Әлемде қаржылық сауат жөнінен батыс елдері бірінші орында. Олар инвестиция бала кезінен басталатынын біледі. Ұлыбритания билігі 2008 жылы басталған дағдарыс салдарымен күрес мақсатында қаржылық сауат дәрістерін бастауды ұйғарды. Алғашында «Ақшаны басқару» атымен қосымша ретінде оқытылды, кейін математика пәніне курс ретінде енгізілді. 2014 жылы ел мектептерінде қаржылық сауаттылық жеке міндетті пәнге айналды. Бастауыш мектепте балаларға үш жыл бойы жеке шоттардың не екенін және оларды қалай жүргізу керегін айтады. Чехиялық бастауыш және орта мектепте «Financni gramotnost» (қаржылық сауат) деп аталатын пән бар.
Балаларға ақшаның не екенін, жеке кіріс пен шығынды бөлу, бақылау және реттеуді түсіндіреді. Оқушылар салық, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен киім-кешекке жұмсалатын шығын, тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға жұмсалатын қомақты шығын, сондай-ақ қаражатты жинау, салу және жеке бизнесін ашу туралы ақпарат алады.
Жапонияда 6-7 жаста бала тауардың немесе қызметтің құны қандай екенін түсініп, өз бюджеті шеңберінде сауда жасай алып, қалтадағы ақшаны үнемдей алуға тиіс. Ал 8-9 жасында қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді ажырата біліп, бюджет көлемін түсініп, қаржы жоспарын жүргізе білуі қажет.10-11 жасында жапон оқушылары зат сатып алуды жоспарлау және оларды тиімді сатып алу мен депозит шарттары туралы да біледі. 12-14 жаста оқушыларға үй шаруашылығының кірісі мен шығысы туралы айтылады, облигациялар мен кредит, тәуекел мен табыс туралы білім беріледі.15-17 жас аралығында оқушыларға ақшаны қалай басқаруды және ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауды үйретеді.
Швецияда балаларға акциялар мен облигацияларды сыйлыққа беру қалыпты жағдай. Өйткені капитал баламен бірге өседі. Швецияда балаларды жынысқа бөлмейді және тек ботқа пісіруді ғана емес, сонымен қатар үй бюджетін жүргізуді де үйретеді. Бұл тақырып «үй экономикасы» деп аталады. Оның бағдарламасына өнімді сауатты сатып алуды үйрету, шотты төлеу және несие бойынша төлемді есептеу кіреді. Швецияда қарызға ақша алу және қарызға беру жат әрекет. Мұны ешкім жасамауға тырысады, өйткені әдепсіздік саналады.
Шведтер бар қаражатымен өмір сүру үшін мұқият жоспарлауға тырысады. Егер жаңа көлікке ақшасы болмаса, несие отбасылық бюджетке салмақ түсіретін болса, онда ескі көлікпен жүре береді немесе қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал Қазақстанда қаржылық сауаттылық сабағын қолға аламыз деп айтқалы біраз уақыт өтті. Қаржы басқармасы, қаржы агенттігі басқармалары анда-санда барып қаржылық сауаттылыққа үйреткенімен, оқушылардың одан сауаты артып кетпесі анық. Бүгінде жеке дара онлайн, оффлайн сабақтар көп-ақ. Ақшасын төлесең мұндай оқулардың түр-түрін оқисыз. Алайда бастауыш сыныптар мен жоғары сыныпта қаржылық сауаттылыққа, кәсіп бастауға қатысты арнайы пән жоқ.
– Мектептерде медиасауаттылық деген қосымша пән бар. Қаржылық сауаттылық соның ішіне кіреді. Тек қаржылық сауат ашу деген пән жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, Іскер әйелдер қауымдастығы тарапынан, қаржы басқармасынан кейде мектеп оқушыларына сабақ, тренинг өтеді. Мойындаймыз ол аздық етеді. Біз де жоғары жаққа бағынамыз. Министрлік не дейді сол болады. Инвестиция, бағалы қағаздар, депозиттер, кредит, микроқаржы сынды түсініктемелерді түсіндіріп, кішкентай кезден ақшаны қалай жинауға болатынын үйретсе, құба-құп, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы Маржан Арын.
Отбасылық бюджет туралы балалар бәрін білгені абзал. Үйге қанша табыс келіп жатыр, оның қаншасы шығынға кетті? Осы сұраққа әрқайсысы жауап іздеуі керек. Кез келген отбасы – модель. Әкесі мен шешесі үнемі қарызға батып, несиесін төлей алмай жүрсе, болашақта бұл жағдай баласының басында қайталануы мүмкін. Бұл балаға темекі шекпе деп айтып алып, өзі темекі шеккенмен бірдей. Ата-ана қаржылық сауаттылық туралы баласына айту үшін ең алдымен өзі сауатты болғаны жөн. Жалпы, қаржылық сауаттылық дегеніміз – отбасылық бюджеттен басталады. Отбасылық бюджет дегеніміз – қаржылық ортақ мақсат құра білу. Қарыз бен кредитке малынып, айлықтан шайлыққа дейін жүргеніміз өзімізге сын, балаға жаман үлгі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Сұраныс көбейген сайын қызметтің сапасы да
- Бүгін, 18:31
«Барыңды бағала»: жастармен ашық диалог өрбіді
- Бүгін, 16:47
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




