«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қолдарыңыздан келмесе, орындарыңызды босатыңыздар»

«Қолдарыңыздан келмесе, орындарыңызды босатыңыздар»
Автор
Дамушы елдердің экономикалық климатын қалыптастыруда инвестиция тарту маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде ұдайы айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Облыста да инвестициялық жобалар есебінен бірқатар салаларда өсім байқалған. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жан-жақты айтылды.

ОБЛЫС ӘКІМІ ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША КЕЙБІР БАСШЫЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ

Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева есепті кезеңдегі өңірдің экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды.

– 2025 жылдың қорытындысымен облыстың экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрады. Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,6 пайызға, құрылыс саласы 14,4 пайызға, байланыс 10,1 пайызға, көлік 3,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,1 пайызға, ал сауда 0,5 пайызға артқан. Өнеркәсіп саласында 1,3 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, облыс республика өңірлері арасында төртінші орыннан көрінді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 834,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға өсім тіркелді. Нәтижесінде облыс өңірлер арасында үздік бестікке енді. Ауыл шаруашылығы саласында 514,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнім көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы 1,9 пайызға ұлғайды. Тірі салмақтағы ет өндірісі 2,6 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артты. Өңір экономикасына 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға өсті. Осы нәтижемен облыс республика көлемінде үшінші орыннан көрінді, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.

Басқарма басшысының сөзінше, жыл ішінде 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1425 пәтер сатып алынған. Десек те, өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында міндетті межелерге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, асыраушы сала өнімділігі Т. Рысқұлов ауданында 35,9, Мойынқұмда 7,5, Қордайда 3,5, Таласта 0,7 пайызға төмендеп, облыс республикалық көрсеткіште оныншы орынға тұрақтаған. Ал сауда саласы облыс орталығындағы ірі супермаркет желілерінің жабылуына байланысты 1,9 пайызға төмен көрсеткіш көрсеткен.

Бұдан бөлек, Жуалы, Мойынқұм, Қордай аудандарында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салалары бойынша мақсатты міндеттер толықтай орындалмаған. Жиында аталған аудан басшыларының есебін тыңдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы айқындап берген ауқымды мақсатміндеттерге қол жеткізуде жауаптыларға салғырттық танытпау қажеттігін қатаң ескертті.

– Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елімізде өзгерістердің жаңа кезеңі басталғанын, сондай-ақ биылғы жылы қарқынды жұмыс істеу қажеттігін нақты атап өтті. Біздің басты мақсатымыз–өңір экономикасын әртараптандыру және дамыту, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Өңіріміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Сондықтан мәселені тек ауа райымен байланыстырып, қол қусырып отыруға болмайды. Осыған орай шаруалармен егістікке су жеткізу, егіс көлемін оңтайландыру мәселелері бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмысты жеделдетіп, нақты қарқын беріңіздер. Қойылған міндеттерді орындау қолдарыңыздан келмесе, орындарыңызды босатыңыздар. Алдымыздағы жылдары межелі мақсаттар бұдан әрі арта береді. Сол себепті қолайлы уақытты күтпей, жұмысты ширатып, нақты нәтижелерді көрсетуді талап етемін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар жиын барысында бюджеттің атқарылуы жөнінде қаржы басқармасы басшысының баяндамасын тыңдаған Ербол Қарашөкеев бюджет қаражатының әрбір тиынының қалыптасуы мен тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болуы қажеттігін баса айтты. Әкімдік мәжілісінің қорытындысы бойынша белгіленген межелерге қол жеткізілмеуіне байланысты Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай ауданы әкімдері мен олардың аталған салаларға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар