«Тұрақты жұмыс тауып берсе, көмектің «көкесі» сол болар еді...»
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 16:58
- 81
– Гүлнара Омарқызы, соқырлар қоғамының негізгі қызметі қандай? Серіктестік қандай жемісті жұмыстарға қол жеткізді?
– Біздің ең басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Себебі, оларға еңбек нарығындағы кез келген саладан жұмыс табу қиынға соғады. Сондықтан кәсіпорнымызда еңбек ететін жұмысшылардың 51 пайызы зағип жандар. Аты айтып тұрғандай, кәсіпорын болған соң белгілі бір кәсіппен айналысып, тұтынушыларға өнім шығарып, ұсыну керек. Мекемеміздің негізгі қызметі – қазіргі нарық заманында жергілікті өндірісті дамыту. Мысалы, біз қолданыстан шыққан пластик заттардан киім ілгіш, шелек, тазик, қалақ, кір қыстырғыш, ожау секілді өнімдерді әзірлеп, шығарамыз. Біз осы өнімдерді жасай отырып, қоршаған ортаны қоқыстан тазалаймыз. Зағип жандарға арналған тактилдық сары жолақты жасаймыз. Сонымен қатар бізде тағы картонаж цехы бар. Онда картондардан әртүрлі көлемде қораптар жасаймыз. Тағы бір өндірісіміз – тігін цехы. Онда матрас, жастық, төсек жабдықтарын, қыздарға арналған жасаулар, көрпетөсектер тігіледі. Бұл іс тұрмыстық бұйым әзірлеумен қатар, қолөнерді дамытуға үлкен ықпалын тигізеді.
– Кәсіпорын жаңа жылды қандай жаңа бастамалармен бастауда?
– Әрине, жаңа жылды әркім жаңа жоспарларды көздеп, мақсатына жетуге жаңаша серпін алады. Сол секілді мекемелер де жылдық жоспарын әзірлеп, жұмыс жүйесін күшейте түседі. Ал біздің жаңа жылда көздеп отырғанымыз – өндірісіміздің тұтынушылар санын арттыру. Осы бағытта арнайы жоспарымызды жасап, жаңаша бағытта жұмысымызды жандандыра түстік. Бастысы – ұжымда ортақ мақсатқа жұмылған ұйымшылдық болса, кез келген асуды бағындыру қиын емес деп ойлаймын.
– Биылдан бастап мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы көбейтілді, ал көзі көрмейтін немесе әлсіз көретін азаматтарға жәрдемақыдан басқа мемлекет тарапынан басқа қандай көмектер көрсетіліп жатыр?
– Әрбір жаңа жыл басталғанда елдегі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты атаулы әлеуметтік көмектер көбейетіні белгілі. Мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер де өз деңгейімен көрсетіліп отыр. Алайда маған көмектесуі керек» деп үйде отырып қалмай, ерекше қажеттілігі бар азаматтар да қолынан келгенінше еңбектенуі керек. Халықымызда «Балық берме, қармақ бер» деген сөз бар. Расында да көмекке мұқтаж жандарға көмек осы екен деп дайын ас, ақша бергеннен гөрі тұрақты табыс таба алатын жұмыс берген әлдеқайда тиімді. Әрі ол адам да өзін қоғамнан бөлек сезінбей, денсаулығындағы ақаулық өзін қоғамнан шеттетпейтінін білу үшін де көпшілікпен бірге еңбектенгені абзал. Қай кезде де адамды есейтетін де, уайымын ұмыттыртатын да, қуанышқа бөлейтін де – еңбек. «Еңбек бәрін жеңбек» деп халық бекер айтпайды. Сондықтан менің жеке мақсатым және негізгі ниетім – біздің мекемеде жұмыс істейтін зағип жандар мемлекет тарапынан көмек күтпей, өз мүмкіншіліктерімен еңбек етіп, ел қатарлы табыс көзін тапса деймін. Мен көмектің төресі – тұрақты табыс табатын жұмыс беру деп білемін.
– Бұл серіктестіктің басшылық қызметін қанша уақыттан бері атқарып келесіз? Кәсіпорынның болашағы тура лы ойыңыз қандай?
– Бұл мекемеде мен 2018-2025 жыл аралығында Қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалының төрайымы болдым. Ал өткен жылдан бастап «Қазақ соқырлар қоғамының Жамбыл оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарудамын. Әрине, біз кәсіпорынның болашағынан үлкен жетістіктерді күтеміз, сол үшін де барымызды сала еңбек етеміз. Баспасөзге сұхбат беру арқылы жергілікті бизнес өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Бірлік бар жерде береке де болады. Егер жергілікті бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істесек, қазіргіден де үлкен биіктерден көрінеріміз анық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сауапты істегі еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Баланы сөзбен емес, өнегелі ісіңмен тәрбиеле
- Бүгін, 17:32
Балықты бассейнге жібере салумен іс бітпейді
- Бүгін, 16:27
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




