Жетпістің жетеуіне келген Жаңабек ақсақал мен Күлсінай апа 1969 жылы шаңырақ көтеріп, бір-біріне серік, балаларына тірек бола білді. Берекелі отбасында олар бес ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, бар күш-жігерін перзент тәрбиесіне арнады. Бүгінде бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын сақтап, қуаныш пен қиындықты қатар бөлісіп, қол ұстасқан күйі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.
– Менің бар ғұмырым осы Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінде өтті. Әкем Есқожа 1916 жылдары Таластан қалаға келіп, осы жерге табан тіреген екен. Өзім әкеден жалғыз болғандықтан болар: «Балам ертерек үйлен. Алла берсе, төліңнің басы өзіңнің ініңдей, бауырыңдай болып кетеді. Артыңнан ерген тірегің, сүйенерің әрі қолқанатың болады» деп жиі айтатын. Болашақ жарым да осы көшенің бойында, бізден он-он бес үй төменде, әпкесінің үйінде тұрып оқып жүрген студент қыз етін. Күндердің күнінде тағдыр жолымызды тоғыстырып, солай таныстық. Сірә, маңдайымызға жазылған бақ болар, бір-бірімізге көңіліміз ауды. Сыртынан Жуалының қызы, үйінде кәрі әке-шешесі бар, үлкенді сыйлап, кісінің қадірін білетін қыз деген жылы сөздерді жиі еститінмін. Сол әңгімелердің өзі-ақ көңіліме сенім ұялатып, оған деген ықыласымды арттыра түсті.
«Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, осы қыз бұйырып тұр екен, ақырында жолдастарымның көмегімен 22 жастағы сол арумен бір шаңырақтың иесі атандық. Сол күннен бастап ортақ ғұмырдың ұзақ та мәнді жолы басталды. Әрі қарай Күлсінай апаны әңгімеге тартқанымызда, ол жүрек түкпіріндегі сырын жасырмай ақтарды. «Дүниеге жеті перзент әкелдім. Оның бесеуі ұл, біреуі қыз, бір балам шетінеп кетті. Әбіл, Әзім, Орынбасар, Құрманбек, Әділ атты ұлдарымыз бен Толқын деген бір тал қызымыз бар. Бар ғұмырымды сол балаларымды адам қылып өсіруге, жақсы тәрбие беруге арнадым. Сондай-ақ отанасы отбасындағы татулықтың сырымен де бөлісті.
«Мен осы кісінің (Жаңабек ақсақалды айтады) солдатымын. Не айтса да тыңдаймын, тік тұрамын» деп бір күліп алған әже әрі қарай сөзін былай өрбітті: «Бұл кісінің мінезін жақсы білемін. Кейде ашуланып тұрса, қарсы келмеймін, үндемей шығып кетемін. Өз шаруамды істеп, сабасына түскенін күтемін. Осылайша, арадағы сыйластық, түсіністік пен сабыр бізді осы күнге жеткізген болар». Еңбек жолын сонау 1966 жылы «Жамбылсельстрой» мекемесінде қарапайым жүргізуші болып бастаған Жаңабек ақсақал араға екі жыл салып №2581 автоколоннаға ауысып, жиырма жылға жуық осында еңбек етеді. Ал 1997-2009 жылдары аралығында жергілікті «Jambyl» телеарнасында жүргізуші болып еңбек етіп, зейнетке шығады. Сөйтіп ата кәсіппен айналысуға бет бұрып, төрт түлік малды түлетіп, қожалық ашып, балаларымен бірге осы салаға ойысады. Мал шаруашылығы саласындағы басты мақсат – уақыт талабына сай келетін өміршең жобаларды жүзеге асыру екенін әу баста түсінген Жаңабек ақсақал субсидия бөлу, лизингке техникалар алудың арқасында шаруасын шалқытып, тірлігін түзетіп отыр. Ата кәсіп – төрт түлік мал өсірумен айналысатын Жаңабек ақсақалдың бұл ісі жыл өткен сайын жанданып, шаруашылығы кеңейе түсті. Мүйізді ірі қара мен уақ мал өсірумен айналысатын «Бірлік» шаруа қожалығының табысты тірлігі – осының бір көрінісі болса керек.
Осылайша маңдай термен, адал еңбектің арқасында дамыған кәсіп отбасының ырысы мен берекесіне айналды. Балалары мен ұрпағының еңбекқорлығына сүйенген бұл шаруашылық бүгінгі күнге дейін өсіп-өркендеп келеді.
«Бұл – үлкен еңбекпен келген дүние. Сондықт ан балаларыма адал еңбектің наны әрдайым тәтті екенін айтып, соны саналарына сіңіріп отырамын», – дейді ақс ақал.
Жаңабек Сұлт анбековтың елі үшін жасаған еңбегі, облысымыздың агрокешен саласын дамытуға қосқан үлесі әрдайым ескеріліп, еленіп келеді. Оған «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарынан бөлек, 2021 жылы Президент Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталғаны дәлел болса керек. Жаңабек ақсақал қоғамдық жұмыста да белсенді. Облыс орталығындағы №40 кварталдық комитетті 25 жыл көлемінде басқарып келеді. Төрткөл аумағы тұрғындарының талап-тілегін билікке жеткізіп, аумақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға тынбай еңбек етіп келеді. – Әкем 1916, 1932 жылғы ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі зобалаңды көрді. Сол кездегі көргендерін маған айтып беріп отыратын. «Балам, тек өзіңде емес, елде де болсын. Өйткені жалғыз өзіңде болғанның қадірін де, рахатын да көре алмайсың», – дейтін. «Неге?» десем, – Атам қазақ «Елде болса, ерінге тиеді» дейтін. Сонау зұлмат заманда аш жігіттер саудагерлердің не сатып тұрған, не жеп тұрған нанын жұлып алып, аузына тығып, тықпыштап жейтін. Нанның иесі олардың желкесінен төпелеп ұратын. Сондықтан тек өзіңде емес, алдында қара шайы мен наны болса да әркімнің өзінде болса, ешкім кеп сенің наныңа таласпайды, – дейтін.
Осыны өз балаларыма да айтып отырамын. «Дүниеге құнықпаңдар! Бірлік бар жерде, тірлік бар!» деп бар білгенімді, түйгенімді үйретіп отырамын. Балаларым әлі күнге дейін тапқан-таянғанын маған әкеліп, ақылдасып отырады. Балаларымның біреуі алдыма келіп «Тәте, мұныңыз дұрыс емес ғой» демеген. Мұның себебі, сірә, менің айтқан сөзім мен істеген ісімнің бір арнадан шыққандығында болса керек. Егер жаман әдеттерге бой алдырып, ақшаны орынсыз шашқан адам болсам, балаларым да маған дәл бүгінгідей құрметпен қарап, сөзіме құлақ асар ма еді… Ісім де, сөзім де түзу болғандықтан шығар, бүгінде жасы алпысты алқымдаған балаларыма дейін маған бағынып, ақылымды тыңдап, бір тоқтамға келіп отырады», – деген ақсақал өз сөзінің жай ғана әңгіме емес, өмірлік ұстаным екенін ісімен дәлелдеп келеді.
Ол ада л еңбекке, түзу жолға берік болып, балаларына ғана емес, ұрпағы мен немерелеріне де өнеге көрсете білді. Әр ісінде жауапкершілікті, әр сөзінде салмақты ұстанған қарияның өмір жолы кейінгі буын үшін тәрбие мектебіне айналды. Бүгінде оның балалары да, немерелері де еңбекті қадірлеуді, үлкенді сыйлап, бірлікті сақтауды сол кісінің ісінен үйреніп, әулет дәстүрін жалғастырып келеді. Осылайша ақсақалдың өнегелі өмірі тұтас бір әулеттің бағытбағдарына айналып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар құндылық болып қалыптасты.
«Баланы көп сөзбен емес, ісімен тәрбиелеу керек. Көп сөйлеген сайын сөздің де қадірі кетеді», – дейді ақсақал.
Расында да, баланың бойына тәрбие сіңіру үшін құрғақ ақылдан гөрі, атаананың өз ісі мен дұрыс әрекеті әлдеқайда әсерлі. Үлкеннің әр қадамы, әрбір салиқалы шешімі балаға үнсіз тәрбие беріп, өмірлік бағыт-бағдар қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, баланы сөзбен емес, өнегелі ісімен тәрбиелеу – ең дұрыс әрі нәтижелі жол екені анық. Әлі күнге дейін күніне екі-үш биесін 5-6 реттен сауып келетін Күлсінай апа алты баласынан 25-тей немере мен 15 шақты шөбере көріп, олардың қызығын көріп отырған ардақты әже. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін сол немере-шөберелерінің несібесі үшін бие байлап, сауымын жасап, қымызын дайындап келеді. Қартайдым демей, адал еңбектен қол үзбей, шаршамастан осы кәсіппен айналысып жүргені — ұрпағына деген шексіз мейірім мен еңбекқорлықтың айқын көрінісі.
– Төрт ұлымыз да бірінен соң бірі шаңырақ көтеріп, бәріміз бір үйде тату-тәтті өмір сүрдік. Сол бірліктің арқасында келіндерім де өзара сыйласып, бір-біріне әрдайым қолдау көрс етіп, көмектерін аямай келеді. Оларға үнемі: «Сендер оқыған, әрқайсысың өз дипломдарың бар, бізден ақыл сұрасаңдар да, ел көріп, білім жинаған өздерің бізден де озықсыңдар», – деп айтып отырамын. Осындай сыйластық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынасымызға дән ризамын, келіндеріме деген алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды Күлсінай апа.
Шаңырағында бірлік пен ынтымақты ту еткен Сұлтанбековтер әулеті сый-құрметі мен абырой-беделі жарасқан, үлгілі де өнегелі отбасы ретінде көпке үлгі болып отыр. Мерейі үстем, берекесі тасқан Сұлтанбековтер әулеті қайырымдылыққа әрдайым белсенді үлес қосып келеді. Мысалы, 2007 жылы Жаңабек ақсақал балаларымен бірге Сүлейменов көшесіндегі 500 адамға арналған Құлбай баба мешітінің құрылысын аяқтап, ел игілігіне тарту етті. Бұл іс қала тұрғындарының бәріне белгілі болмауы мүмкін, алайда оның маңызы мен игілігі уақыт өте баршамызға аян. Сонымен қатар Сұлтанбековтер әулетінің ұйытқысы Жаңабек ақсақалдың бастамасымен 2021 жылы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылында заманауи талапқа сай спорт кешені мен көпшілікке арналған монша салып берген болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әулеттің бірігіп жасаған қайырымдылығы мен азаматтық үлгісі – қоғамға өнеге, елге береке сыйлайтын тірлік.
– Еліміз үшін әрдайым тыныштық тілеп, заманымыздың амандығын үнемі ойлап жүрем. Біз бұл жасқа аспаннан топ етіп түсе қалған жоқпыз. Аштықты да көрдік, тоқшылықты да көріп жатырмыз. Өмірде көрген-білгеніміз бен олардан түйгеніміз бар. Сол өмірлік сабақтарымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз, – деген ақсақалдың өмірлік тәжірибесі мен терең пайымы, кең ой-өрісі тек өз әулетіне ғана емес, кейінгі ұрпаққа да өнеге боларлық қазына деп білемін.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Балықты бассейнге жібере салумен іс бітпейді
- Бүгін, 16:27
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




