«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Чемпионға құрмет көрсетілді

Чемпионға құрмет көрсетілді
автор
Еліміздің байрағын биікке көтеріп, ел намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Соның бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Токио олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов. Ол жуырда рухани тамырлас ағасы, бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы және Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаевтың ата қонысы Бақалы ауылында болып, жас спортшылармен және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Спортшыны ауылдың қариялары мен ақ жаулықты аналары, мектептегі спорт үйірмелеріне қатысып жүрген балғын спортшылар құшақ жая қарсы алды. Оның құрметіне Бақалы ауылының мәдениет үйінде «Қазақ мақтаныштары – олимпиада чемпиондарымен кездесу» кеші ұйымдастырылды. Сахнада қос спортшының бейнесі сомдалған үлкен баннер ілінген.

Өкінішке қарай бұл кешке қызмет бабына байланысты Бақтияр Артаев қатыса алмады. Кеш көркін №16 С.Сейфуллин атындағы 6-7-сынып оқушыларынан құралған «Атамұра» ұлттық аспаптар оркестрі аша түсті. Оның көркемдік жетекшісі ардагер ұстаз, Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұлұлы. Сондай-ақ онда өнер көрсеткен «Асыл әжелер» тобы педагогтерден, мәдениет пен кітапхана қызметкерлерінен топтастырылған. Оқушылардың орындауындағы «Балбырауын» күйі, 6-сынып оқушысы Дана Зиядханның «Менің әкем» әні көрермен жүрегінен орын алды.

Іс-шара барысында ақжарма тілегін арнағандар көп болды. Барлығының да тілегі жүректен шықты. Спортшыны табысымен Тараз қаласының тұрғыны, қазыналы қарт Нұрғали Бұралхиев, Қанат Серпенұлы, ауыл азаматтары Илияс Мамедалиев, Ермек Сейдалиев және Шымкент қаласынан чемпионмен ере келген ел ағалары Бақтияр Молдақұлов, Әлішер Жорабеков пен Сәдуақас Бекболатов құттықтап ағалық ақ тілектерін жеткізді.

Халықтың құрметіне бөленген Сәкен Бибосынов өзіне көрсетілген ел құрметіне алғысын білдіріп, Қазақтың туын көтерер спортшылар ауылдан көптеп шыға берсін деген ізгі тілегін жеткізді. Содан кейін жаңа қадам басқан бүлдіршіннің тұсауын кесті. Іс-шара соңында чемпионға арнап қажы Айып Әбдіқұлов бата берді. Боксшыға қазақы дәстүрмен тұлпар мінгізді.

Осыдан кейін ол еркін күрестен Қазақстан чемпионы, түйе палуан, спорт шебері Нұрсұлтан Райқұлов тәрбиелеп жатқан мектеп оқушылармен кездесті. Сәкен Бибосынов жас спортшыларға спортқа қалай келгенін, чемпион болу үшін көп еңбек ету қажеттігін айтты. Жас жеткіншектер қойған түрлі сұрақтарға жауап беріп, оларды спортпен тұрақты шұғылдануға шақырды.

Ғалымжан ҚОЖАҒҰЛОВ,

№16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар