«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әжелер мектебі – даналық діңгегі

Әжелер мектебі – даналық діңгегі
Автор
Тараз қаласындағы №67 «Келешек» мектебінде «Әжелер мектебі» тақырыбында ата-аналар арасында кездесу кеші өтті. Оған негізінен 7 және 8-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Бейсенбай мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пәкизат Дәуітбаеваның бастамасымен ұйымдастырылған бұл кеште кимешек киген ақ жаулықты әжелер қонаққа шақырылған болатын.

Іс-шараның басты көздегені әжелер әңгімесі арқылы қазіргі кезде оқушыларға тәлім-тәрбие берудің аса қажет екендігін ашып көрсету болды. Біз бірнеше әже бірігіп, жас ұрпаққа тәрбие беру, оларға қазақтың құндылықтарын үйрету бойынша ақылдасып, игі іске бастамашы болып жүрміз. Қазір ақпараттық технология заманы болғандықтан, оқушылар өздеріне қажетті ақпаратты тек телефоннан ғана алатын дәрежеге жетті.

Көркем әдебиетке қызығушылық танытатын балалар аз. Кітап оқымау – сөздік қордың азайып, тіл байлығының жойылуына әкелетіні бәрімізге белгілі. Жаңа бағдарлама бойынша мазмұндама, диктант, шығарма жазбайтыны тағы бар. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, алайда кейбір оқушылар эссе жазуды да дұрыс меңгермеуде. Ойын жинақтай алмай, сөйлемді дұрыс құрастыра алмай қиналып жатады.

Осыған орай, аталған мектепте «Әжелер мектебі» ашылып, салиқалы әжелерді қонаққа шақырып, сол кісілер арқылы оқушы санасына білім мен тәрбие негізін қалауды ойластырған ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Осындай өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор кешке қонақ болып мен де қатысып қайттым. Балалармен «Ер төстік» ертегісінің тәрбиелік мәні туралы әңгіме қозғап, ертегі мазмұнын бүгінгі күнмен байланыстыра отырып талдадық. Ертегіде сөз болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ерлік, елдік, достық және адамгершілікпен қатар жауыздық және сол жауыздықпен күрес жолында Ер Төстікке көмекке келетін қиял-ғажайып достарының көмегі туралы да баяндадым. Ал Шуақова Якул әжей қыз бала тәрбиесін қазақтың ұлттық танымтүсінігімен байланыстыра отырып, сүбелі ойларымен бөлісті.

Қыздың инабатты, ибалы, тәрбиелі болып өсуі – еліміздің болашағының жарқын болуымен қатар ұлттың мәңгілік жасауының негізі екендігіне тоқталса, Оразбаева Ұлбала әжей жүн түту, ұршық иіру, текемет басу, ою ою, құрақ құрау, тоқыма тоқу, кесте тігу сияқты қазақтың ұлттық қолөнері және оның түрлері жөнінде баяндады. Кештің соңында әжелер құйқылжыта халық әндерін орындап, өлең оқып, көрерменнің алғысына бөленді. Осындай тәрбиелік мәні бар кештер оқушыларға оң әсер ететіні анық. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, әр әже, әр ата-ана тәрбие мәселесіне көңіл бөлгені жөн. Себебі, әр оқушы – елдің болашағы.

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА

зейнеткер, ардагер ұстаз. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар