− Қазақ халқының зергерлік тарихы сонау Сақ заманынан бастау алады. Одан кейін ғұн заманы, түркілер кезеңі деп жалғасып кете береді. Біз олардың тікелей ұрпағы саналамыз. Қазақ зергерлігіндегі аң стилі, бүршіктеу, шытыралау тәсілдері – Сақ дәуірінің мұрасы. Кейінірек Ислам діні келген соң, аңды бейнелеу, адамның суретін салу шариғатқа сай келмей, зергерлік өнеріміз өзгерді, аң стилін жоғалтып ала жаздадық. Ал ХVII-XIX ғасырларда біздің зергерлік өнердің нағыз шарықтаған, гүлденген кезеңі болды. Оны біздің музейлердегі көптеген жәдігер айғақтайды. Өңіржиек, сәукеле, құдағи жүзіктер, сомсом білезіктер, шолпылар, шекеліктер – зергерлік өнердің өте жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Әлі күнге дейін әлемде қазақ зергерлігінің шоқтығы биік тұрады, қаншама конкурсқа барып, алдыңғы орындарды иеленіп келеміз. Өйткені біздің бұйымдардың жасалу күрделілігі, сипаты, әдемілігі ғана емес, мән-мағынасы да терең. Құдағи жүзікті кім таққан, Отау жүзікті, Құстұмсық жүзікті кім таққан – бәрінің тарихын айтып берсең, шетелдіктер аузын ашып, не деген ұлы халық деп таңғалады. Сондықтан мемлекет бұл салаға ерекше көңіл бөлуі керек, − дейді Берік Әлібай.
Зергердің айтуынша, халқымыз алтыннан гөрі күмісті құп көрген. «Алтын сәндікке, күміс – емдікке» деп, ертеден күмістің адам ағзасына пайдалы екенін білген.
− Күмістің табиғатта кездесетін 400- ден астам микробты өлтіретін қасиеті бар. Ертедегі аналар мен әжелер жасаған тамақтың адал болуы үшін күмістен білезік, сақина таққан. Қазір де адамдар күміс ыдыстан су ішуге тырысады, құмыраға күміс тиын тастайды. Екі білекке тағылатын қос білезік – адам бойындағы күшті сыртқа шығармай, сақтап қалады деген сенім болған. Ал Кеңес кезеңінде зергерлікпен айналысуға көп шектеу болды. Біздің аталарымыз зергерлікпен ашық айналыса алмады, күндіз колхоздың жұмысын істеп, түнде жасырын шеберханада әшекей жасап, базарларда сататын. Өйткені ол заманда бәрі орталықтандырылған еді, ірі зауыттар ғана жұмыс істейтін, нағыз шеберлер өте аз болды. Тәуелсіздік алған соң қолөнеріміз, оның ішінде зергерлік өнеріміз қайта жанданды, − дейді зергер.
Меркі ауданының тумасы Берік Әлібайдың әулетін зергерлер династиясы деп атауға болады, себебі әулетіндегі төртінші буын «темірден түйін түйіп» келеді.
− Өзім 60-70 түтіні бар кішкентай Қызылсай ауылында туып-өстім. Қазір сол ауылдан 30-ға тарта зергер шықты десем сенесіз бе? Бастапқыда туыстарымның балаларын оқуға түсіріп, зергерлікке баулыған едім. Олар әрі қарай зергерлікті жалғастырып, шеберханалар ашып, бірінбірі тартып, көбейе түсті. Өзімнің туған бауырларым зергерлікпен айналысады, кенже балам Зият ісімді жалғастырып келеді. Қазақстанның түпкір-түпкірінде шәкірттерім бар. Зергерлікті кез келген адам үйренеді деп айта алмаймын, өйткені маған қаншама адам келіп, осы өнерді үйренгісі келді. Бірақ арғы тегінде, нағашыларында немесе аталарында зергерлік қасиет болмаса, қонуы өте қиын. Жаппай сату мені ешқашан қызықтырған емес. Қазір де жеке тапсырыстарды сирек қабылдаймын. Менің басты мақсатым – ұлттық мәдениет пен тарихты сақтау ісіне үлес қосу. 30 жылдан астам уақыт музей қорында реставратор болып еңбек еттім. Сол кезеңде шығармашылықпен де айналысып жүрдім. Көптеген әшекей бұйымдарымды өзімнің жеке музейімде жинақтадым. Бұл музей туристер арасында өте танымал. Айта кетейін, мұнда тек әшекейлер емес, бағалы тастар мен металдардан жасалған зергерлік бұйымдар (тұмарлар, білезіктер, сақиналар), сонымен қатар көшпелілердің дәстүрлі киіз үйі, ұлттық киім, аяқ киім, бас киім, кілем мен тұрмыстық заттар да бар. Бұлардың барлығын мен бірнеше ондаған жыл бойы жинадым. Бірін сатып алдым, бірін халық өзі әкеліп сатты. Мен тарихы бар заттарды қадірлеймін және оларды келер ұрпаққа, болашаққа жеткізгім келеді. Адамның тамыры – оның жанын нәрлендіреді. Өз тарихыңды білу, халқыңды сүю және адал еңбек ету – табыстың басты сыры. Сондықтан бұл – өте қасиетті өнер. Зергерлерді, ұсталарды, шын шеберлерімізді өте жоғары бағалаған, төрге отырғызған, патша сарайына сұраусыз еркін кірген. Мұның бәрі ескі жазбаларда сақталған, − дейді Б.Әлібай.
Оның айтуынша, зергерлік өнер дамыған көптеген елде, мысалы Түркияда зергерлікпен айналысатындарға салық салынбайды, шикізаттың өзі субсидиямен жарты бағасына беріледі, өте көп жеңілдіктер жасалады.
− Өзбекстанның да қолөнершілеріне жасаған жағдайын көріп, өте таң қаламыз, қызығамыз, қызғана қараймыз. Ал бізде зергер, шеберлерге «бизнесмен» ретінде қарайды. Біз бизнесмен емеспіз ғой, біз – халқымыздың мыңнан бір адамдарымыз, өнер қонған адамдармыз. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жасап кеткен істі әрі қарай жалғастырушымыз, қаймағын бұзбай келесі ұрпаққа жеткізуші, арадағы көпірміз. Қазақстанда өз үйімді босатып, жанкештілікпен музей ашқан бірден-бір ғана шебер шығармын. Ал көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға барсаң, әрбір шебердің үйі – музей. Мен сол елдерді көп аралап, осындай істі жасап отырмын. Өзім далада тұрсам тұрайын, бірақ өнерімді көрсету үшін, халыққа қызмет ету үшін, мәдениетін дамыту үшін осы музейді арнайы ашып отырмын. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жүрміз, − дейді шебер.
Мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығын зергер-суретші, сала сарапшысы Таймас Мұқашев та растайды. Зергерлік іспен айналысатындарға қадағалау тым көп, бұйрық қатты. Осының салдарынан зергерлікте көлеңкелі бизнес қаптады.
− Үкімет проблеманы байқағысы келмей, тек қатаң шаралармен реттегісі келеді. Алтынмен және күміспен жұмыс істейтіндер арнайы тіркелуі керек. Оның реттейтін құжаты мен өткізетін есебі шамадан тыс көп. Қаржылық мониторинг агенттігі соңғы 2-3 жылда зергерлік саласына қадалып алды, кәсіпкерлерді көлеңкеден ресми бизнеске шығыңдар деп шақырады да, ынталандырудың орнына қамшының астына алады, үлгі ретінде көрсетіп жазалайды. Кеңестік тұста алтынмен айналысатындар ерекше бақылауда болды, сәл қателік шықса сотталып кететін жағдайлар кездесті. Зергерлікке сондай қасаң көзқарас әлі күнге дейін байқалады. Алтын мен күміс – біз үшін жай ғана шикізат. Наубайханашы ұнды сатып алып, нан пісіргені сияқты, зергер де құнды металдардан әшекей жасап сатады, бары сол. Көлеңкелі нарықтағылар еш артық шығынға ұшырамайды, шұлық сатамын деп тіркеліп алып, шын мәнінде алтын сатуы мүмкін. Бірақ алда-жалда оларға ұры түссе, полицияға шағым да жаза алмайды, өйткені алтынмен ресми айналыспайды. Қазір зергерлер ескі әшекейді жөндеумен жан бағып отыр, авторлық бұйым жасайтындар көп емес. Құжат реттеуден шаршағандар «зергер болам ба, заңгер болам ба» деп кәсібін жауып, жиһаз жасауға немесе таксилетуге кетіп жатыр. Сондықтан Үкімет қолдауға кепілдік берсе, көпшілігі жарыққа шығуға, ашық жұмыс істеуге дайын, − дейді Т.Мұқашев.
Бүгінгі таңда елімізде «Қазақювелир», «Алматы зергерлік зауыты», «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны, Sodalit секілді зергерлік бұйымдар өндірісімен айналысатын бірнеше ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал Зергерлер лигасы елдегі зергерлік саладағы кәсіпкерлік субъектілерінің нақты статистикасы жоқ екенін айтады. Себебі зергерлік бұйымдар өндірісімен және саудасымен айналысатын көптеген кәсіпкер экономикалық қызметін дұрыс көрсетпейді. − Дегенмен, біздің шамамен есептеуіміз бойынша, танымал брендтерді, әлеуметтік желілердегі зергерлік ритейлерлерді, онлайн-дүкендерді, ірі маркетплейстердегі сатушыларды, жасырын цехтарды және базардағы саудагерлерді қоса алсақ, бұл саладағы субъектілер саны 20 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш қолданыстағы қиындықтар мен сын-тегеуріндерге қарамастан, қарқынды дамып келе жатқан нарықтың ауқымын айқын көрсетеді.
Расымен де Қазақстанның зергерлік өнеркәсібі статистиканың анық болмауы және мемлекеттен көңіл бөлінбеуі сияқты бірқатар қиындықпен бетпе-бет келуде. Өйткені, нарықтың көп бөлігі көлеңкеде қалып отыр, бұл мемлекеттік бюджетке айтарлықтай шығын әкеледі. Өндірістің артуы мен нарықтың дамуы көбінесе салық жеңілдіктері, шикізатқа қол жеткізу мүмкіндіктерінің жеңілдетілуі және кәсіпорындарға инфрақұрылым құруды қажет етеді. Қазақстанда басқа елдердегідей зергерлік кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін жоғары білікті кадрлар, заманауи жабдықтар және тиімді маркетинг пен сату мүмкіндіктері қажет. Көршілес Өзбекстанның тәжірибесі мемлекет тарапынан қолдауы саланың өсуіне қалай ықпал ететінін көрсетеді. Онда кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер, қолжетімді шикізат, сондай-ақ жеңілдетілген несиелеу және ірі қалаларда өндіріс үшін тегін орындар беріледі. Мұндай тәсіл кәсіпорындарға экономикалық қиындықтарды жеңуге және табысты даму мүмкіндігін береді, − деп мысал келтірді Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы Дінмұхамед Табылды.
Бүгінде елімізде ішкі өндірушілердің зергерлік бұйымдарын сатып алудың артықшылықтары туралы ақпарат өте аз. Зергердің айтуынша, көбі Қазақстанда жасалған зергерлік бұйымдардың сапасы импорттық өнімдерден кем емес екенін түсінбейді және олар әдетте қолжетімді бағамен әрі жергілікті экономиканы қолдай отырып ұсынылады.
− Қазақстан дүниежүзінде күміс өндіруден екінші орын алады, алтын өндіруден алғашқы ондықтамыз, Менделеев кестесіндегі барлық элемент жерімізден табылады. Осындай мықты әлеуетіміз бар. Астананың өзінен алтын, күміс шығаратын аффинажды зауыт аштық, мұндай зауыт дүние жүзінде жоқ. 5-6 жыл бұрын ол жерде алтын, күміс бұйымдарын жасайтын үлкен шеберхана ашпақшы болдық. Оған «Самұрық Қазына» арқылы қаражат бөлінуі керек еді, Италиядан ұстаздар шақырылып, конкурс жасап, оншақты маманды Италияда оқыту көзделген еді. Түптің түбінде қаражат бөлінбей, бастама аяқсыз қалды, − дейді Берік Әлібай.
Алғашқы бұйымдарын жастайынан сақина, жүзік жасаудан бастаған шебердің қорындағы ең танымал туындылардың бірі – Иордания патшайымы таққан бойтұмар екендігін айта кеткен жөн. 2016 жылы Иордания тәуелсіздігінің 70 жылдық мерейтойында ел патшайымы Ранияның қазақ әшекейін тағып шығуы шебердің атын жұртқа әйгілеп, табысын арттыра түскен. – Әрине, патшайым менімен тікелей байланысқа шыққан жоқ. Күндердің күні Мәдениет комитетінің қызметкерлері хабарласып: «Иордания патшайымының мойнындағы алқа қазақтың ұлттық әшекейі ме, анықтап беріңізші», – деп бір суретті жіберді.
Ол сурет көзіме оттай басылды! Бұл қазақтың әшекейі ғана емес, менің қолымнан шыққан зергерлік бұйым екенін айттым. Менде бұйымдарды сыйлыққа беретін тұрақты тапсырыс берушілерім көп. Солардың бірі мен жасаған бойтұмарды патшайымға сыйға тартуы мүмкін. Кейін ол менің басқа да жұмыстарымды – бесбілезік пен өзге әшекейлерімді тағып жүрген. Осыдан кейін қазақ ұлттық әшекейлеріне деген сұраныс айтарлықтай артты. Бабаларымыз бізге баға жетпес мұра қалдырды. Біз сол мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүкіл әлемге көрсетуіміз керек. Уақыт өзгеріп жатыр, зергерлік бұйымдар жасау технологиясы да дамып келеді. Бірақ біздің еңбегіміздің негізі – XVII-XVIII ғасырлардағы шеберлердің дәстүрі. Ол зергерлік өнер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда ол тіпті сәнге айналды, – дейді зергердің өзі бұл жайында.
Айта кетейік, елімізде зергерлер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және оның жанындағы колледжінде, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде және басқа мемлекеттік органдарға қарасты білім беру ұйымдарында оқытылады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балықты бассейнге жібере салумен іс бітпейді
- Бүгін, 16:27
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




