Облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтіп, онда өңірде мал ұрлығы мен пәтер ұрлығының өршіп тұрғандығы сын тезіне алынды.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі К.Көкірекбаев өткен жылы облыста 16142 қылмыс тіркеліп, 2013 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендегендігін айтты. Ал ауыр қылмыстар 17,5 пайызға, аса ауыр қылмыстар 13,3 пайызға төмендеген. Өткен жылы бірқатар қылмыс саны төмендегенімен, қылмыспен күресуде кемшіліктер бар. Қордай, Меркі, Сарысу аудандарында қылмыстың өршіп кеткендігі де алаңдатады. Ең көп тіркелген қылмыстар Тараз қаласында екен. Комиссия отырысында бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы қимыл туралы облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының бастығы Нұржан Қуанышбеков баяндама жасады. 2012-2014 жылдарда бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы тұру бағытында облыстық ІІД тарапынан ұрлықтың барлық түрі бойынша аймақта жағдайдың тұрақталуына бағытталған шаралар қолданылғандығын айтқан баяндамашы мал ұрлығы бойынша деректерді ортаға салды. Сараптама мал ұрлығының алпыс пайызы өрісте ұрланғандығын көрсеткен. Жамбыл, Байзақ, Шу аудандарындағы осындай қылмыстардың ашылуы мәз емес. Ал Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында ірі көлемдегі мал ұрлықтары жиілеп кеткен. Ағымдағы жылдың қаңтар айында да мал ұрлығы өршімесе кеміп отырған жоқ. Н.Қуанышбеков қылмыстардың ашылмауын кездейсоқ куәгерлердің көрсе де ештеңе көрмегендей сыңай танытатындығымен байланыстырды және өрістегі малға салғырт қарайтын, мал қораларын жөндеп бекітпейтін тұрғындардың өздерінің де кінәсі барлығын айтты. Қылмыстың ізі әбден суып, өздері іздеуден шаршаған соң ғана ішкі істер бөлімдеріне жүгінетіндер де бар екен. Мал ұрлығынан кейінгі орында пәтер ұрлығы асқынып тұр. Пәтер ұрлықтарының жетпіс пайызы Тараз қаласында орын алған. Мұнда да қылмыстың ашылуы мәз емес. Пәтер ұрлығының жартысы күндіз, жартысы түнгі мезгілде орын алған. Жалпы үй иелері жоқ кездерді пайдаланып отыратын пәтер тонаушыларға берілетін жаза да ауыр емес. Мәселен, өткен жылы ұсталған 178 ұрының 122-сі ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Яғни, «сүйікті ісімен» әлі де айналысып жүр деген сөз. «Бұл проблема басқа өңірлерде де өзекті болып отыр. Сондықтан болар, ІІМ 2015 жылды бөтеннің мүлкін ұрлаумен күрес жылы деп жариялады», – деген Н.Қуанышбеков осыған байланысты облысымызда бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы қимыл туралы бағдарлама жасалып, жақын арада бекітілетіндігін айтты. – Қылмыстардың ашылуы өте төмен. Мысалы, облыста бөтен мүлікті ұрлау бойынша 9548 қылмыс тіркелген, олардың ашылуы небәрі 24 пайызды құраған, ал пәтер ұрлықтарының 24 пайызы ғана ашылған. Мал ұрлығының 827 фактісі тіркеліп, оның 99-ы ғана ашылған, бұл 18 пайызы ғана. Яғни, 3124 бас мал ұрланған, осы уақытқа дейін 2541 бас мал табылмаған. Штат сұрадыңдар, штат бердік. Қаржы сұрадыңдар қаржы бердік. Сұрағандарыңның бәрін бердік. Бұл сендердің жұмыс істемейтіндіктеріңді көрсетеді. Біз ішкі істер департаментінде жұмыстың тоқтап қалғандығын көріп отырмыз, – деген облыс басшысы департаменттің жұмысын қатаң сынға алып және мұнда айтылған деректер Ішкі істер министрлігіне арнайы хат арқылы жолданатындығын ескертті. Комиссия отырысында облыстағы автомобиль жолдарындағы апатты жағдайлар туралы облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қанатбек Әлімжанов баяндады. Өткен жылы облыс жолдарында 1289 жол–көлік апаты орын алған. Одан 203 адам көз жұмса, 2002 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Жол апаты 2013 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға төмендесе, апаттан қайтыс болғандардың саны 34,9 пайызға төмен. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарды тыңдаған өңір басшысы мұнда да кемшіліктер бар екендігін жеткізді. Жиын барысында Тараз қаласы мен Байзақ, Шу ауданындағы ішкі істер бөлімдерінің басшыларынан онлайн байланыстар арқылы жауап алынды. Облыс әкімі қарашаның малы ұрланса да жанашымастық танытып отырған аудан басшыларының бейқамдығын сынап, барлығын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Мал ұрлығының алдын алу бойынша штаб құруды облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымовқа тапсырды. Мұндай штабтар сондай-ақ барлық ауданда құрылып, пәрменді шаралар атқарылатын болады.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді