«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қамқоршыдан қорлық көргендердің обалы кімге?

Қамқоршыдан қорлық көргендердің обалы кімге?
Автор
Соңғы күндері Threads әлеуметтік желісінде Тараз қаласы трендке айналғаны көпке мәлім. Дәл осы платформаны қолданушы тараздықтар «Born in Taraz» (Таразда туған) деген тіркесті жазып, өздерінің кіндік қаны тамған өлкеге қатысты жылы естеліктерімен бөлісуде. Десе де, алуан түрлі ақпараттан көз сүрінетін әлеуметтік желілерде көне шаһар туралы тек жағымды жаңалықтар ғана жарияланып жатқан жоқ.

Оған 17 жыл бойы немере ағажеңгесінен қорлық көрген Құндыз бен Назгүлдің заңды қамқоршысы саналған әулиеаталық азаматшаның үйіндегі жай-күйі түрткі болды. Бұған дейін желі қолданушылары аяқ-қолы байланған Құндыздың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, ел-жұрттың назарын аудартқан еді. Кейін бұл іске танымал журналист Руслан Өтепбай араласып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, «Koremiz» бағдарламасының жүргізушісі тиісті мамандардың көмегімен апалы-сіңлі қыздарды әлеуметтік көмек көрс ету орт алығына орналастырды. Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында бөлісіп, болашақта бұдан да жайлы орын қарастыратынын жеткізді.

– Құндызбен Назгүлді қамқоршысы Зүлфия Төленованың үйінен қауіпсіз ортаға көшірдік. Уайымдамаңыздар. Алдағы уақытта қыздар о сы жерде болады. Кейін олардың жағдайына сай жайлы әрі тұрақты орын қарастырамыз. Заңдастыру, құжат рәсімдеу процесі бар. Қыздардың жағдайына бейжай қарамай, уайымдап жатқан барша қазақ еліне алғысымды білдіремін, – деп жазды журналист. Еске салайық, бірер күн бұрын қорғансыз қос қызды қамқорлығына алған Зүлфия Төленова уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өзге де балаларды азаптады деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты екі бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Атап айтқанда, іс Қылмыстық Кодекстің 110-бабы 2-бөлігі (азаптау) және 140-бабы 3-бөлігі (екі немесе одан да көп баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қозғалған. Егер Төленованың кінәсі дәлелденсе, ол 4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері істің барлық мән-жайын жан-жақты анықтап, мұқият зерделеп жатыр. «Толық әрі объективті тергеу нәтижесі бойынша заң талаптарына қатаң сәйкес негізделген процессуалдық шешім қабылданады», – делінген хабарламада.

Өкінішке қарай, Зулфия Төленова қос қыздан бөлек өзге де асырап алған балаларына күш көрсеткенге ұқсайды. Бұл жөнінде де Руслан Өтепбай мәлімдеді. «Бәрі белгілі болды. Қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен. Желтоқсан айының 29-ы күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрыпсоғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар – асыранды балалары. Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген», – деді ол.

Мұны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова да растады. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде тараған кәмелеттік жасқа толмаған бейнеролик бұған дейін орын алған.

«2025 жылдың 29 желтоқсан күні балалар мектепке келгенде білім мекемесінің психологы аталған балаларға қатысты ұрып-соғу фактісін анықтаған. Нәтижесінде, полиция тарапынан іс қозғалып, өз қамқорлығына алған азаматшаға қатысты тергеу амалдары басталды. Ал кәмелетке толмаған балалар сол күні арнайы бейімдеу орталығына орналастырылған болатын. Кәмелетке толмаған балаларды қамқорлығына алуға қатысты қаулының күші жойылды», – деді қала әкімінің орынбасары.

Атап өтейік, бұған дейін балалардың қамқоршысы Зүлфия Төленова кәмелетке толмағандарға қол көтергенін журналист Руслан Өтепбаймен өзара тілдесу барысында түсіндіруге тырысқан.

«Үйге дайындаған тамақты көшедегі итке тасиды. Қарап тұрып дәретін сындыра салады. Мен не істеуім керек? Мысалы, мен қазір біреудің баласы тұрмақ, өз немереме қарағым келмей кетті. Өйткені тыңдамайды, не істеймін басқа?», – деп өз уәжін айтқан ол.

Осылайша қамқоршыдан күдіктіге айналған Зүлфия Төленованың қарауында бұл күнде ешқандай бала жоқ. Олардың бәрі бірдей мемлекеттік мекемеге тапсырылған. №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының орынбасары Алпысбай Зейнелдің айтуынша, апалы-сіңлілерге енді 14 күндік бақылау жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ.

«Қазіргі таңда қыздарымыздың жағдайы жақсы, орталыққа орналастырылды. 14 күн ішінде мемлекеттік стандартқа сай сегіз бағыт бойынша қадағалау жүргізіледі», – деді Зейнел Рахметтоллаұлы.

Айта кету керек, дәл осы жағдайға байланысты қоғам белсендісі Бағила Балтабаева да өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде Зүлфия Төленова балаларды жәрдемақы үшін қамқорлығына алған деді.

«Асырап алған балаға біріншіден жәрдемақы беріледі. Екіншіден, ол баланың күтімі үшін жалақы да төленеді. Шатаспасам, бұдан кейін ол баланың денсаулығында ауытқуы болатын болса, ол үшін тағы да қосымша қаражат беріледі. О бастан бұл әйелге менде сенім ұялаған жоқ болатын. Неге бұл әйел осы екі қызға жабысып, жібермей отыр? Бұл екі қыз үшін қазақ халқы барын берді. Жұрт қор жинап, демеушілер де өз көмектерін беріп отырады. Сондықтан ол екі қызды қосымша табыс көзі ретінде ұстап отыруы мүмкін. Бәлкім, бір жыл бойы осылай байлап-матап ұстап келген шығар?! Бұл үйде тек қана қыздар емес зәбір көрген. Басқа асырап алған балалар да жапа шегіп отыр. Оған кешегі бейнежазба арқылы көзіміз жетіп отыр. Ол әйелдің психологиялық картинасын қарайтын болсақ, жетім балалардың маңдайынан сипап, «Осы балаларды өсірейін, сауап жинайын. Алланың алдында да, қоғамның алдында да осы балаларды жетектеп өсіріп, қоғамға қосайын» дейтін адамға ұқсайды ма? Мысалы, мен олай айтпас едім. Өйткені маған мына әйел о бастан жасанды, актерлік ойын ойнап отырған секілді көрінді. Хронологиялық тұрғыда алайық, ол екі қызды асырап алғалы бері олардың жағдайы күрт өзгерді. Алматы қаласында Руслан Өтепбай пәтер жалдап, күтушінің көмегі арқылы әжептеуір ашылып келе жатқан қыздар мына кісінің қолына барған кезде талма ауруына ұшырады. Бұл – осы әйелдің қыздарға дұрыс қарамауының нәтижесі. Ол психотроптық дәрілерді беруден де болуы мүмкін. Ол заңды қамқоршысы болғаннан кейін қандай психотерапевтке апарып, қай жақтан қандай диагнозды жазып алғанын біз білмейміз. Бірақ біз фактіні көріп тұрмыз. Бұрын ешқандай талма ауруы жоқ қыз табан астынан осындай дертке ұшырады», – деген қоғам белсендісі қорғаншылық-қамқоршылық қызметкерлері де тиісті жазаға тартылуын және сот отырысы ашық өтуі қажеттігін айтты.

Бүгінгі таңда арнайы орталыққа орналастырылған қос қыз әу баста ешкіммен тілдесуге тілек білдірмегенімен, уақыт өте сыныптасы Бибігүлмен әңгімелеседі. Екеуара сөйлесу кезінде Құндыз ашылып, бар шындықты жайып салады.

«Дәрі ішкенім үшін ұрды. Құндызға ұрысады. Азанда айқайлап бірінші мені тұрғызады, төсегімді тартып алады, жұлқылайды. Ұрады одан кейін басыңды айналдыратын дәрі береді. Өліп қалған адам секілді жатамын», – дейді Құндыз.

Дәл осы тұста ойымызға қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі оралды. Байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісі суреттелген шығармада жан түршігерлік азап пен ауыртпалық аса шыншылдықпен әсерлі баяндалады. Ер азаматы жоқ үй, соқыр әйел, кәрі әже мен жас қыздың зарлап қалуы кімді де болсын тебірентпей қоймайды. Әңгіме кейіпкерлері болыс Ақан мен оның атшабары Қалтайдың зорлық көрсетуі олардың адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді.

Нәтижесінде, қорлыққа жаны төзбей, жауыздықтың құрбаны болған Ғазиза әкесінің моласына барып, үсіп өледі. Жалпы, нақ осы шығарманың жарық көргеніне бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, мазмұны әлі де өзекті екені жаныңды ауыртады. Әйтпесе, айдың, күннің аманында апалы-сіңлі қыздардың қорлық көруі адам сенгісіз жағдай ғой. Иә, алдағы күндері құзырлы орган өкілдері осы істе кінәлілерді анықтап, заң аясында жауапқа тартары сөзсіз. Бірақ қорғансыздың күнін кешкен қыздардың обалы кімге? Ойланатын сұрақ!

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар