Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Үкіметтің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Нәтижесінде аймақта балық шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар аясында облысымызда тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыруға назар аударылып, 2025 жылға дейін өнім көлемін еселеп өсіру мақсаты қойылған еді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаға жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде халықаралық және республикалық маңызы бар 20 су айдыны бар, олар 366 балық шаруашылығы учаскесіне бөлінген. Ел аумағында балықты өңдеумен жылдық өндірістік қуаты шамамен 120 мың тоннаны құрайтын 72 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттауға құқылы. Бүгінде қазақстандық балық өнімдері Германия, Нидерланды, Ресей және Қытайды қоса алғанда, әлемнің 21 еліне жеткізіледі.
2025 жылдың 11 айында шамамен 59,4 мың тонна дайын балық өнімі өндірілді. Өңдеу көлемін одан әрі арттыру үшін қосылған құн салығын 70 пайызға төмендету, жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Аймақтағы балық өсіру ісін облыстық табиғи ресурстар және т абиғат пайда лануды реттеу басқармасы бақылауда ұстайды. Мекеменің жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаевтың айтуынша, басқармаға облыстағы балық шаруашылығын дамыту жөнінде нақты тапсырма қойылған.
– Облыстың балық шаруашылығы әлеуетін дамыту мақсатында 2020 жылы «Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Аталған құжатқа сәйкес, облыста 2030 жылы 8 000 тоннаға жеткізу көзделген. Бағдарлама аясында 2023 жылы 867,6 тонна балық өсірілсе, өткен жылы облысымыздың аумағында 900 тонна тауарлы балық өсіру көзделген болатын. Алайда жоспар артығымен орындалып, өңірдегі 24 кәсіпкер 1 510,9 тонна тауарлы балық өсірді. Оның 1 083,4 тоннасы – форель, 371,5 тоннасы – тұқы тұқымдас, 50 тоннасы – жайын тұқымдас, 6 тоннасы бекіре тұқымдас балық. Ал биыл аймақтың балық өсіруші кәсіпкерлері 1 276 тонна тауарлы балық өсіреді деп күтілуде, – дейді басқарманың бас маманы.
Балық өндірісінің ұлғаюы салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл ретте шаруалар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрідәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 200 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 130,1 миллион теңге, балық отырғызу материалына 65,9 миллион теңге және балық өсіру-биологиялық негіздеме алуды субсидиялауға 4 миллион теңге бөлінген.
– Бұдан бөлек, былтыр «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасының «Balyqşy» ақпараттық сервисі арқылы акваөсіруге 22 өтінім берушіден балық азықтарын сатып алу, балық өсіру материалын сатып алу және балық өсіру-биологиялық негіздеме сатып алу шығыст арын өтеу субсидияларына өтінімдер түсіп, сатып алу шығыстарының өтеу субсидиясының сомасы 189,157 миллион теңгені құрады. Осы жылы да акваөсіруді субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 122,7 миллион теңге, балық отырғызу материалына 73,3 миллион теңге және балық өсіру-биологиялық негіздеме алуды субсидиялауға 4 миллион теңге беріледі, – дейді Р. Балтаев.
Аталған қолдаулардың арқасында салаға бет бұрушылар қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе, сазан өсіруге ниеттілер көп. Мәселен, «Жанболат» шаруа қожалығы бір жылда – 25 тонна, «Бағдатбек» шаруа қожалығы – 2 тонна, «Тоба» шаруа қожалығы – 40 тонна, «Жуалы и К» ЖШС – 117 тонна, «СандельАгро» ЖШС – 5 тонна, «Арслан» ЖК – 5 тонна, «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы 50 тонна сазан өсірген. Форель тұқымдас балық өсірушілер де айтарлықтай артқан. Мысалы, «Атамекен» шаруа қожалығы бір жылда 20 тонна форель, «Ислам» шаруа қожалығы – 50 тонна, «Сүйіндік» шаруа қожалығы – 45 тонна, «Саурамбаев» ЖК – 6 тонна, «Меридиан» ЖК 10 тонна форель өндірген. «Янтарь» ЖК – 90 тонна, «Айжан» ЖК – 95 тонна, «Қордай балық» ЖШС – 220 тонна, «Балық өнеркәсібі» ЖШС – 2,6 тонна, «Тараз Эко Фиш» ЖШС 20 тонна форель өсіріп, көл-көсір пайда көріп отыр.
Балықтың бұл түрін өсірумен айналысып отырған Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытуды 2021 жылдан бастап қолға алған. Бұл кәсіпке ден қойған Қанат Жұманов Диқан ауылының сыртындағы тоғанға бассейн салып, алғашқыда оған форель балығының 1-2 айлық шабақтарын жіберген. Ол үшін Алматы облысының Есік қаласынан 5 мың данаға жуық форель балығының шабақтары әкелінсе, кейінгілері Тараз қаласы, Шайқорық ауылындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығынан тұрақты алынып отыр.
– 90-жылдардың аяғында құрылған қожалықта негізінен мал бағып, егін егеміз. Отбасыммен ақылдаса келе, балық шаруашылығымен айналысу туралы тоқтамға келдім. Сөйтіп, әкімдікке барып жер сұрадым. Жергілікті атқарушы органдағы азаматтарға балық шаруашылығымен айналысқым келетінін айтып, жо спарыммен бөлістім. Олар бастамамды қолдап, маған Диқан ауылының бір шетінен жер бөліп берді. Ол жерден бассейн құрылысын жүргізіп, Алматы облысынан 35 мыңдай шабақ әкеліп, бассейнге жібердім. Балықтарға берілетін қоректік заттарды да Алматыдан алдырамын, – дейді Қанат Жұманов.
Бүгінде «Ислам» шаруа қожалығы форель балығын өсіру бойынша облысымыздағы екінші орындағы шаруашылық. Біріншісі – Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы «АрНұр» ЖК-нің жаңа форель шаруашылығы. Кәсіпкер Руслан Сауранбаев 2019 жылдан бастап кәсіптік балық өсірумен айналысуда. Мұнда жылына 90 тонна тұқы тұқымдас тауарлы балық өндіріледі. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы Аманжол Шіндебаевтың «Номад» шаруа қожалығында 2022 жылдан бастап балық шаруашылығы қарқынды дами бастады. Осы уақыт ішінде мұнда 200 тонна форель өндірілген.
Аманжол Шіндебаев балықтың ішкі нарықта сұранысқа ие екенін айтады. Сол секілді Меркі ауданындағы «Bester Yard» ЖШС жамбылдықтарды көптен бері африкалық жайынның етімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл – жылуды жақсы көретін балық, сондықтан бассейндегі температураны 26 градустан сәл жоғары ұстау керек. Уылдырықтың сау болуын қамтамасыз ету үшін көбейту процесі жасанды түрде жүргізіледі. Шаруашылықта жылына 20 тоннаға жуық африкалық жайын өсіреді. Өнімдер жергілікті нарықта сатылады.
Жалпы, Жамбыл өңірі балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ саналады. Дегенмен өңірде кенжелеп қалған шаруашылықты алға бастыруға күш салып жүрген кәсіпкерлерге қолдау ауадай қажет. Бұл бағытта өткен жылы елімізде мемлекеттік тапсырыс аясында бағалы балық түрлерінің 21,92 миллион шабақ өсіріліп, су айдындарына жіберілген. Ауыл шаруашылығы минист рлігінің мәліметінше, мемлекеттік балық питомниктерін жаңғырту нәтижесінде олардың өндірістік қуатын жылына 18,4 миллионнан 80,5 миллионға дейін ұлғайту жоспарланған. Қабылданып жатқан шаралар кешені Қазақстанның балық шаруашылығы белсенді әрі тұрақты даму кезеңіне өткенін айқын көрсетіп келеді.
Мемлекеттік қолдаудың күшеюі, саланы цифрландыру, инвестициялардың тартылуы және инфрақұрылымды жаңғырту өндіріс пен өңдеуді арттыруға, су экожүйелерін сақтауға және халықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастыра түспек.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Электронды қызметтер есебінен қағазбастылық азайды ма?
- 26 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




