Жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» аталған туынды қазіргі қоғамда жиі кездесетін сатқындық пен арсыздықтың кесірінен шаңырағы шайқалған отбасының тыныстіршілігін көрсетеді. Спектакль 47 жаста, 4 қызы бар, профессор Қайырбайдың (Жандар Қырықбаев) жары Фаридамен (Гаухар Сұлтанбекова) үйленгендеріне 25 жыл толуына орай, той жасап жатқан думанды сәтімен басталады. Сахнаның безендірілуі де қарапайым. Төрде бірнеше отбасылық портреттер ілінген. Бір кісілік диван, үлкен айна, ас үйдің үстелдері мен жабдықтары. Би биленіп, той өтіп жатыр. Бірақ, бұл отбасы бақытты ма?
Былай қарасаңыз, отағасы профессор және ғылым докторы, отанасы да университетте доцент әрі ғылым кандидаты, екі қыздары шетелде білім алып жүр. Дүрілдеп «Күміс тойлары» өтуде. Бір отбасы үшін мұнан артық бақыт жоқ шығар деген ой да келеді. Университетте өздері студент болып жүрген кезден таныс достары Райхан (Ризат Қылышбаева) мен Руслан (Мейірбек Есімбекұлы) кезек-кезек тілек айтып, би билеп той иелерінің көңілдерін көтеріп-ақ тастайды. Қойылым міне осылай өте көңілді басталады. Қонақтар қайтқан соң, Қайырбай жұбайы Фаридаға алтын алқа сыйлайды. Жұбайы қуанып «Қап, жаңағы Райхан көрмеді-ау, осы қуанышты сәтімді» деп айтып қалады. Әйелдерге тән шынайы ой. Осы тұста Фарида «Қайырбай, сен осы мені сүйесің бе?» дейді. Әрине, күйеуінің жауабы дайын. «Махаббаттан» күйіп жанып жүр.
Оқырман осы тұста отанасы неге олай деп сұрады деген ойға қалады. Дегенмен, оның неліктен айтылғанын қойылым барысында түсінеді. Екі ғалымның ортасында 15 жасар ерке қыздары Жұлдыз ( Аяна Өмірбек) бар. Бұл отбасында бәрі жақсы сияқты еді. Бір күні ғылым докторы Қайырбай қызметке, ерке қыз Жұлдыз сабаққа кеткенде ол үйге бейтаныс қонақ келеді. Керемет отбасының шырқы дәл осы қонақтың келуіне байланысты бұзылады. Ол – Нәзікеш (Ақнұр Елемесова). Нәзікеш есіктен кіре үйдегі портреттерге, кең бөлмелерге, люстраларға көз тастап шығады. «Бұл Қайырбайдың үйі ме?» дейді. «Сіз Фарида боларсыз. Мен – Нәзікешпін» деп отанасына қолын ұсынады. «Сіз менің есімімді естіген жоқ па едіңіз?» деп қонақ қыз қайта-қайта сұрайды. «Менің келген себебім, Қайырбайдан аяғым ауыр, құрсағымдағы бала үш айлық. Ол кісінің маған берген уәдесі бар. Ол уәде орындалмаса баланы алдырамын. Соны айтуға келдім» дейді. Фарида қобалжи бастайды. «Сен өтірік айтасың. Қайырбаймен жасап жүрген ісіңді қалай дәлелдейсің» деп сұрайды амалсыз. Нәзікеш осы тұста жұлқынып кетеді.
«М-мммм, сізге дәлел керек. Қайырбайдың қасындағы күндерім туралы дәлел. Мен кітапханашымын, әрі ақынмын, өлең жазамын. Сіз кітапханаға барсаңыз, еден жуушыдан директорға дейінгі кісілер профессор мен кітапханашы қыздың махаббатын майын тамызып айтып береді. Жатақханаға барсаңыз да, барлық көршілер біледі. Сұраңыз. Тіпті, «Күміс тойды» өткізіп, бір жақты болған соң, саған үйленемін, пәтер, көлік әперемін» деп уәде берген» деп міз бақпай жауап береді. «Қайдағы пәтер, көлік.
Саған ақша керек пе, мынау ақшаны ал да кет» Фарида ашуланып бір уыс ақшаны «тоқалға» бермек болады. Ол ақшаны алмай, ашуланып шығып кетеді.Міне, осылай бұл шаңыраққа бүлік кіреді. Сабақтан қызы келгенде Фарида тас талқан ашулы еді. Қолындағы уыс-уыс ақшаны мыжып, жыртып тұрған. Қызы есіктен еркелеп кіреді, оның еркелегеніне де қарамай, айқайлап жібереді. Ас үйдегі ыдыс аяқтар тегіс салдырлап кетеді. Сол кезде Қайырбай үйге ұялы телефонмен сөйлесе кіреді. «Күміс той» деген өзі жақсы екен. Өткізіп алдық. Қонақтың бәрі қайтты, жаңа өмір бастағандай болады екенсің» деп арғы жақтағы адамға сөйлеп, өз бөлмесіне өтіп бара жатады. Сол кезде ас үй жақтан салдырлаған қатты дыбыс шығады.
Фарида ашуланып, жайнап тұрған ыдыстарды қолымен бір қағып күл талқан етіп сындырады. Осы тұста ыдыс-аяқтың күл талқан болып сынуынан бір отбасының да берекесі кеткенін бейнелегендей сезіндік. «Фарида саған не болған, жындандың ба? Тыныштық па?» деп Қайырбай жүгіріп келеді. «Қайдан тыныштық болады. Келді анауың» дейді ашулы отанасы. Профессор әуелі өтірік айтып, алдағысы келгенмен, болған жағдайды жасыра алмайды. Ақыры: «Сен Фарида, не деген қатыгезсің. Ол да – менің балам, бәлкім оның құрсағындағы ұл шығар. Қайырбайдың қырық жылғы арманы – ұл. Мен кеттім бұл үйден, мұнда тұра алмаймын» деп ашуланып шығып кетеді. Фарида «Кетпеші» деп жалынып, есінен танып, болып жатқан жағдайларды қабылдай алмай, құлап түседі. Одан әрі Райхан досының көмегімен ауруханадан аман-есен шығып, үйіне келеді. Сергелдең ауыр күндер басталады. Айтпақшы, Нәзікеш те қыз босанып, Қайырбай ішіп кетіпті деген хабарды естиді. Қайырбайдың сырласы, жан досы болып жүрген Руслан мұның үйіне келіп Фаридаға сөз салады, «Маған тұрмысқа шықшы» деп өтінеді. Оқиға осылай шиелінсе түседі. Бірақ, бұған негіз де жоқ емес. Жастықтың жалынымен, жылтыраған сөзіне «ғашық» болып жастай үйленіп алғанымен, Қайырбай мен Фариданың арасында махаббат жоқ.
Керісінше, орталарында бір қыздары болғанша Русланды ойынан шығармаған. Руслан кафеге шақырған кезде барған, билеген, сырласқан, үміттендірген. Тіпті, оны сүйіп те қалған. Бірақ, махаббатын ақылға жеңдіріп, отбасының шырқын бұзғысы келмей Қайырбайға қайта оралған. Руслан сол жағдайды еске салады. Фарида: «Түсін, ол кезде мен жас едім, басқаша едім. Қазір төрт қыздың анасымын, Руслан бәрі кеш» деп тағы да сезімін ақылға жеңдіреді.
Бұл жерде бір жағынан қанша көңілі қалап тұрса да, жан досының әйеліне сөз айтуы Русланның арзан ойлы, сатқын, тұрақсыз адам екенін көрсетеді. Оқиға барысында Қайырбайдың екі әйелдің ортасында қалып, басы қататын кезі бар. Ақыры Нәзікештің артынан кетеді. Сол кезде Фарида төрде ілулі тұрған портреттерді жұлып алып, жыртып тастайды. Қайырбайдан үміт үзгенін осы қимылы арқылы білдіреді. Бұл бәлкім режиссердің шешімі болар, қалай дегенде де оқиғамен қабысып тұр. Қойылым соңында Нәзікеш Қайырбайдан ажырасамын деп шешім қабылдайды. Басқаша өмір бастағысы келеді. Қыз туған соң Қайырбай да оған қарамай, уәдесінің бірін де орындамай, далада қалдырады. Нәзікеш ғылым докторы жоқ кезде аталған үйге барып, Фаридаға кішкентай шақалақ сәбиді тастап, жаңа өмір бастайтынын айтып, шығып кетеді. Спектакль Фариданы ортада ойға шомған сәтімен аяқталады. «Жас күніңді, сұлу кездеріңді бағаламадың. Енді бес қыздың анасысың. Жоқ, әлді де бір адамды қызықтырып, тұрмысқа шығуға жарайтындай ажарың бар. Одан не шығады, онда не мұрат бар? Бұл қандай заман? Есепке құрылған өмір, ғашықсыз ғасыр. Не болып кетті, отбасымыз не болды?» деген көптеген сұрақтарға жауап іздеуі көрерменді де бей-жай қалдырмайды.
Қойылымда ақыл айтылып, мораль оқылмайды. Жанға тиетін, санаңа сәуле түсіретін жағымды дүниелерді әсерлендіріп, көңілге қонатын дәлелмен жеткізеді. Сонымен қатар, спектакль көрерменді ойлы, парасатты пікірмен сүйсінтеді. Шаңырақтағы шаттық, бақыт, ынтымақ-бірлік сияқты қасиеттер жоғалса, мұның елдің ертеңіне кесірін тигізер зардап болатындығын санамызға сіңіреді. Отбасы құндылығы бәрінен жоғары екенін көрсетеді.
Біз қойылымның соншалықты әсерлі болғанын көрерменнің спектакльді қалт жібермей тамашалағанынан, көпішіліктің ұзақ соққан шапалағынан, бәрі ойға шомып үнсіз қайтып бара жатқанынан аңғардық.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




