істеді, ауруханадағы емделушілерге тегін тамақ пен дәрі-дәрмек берілді, көпірлер, жолдар, құдықтар, моншалар, базарлар жұмыс істеді. Сонымен қатар жетім-жесірлерге тұрақты көмек көрсетілді. Осман мемлекетінде қоғамдық қызметтердің 70-80 пайызы уақып жүйесі арқылы атқарылғаны тарихта ашық айтылады. Мысыр еліндегі әлӘзһар университеті толық уақып жүйесімен дамыған. Уақыптың Исламдағы орны ерекше. Исламда уақып мұсылман әлемі дін істерінің, мәдени-рухани, экономикалық дамуының негізгі тіректерінің бірі болған. Исламда уақып жасау – садақа жария. Яғни, сауабы үзілмей ағылып барып тұратын садақаның қатарына жатады. Ол жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы дүниеден озса, оның амалы (амалының сауабы) тоқтайды. Тек үш амалы (амалының сауабы) ғана тоқтамайды: жария (сауабы соңынан ағылып барып тұратын) садақа, пайдалы білім және өзіне артынан дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деді. Ғұламаларымыз: «Осы хадистегі «жария садақа» деген сөзден уақыптан өзге нәрсе меңзеліп тұрған жоқ. Егер оның одан өзге мағынасы болса, уақып та сол мағынаның ішіне кірер еді», – деген.

Құранда да уақыптың мағынасына негіз болатын көптеген аяттар бар. Солардың бірінде Алла тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед!) Расында, Раббым ризықты пенделерінен қалағанына үйіп-төгіп береді де қалағанына аз әрі өлшеп береді. Сендер игілік жолында не жұмсасаңдар да, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы, – деп айт».

Қасиетті Құранның «Сәбә сүресінің 39-аятында осылай жазылған. Қазақстандағы қазіргі уақып жұмыстары қалай жүріп жатыр? Оған да тоқталғанымыз жөн болар. Бүгінде елімізде уақып мәдениеті қайта жанданып келеді. Қоғамда уақыпты жақсы түсінетін жандардың саны күн санап артуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қайырымдылық қорлары (соның ішінде уақып қоры) құрылып, медреселердің қызметі, әлеуметтік жобалар, мұқтаж отбасыларға көмек осы жүйе арқылы жүзеге асуда. «Садақа жария» ұғымы халық арасында кең таралып, көптеген азаматтар өз атынан немесе марқұм аталары мен аналарының атынан (мешіт-медреселер, көпір салу сынды) қайырымды істер жасап жүр.

Жазбамды қорытындылай келе қайырымдылықтың бұл түрінің шексіз сауапты әрі пайдалы екенін түсінуге болады. Уақып – тек материалдық емес, рухани капитал. Ислам әлемін өркендетудің ең берекелі жолдарының бірі. Бұл – бір адамның берген садақасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін жүйе. Ол қоғамның рухани қуатын арттырып, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге үнемі көмек көрсететін тұрақты қайыр жолы. Уақып жасаған адамның сауабы дүниеден озғаннан кейін де соңынан үзілмей жалғаса береді. Сондықтан бұл институт мұсылман қоғамының өркендеуіне ғасырлар бойы қызмет етіп келеді және әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бүгінде кез келген адам шама-шарқына қарай кішігірім қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды, шәкіртақыны төлеуді, кітапханаға кітап сыйлауды, мешітке қажетті затты уақып ниетімен көпшілікке арнап, өзінен кейінгі буынға жететін әрі сауабы өзінің соңынан үзілмей барып тұратын із қалдыра алады.

 

Ержан АМАНБАЕВ

«Әулиеата» мешітінің бас имамы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар