«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Он теңге табу үшін тоғыз теңге жұмсау керек

Он теңге табу үшін тоғыз теңге жұмсау керек
Автор
Клейсонның бұл кітабы әлемнің көптеген тілдеріне ондаған жылдар бойы тұрақты түрде аударылып басылып келеді. Қазақ тіліне Серік Әбдірешұлы Ерғали аударды. Бүкіләлемдік бұл бестселлердің орасан танымалдығы кітапта ежелгі әрі сынақтан өткен байлық ережелерінің жазылғандығы. Бұл кітапты әрбір миллионер оқыған кітап деп те атайды. Бұл кітап қаржыңызды жоспарлауды, өз табысыңызды сақтауды әрі еселеуді үйретеді. Мұны БАЙЛЫҚ ӘЛІППЕСІ десе де болады. Бұған дейін бұл еңбек жүз мыңдаған адамдарға қаржылай тәуелсіз болуға жәрдемдесті. Сіз де оқып солардың қатарына қосыла аласыз. Біз сіздерге осы кітаптан ең маңызды жерлерін жинақтап, қысқартып ұсынып отырмыз.

Қабысқан әмиянды толтырудың жеті дауасы бар.

БІРІНШІ ДАУАСЫ– тапқан ақшаның бір бөлігі ғана саған тиесілі (әмиян толтыруды баста). Табысты үнемдеуді үйреніңіз. Әмиянға түсетін әрбір он теңгенің тоғызын ғана өз қажеттеріңе жұмсаңдар. Жұмсалуға тиіс он ақшаның орнына тоғызын ғана шығындағанымызда, ол байғұс қампия бастайды. Сендердің әмияндарың да соны бастан өткізеді әлі! ...Байлыққа барар жолға, тапқан ақшамыздың бір бөлігін өзімізге тиесілі болғанда ғана түсеміз. Ол сенің де қолыңнан келеді. Сен тапқан ақшаның бір бөлігі ғана саған тиесілі. Бұл бөлік табыс мөлшеріне қарамастан, кемінде оннан бір бөлігін құрауы керек. Әрине, одан да көп бөлігін өзіңе арнауға болады, егер де сенің жағдайың оны көтерсе. Табыс тапқан күні ең алдымен өзіңмен есептескен жөн. Тігіншімен де, етікшімен де өзіңнен қалғанымен ғана есептесуге дағдылан. Соның ішінен, асқа да, садақаға да, қайырымдылыққа да қалдыруды ұмытпа. Байлық титтей тұқымнан жайқалатын ағаш секілді. Өзің үшін сақтаған алғашқы жез бақыр, кейін өсіп шығатын байлық ағашының тұқымы болмақ. Неғұрлым сол тұқымды тезірек ексең, соғұрлым тезірек байлық ағашы көгеріп шығады. Ыждағатпен жинақтау арқылы неғұрлым оның топырағын тыңайтып, суарған сайын, оны көлеңкелеп, рахатына соғұрлым тезірек бөленесің.

ЕКІНШІ ДАУА – шығынды қадағала. Сендердің бәрің айтатын «күнделікті қажеттіліктерің» табыстарың өскен сайын артып отырады, егер оған өздерің қарсы тұра алмасаңдар. Күнделікті қажеттілік пен өздеріңнің нәпсілік құмарларыңды шатастырмаңдар. Әрқайсыңда тапқан табысқа сәйкес қажеттіліктен гөрі құмарларың басым. Сондықтан да жиналған ақша әлгі қаптаған құмарды қандыруға шығындалып жатады. Соған қарамастан, қанағаттандырылмаған құмардың шегі бәрібір де болмайды. Табыстың оннан бір бөлігі шығындалмайтындай, қаржыңды күнделікті қажетке де, сайрандауға да және негізгі құмарды қандыруға да жететіндей жұмса.

ҮШІНШІ ДАУА – жинақ ақшаңды көбеюге итермеле (табысты арттырудың жолдарын табыңыз). Әмияның тола бастады. Ондағы табыстың оннан бір бөлігін қалдыруға өзіңді көндірдің. Жинақты қор үшін өз шығындарыңды қадағалай бастадыңдар. Енді ақшаларыңды сендерге жұмыс істететін әрі көбейтетіндей сайман керек. Әмиянда жатқан алтын сендердің жандарыңды жадыратып, көңіл тоғайтқанымен, ешбір табыс әкелмейді. Жиналған қаржы – бар болғаны алғашқы қадам ғана. Жинақ табыс әкеле бастағанда ғана есіктен байлық сығалайды. Қабысқан әмиянға арналған үшінші дауа, міне осы: әрбір теңгені өрістегі қаптаған малдай, өзіндейлерді өндіретіндей етіп, әмиянға байлық ағынын бағыттайтындай жұмысқа салыңдар.

ТӨРТІНШІ ДАУА – жинақты жойылудан сақта (тиімсіз инвестициядан аулақ болыңыз). Алтынның жарқылы қайғы тартады. Әмияндағы алтынды жоғалудан сақтаған жөн. Сондықтан да, данагөй адам Жаратқанның бұйрығымен ірі салым қолға түскенше, әуелі аз ғана соманы іске салып, соны сақтауды үйренеді. Әрбір алтыны бар адам, сенімді көрінген іске үлкен қаржысын салғысы келіп, қыпылдайды да тұрады. Ол көбіне достары мен туыстарының жолын қуып, солай істейді де. Қаржы салудың бірінші әрі басты ұстанымы – негізгі мал-мүліктің сақталуын қамту. Іске салар қорыңмен қоштаспай тұрып, оның қайтып ораларына көз жеткізіп, зерделеген жөн. Тезірек баюды көксеген өзіңнің желбуаз тілегіңді басшылыққа алмағайсың. Жинаған қорыңды біреуге өткізер бұрын, ол кісінің қайтарым қабылеті мен абыройының дұрыстығын тексерген дұрыс, әйтпесе, ебіл-себіл болып жинаған қорыңды оған өз қолыңмен сыйға тартқандай күй кешуің ықтимал. Алтыныңды тәуекел етіп, өз ақылыңа сенбе. Онан да, алтынмен істеуді меңгерген білікті адамнан кеңес алған дұрыс. Қабысқан әмиян үшін төртінші дауа мынау: өз жинақтарыңды пайдамен қайтарып алатындай, сенімді іске салу арқылы сақтаңдар. Ақылгөй, білікті адамнан кеңес алыңдар. Біліктінің кеңесі алтынға парапар. Әрі оның ақылды кеңесі сендердің әмияндарыңа қойған күзет болып табылады.

БЕСІНШІ ДАУА – жинақты тұрғынжайға сал. Қабысқан әмиянның бесінші дауасы дегеніміз – жеке баспаналы бол.

АЛТЫНШЫ ДАУА – келешекке жетер табыс тап. Байлықтың өсу заңын біле тұра ақша жинаған адам, ылғи да келешек туралы ойлауы керек. Дер кезінде алдын ала ойластырылған жылдарға жететіндей кейбір салымды жоспарлаған абзал. Сонымен қабысқан әмиянға арналған алтыншы дауа: егде кезеңдегі өз қажетің мен жанұяңды қорғауға алдын ала қамдан.

ЖЕТІНШІ ДАУА – табыс табу мүмкіндігін кеңейте түс. Алғышарт ретінде табыс табуға деген адамда аса күшті де айқын тілек болуы қажет. Айқындалмаған тілек – ол бар болғаны арман ғана. Баюға ұмтылатын адам үшін оның пайдасы жоқ. Егер адам бес алтын ақша тапқысы келсе, ондай тілек орындалады. Егер оған ол қол жеткізсе, онда ол дәл солайша он да, жиырма да, мың теңге де таба алады да, ақырында байып кетеді. Ұсақ тілекті орындау арқылы ол өзін ұлы тілектерге әзірлейді. Байлық осындай жолдармен ғана құралады. Әуелі ол ұсақ-түйектен жиналады да, артынан адамның білік пен тәжірибе жинақтауына орай, бұл сома ұлғая береді, ұлғая береді.Тілек қарапайым да, анық болуы керек. Ол аса көп және күрделі болса, егер де ол бұлдыр әрі адамның өз мүмкіндігінен тыс болса, күшін жояды. Адамның өз кәсібі бойынша кемелденуіне орай, оның табыс табу қабілеті де шыңдала түседі.

Неғұрлым көбірек білсек, соғұрлым көп табысқа кенелеміз. Өз ісі жөнінде көп білуге ұмтылатын адам міндетті түрде марапатталады. Сонымен, қабысқан әмиянға керек жетінші дауа мынау: даналық пен білікке қол жеткізу үшін ізден, оқы және өзіңді өзің құрметтейтіндей қылықты таңда. Сонда ғана өзіңе деген сенім зорайып, өзің аңсаған тілектерге жете аласың. Өзімнің ұзақ та, жемісті ғұмырымда ашқан қабысқан әмиянға арналған жеті дауа осы еді, бұларды байлықты аңсағандардың бәріне пайдалануға кеңес берем.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар