«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отаншылдықтың нақты көрінісіне айналды

Отаншылдықтың нақты көрінісіне айналды
Автор
Ұлттық құрылтай – Қазақстанның саяси, құқықтық және рухани дамуының жаңа белесін айқындаған маңызды тарихи оқиға болды. Бұл жиын ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың, зиялы қауым мен сарапшылардың ортақ пікір алаңына айналып, қоғамдағы негізгі өзгерістердің бағытын нақтылап берді. Ұлттық құрылтай – мемлекетті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыратын, халық пен билік арасындағы сенімді күшейтетін тиімді тетік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Құрылтайда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформалардың мәніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы: «Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным», деп атап өтті. Бұл сөздер биліктің легитимділігі мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған берік саяси ұстанымды айқын көрсетеді. Сонымен қатар Президент Ата заңды заман талабына сай жетілдіру қажеттігін баса айтты. Цифрландыру мен жоғары технологиялардың қоғам өміріне терең енуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін талап етеді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек», деп болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасын білдірді. Ұлттық құрылтай тек құқықтық реформалармен шектелмей, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесіне де айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, Конституцияның преамбуласында қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің терең тарихы айқын көрініс табуы тиіс. Бұл – ұлттың тарихи жадысын күшейтіп, келер ұрпақтың елдік санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Құрылтай барысында өңірлердің дамуы, әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жастардың ел болашағындағы рөлі кеңінен талқыланды.

Қызылорда жерінде өткен жиын ел бірлігінің, жауапкершілікке негізделген отаншылдықтың нақты көрінісіне айналды. Қорытындылай айтқанда, Ұлттық құрылтай – 2026 Қазақстанның жаңғыру жолындағы шешуші кезеңді айқындады. Бұл жиында көтерілген бастамалар мен айтылған ойлар мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейтіп, «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асырудың берік негізін қалады.

 

 Рустем РАЙШЕКЕЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі

Ұқсас жаңалықтар