«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәдениет – өмір мәйегі

Мәдениет – өмір мәйегі
Автор
Бүгінгі күні облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 506 мекемеде нақты 3648 қызметкер жұмыс атқарады. Оның 793-і басқармаға қарасты мекемелерде, ал 2855 адам аудан, қала әкімдеріне қарасты мәдени нысандарда жұмыс істейді.

16 мәдениет нысаны ағымдағы жөндеуден өтті

2025 жылы 16 мәдениет нысандарының құрылысына 1,4 миллиард теңге қарастырылып, 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 5 нысан қаржылық жоспарына сәйкес 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар 207 миллион теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен 16 мәдениет нысандары ағымдағы жөндеуден өтті.

– Шығармашылық бағыттағы жұмыстарға тоқталатын болсам, облыстық халық шығармашылығы орталығы облыстағы мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін үйлестіріп, ауқымды шығармашылық ісшараларын ұйымдастырып, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын іске асыруда, – дейді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

Тағы бір айтары, бүгінгі күні облыста 202 мәдениет үйлері мен клубтар мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Оның 180-і типтік ғимаратта, 22 клуб ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Облыс көлемінде 819 үйірмеұжымдарға 10918 адам тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 620 үйірмеге 8526 бала қатысады. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 355,2 миллион теңге бөлініп, қажетті құралжабдықтармен қамтамасыз етілді.

Барлық кітапханалар автоматтандырылған бағдарламалармен жұмыс істейді

Облыс бойынша 275 мемлекеттік кітапхана облыс халқына қызмет көрсетіп отыр. Оның 3-уі облыстық, 17- сі қалалық, қалған 255-сі аудандардағы кітапханалар. 2025 жылдық есеп бойынша облыс кітапханаларының кітап қоры – 3865451 дананы құрап, оның мемлекеттік тілдегісі 2163003- ке жетті. Кітап қорына 150300 дана (106679 – мемлекеттік тілде) кітап келіп түсті. Оның ішінде кітап қорын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 95283 мың теңгеге 18122 дана әдебиет алынды, оның 16824 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Барлық кітапханалар автоматтандырылған бағдарламалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ жергілікті ақынжазушылар кітаптарының электронды нұсқаларына еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата кітапханасы» («Aulieata library») мобильді қосымшасы іске қосылды.

Бүгінгі күні бұл қосымша «Google Play», «Appstore» платформаларына орналастырылып, оқырмандарға қаламгерлердің шығармаларын электронды оқуға мүмкіндік жасалған. Мобильді қосымшаның ауқымы кеңейтіліп, басқа да елімізге белгілі ақын-жазушылардың кітаптарымен толықтырылуда.

– Облыс кітапханаларында жыл бойы «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Кітапхана – мәдениет ордасы», «Ойыма ой қосқан шығарма», «Book & Art», «Anime», «Кітап мұхитындағы аралдар», «Жастар – кітап әлемінде», «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Өміріме әсер еткен бір кітап», «Отбасымызбен бірге оқимыз», «Жазғы демалыс кітаппен бірге», «Жүзден жүйрік» және т.б. іс-шаралар кешені өткізіліп, оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру мақсатында «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан», «Оқуға құштар жүректер», «Кітап оқы – арманға ұмтыл» атты шығармашылық байқаулар, зағип оқырмандар арасында «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты республикалық байқау, кітапханалар арасында «Ел үшін туған ерлер», «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқаулары ұйымдастырылды, – дейді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

Қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді

Облыс театрлары 70 мың көрерменге 400 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 11 жаңа қойылым сахналады. А. Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 35 995 көрерменге 190 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында 5 жаңа қойылым сахналады. Олардың қатарында С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы, У.Шекспирдің «Ромео мен Джулетта» трагедиясы, Шығыс елінің «Мың бір түн» ертегі желісі бойынша «Алладин және сиқырлы шам» ертегі-қойылымы, М. Мақатаевтың «Қош, махаббат» драмалық қойылымы, М. Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің желісімен дайындалған «Бақтығұл» драмасы бар.

Жамбыл облыстық орыс драма театры 34 мың көрерменге 210 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында 6 жаңа қойылым сахналады. Ол: А.П.Чеховтың «Вишневый сад» трагикомедиясы, Н.В.Гогольдің «Женитьба», И.В. Сединнің «Алия – дочь казахской степи», М.Задорновтың «Последняя попытка» комедиясы, Кен Людвигтің «Примадонны» пьесасы бойынша сахналанған «Сейчас или никогда» қойылымы, Александр Гриннің «Алые паруса» атты повесіфеериясы бойынша «Алые паруса» спектаклі.

Жыл басынан бері театр ұжымдары Талдықорған, Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларына және облыстың Қордай, Меркі аудандарына гастрольдік іссапарлармен барып қайтты. А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры Түркия Республикасының Анталья қаласында өткен 17-ші «Халықаралық Ақ теңіз театр фестиваліне» қатысты. Театрдың 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе берілді.

К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 316 концерт ұйымдастырып, онда 80 мыңға жуық көрермен қамтылды. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары облыстың аудандарында және Алматы қаласы, Жетісу облысына гастрольдік концерттер ұйымдастырды.

Жыл ішінде Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында, Италияның Вьесте қаласында, Францияның Париж қаласында өткен Халықаралық фестивальдерге қатысты. Сонымен қатар филармония өнерпаздары қазан айында Республика күніне орай Германияда және Сауд Арабиясы Корольдігінде өнер көрсетті.

Биылғы жылдың 31 қаңтар мен 15 ақпан аралығында облыстық филармонияның әртістері Үндістанда өтетін халықаралық қолөнер жәрмеңкесіне қатысады.

Жамбылдық жас ақын «Қола домбыраның» иегері атанды

Бүгінгі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны – 3479. 2025 жылы ерте ортағасырлық «Бесағаш» (VI-XII ғғ. – Атлах) қалашығының орны (25,0 млн. теңге) және Қазақ хандығы ту тіккен аймаққа ғылыми-зерттеу (20,0 млн. теңге) жұмыстары жүргізілді. «Бесағаш» қалашығында Талас өңірінің тарихына байланысты қытай зерттеулерін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті мәліметтер қазақ тіліне аударылды. Қазба жұмыстарының нәтижесіне сәйкес және Қазақ хандығының 560 жылдығына орай, ғалымдардың қатысуымен «Өркениеттер тоғысындағы Талас: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференция өтті. Жыл ішінде облыс музейлерінде 121 мыңға жуық экспонаттарды 65917 келушілер тамашалап, 2563 экскурсия, түрлі тақырыптарда 497 көрме ұйымдастырылды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының 115 жылдығына арналған «Б. Момышұлының мұралары: тарих пен таным» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясы ұйымдастырылып, «Бауыржан Момышұлы» музейі ашылды. Шерхан Мұрт аза атындағы Руханият және тарихтану орталығы тарапынан идеологиялық бағыттағы бірқатар жобалар іске асырылды. Орталықта «Дәстүр және өнер» бөлімі ашылып, «Даналық мектебі», «Шаңырақ шуағы», «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» бағытында жұмыстар атқарылды. Орталық жанынан «Асабалар алаңы» қоғамы құрылып, той мәдениеті тақырыбында әдістемелік нұсқаулық дайындалды.

Бала тәрбиесін бесіктен бастаудың бір үлгісі ретінде «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасы сәтті жүргізіліп, ерікті әжелерге көмекші құрал ретінде ертегілер жинағы жарық көрді. 2025 жылдың басынан «Әулие ата аңыздары» жобасы аясында облыс аумағындағы жер-су аттарына байланысты аңыздарды жинақтау жұмыстары жүргізіліп, «Әулиеата аңыздары» атты жаңа кітап жарық көрді. Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл өңірінің жыршылық дәстүрін дамыту және насихаттау, ескі мақамдар мен жырларды жаңғырту мақсатында «Аталардан қалған сөз» атты облыстық жыршылар бауқауы, «Тыңда, дала – Жамбылды!» атты республикалық байқау өткізілді.

Орталықтың ұйытқы болуымен Талас ауданында Ұлбике ақынның 200 жылдығына орай «Он екімде өлеңмен тілімді аштым» атты аймақтық ақындар айтысы, Байзақ ауданында Ауған соғысының ардагері, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевті еске алуға арналған «Алты Алашқа танылған ақын еді...» VII облыстық ақындар айтысы өтті.

Астана қаласында өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысында Жамбыл облысының намысын қорғаған жас ақын Інжу Жаңабай ерекше өнер көрсетіп, «Қола домбыраның» иегері атанды.

Ономастика саласына үлкен жауапкершілікпен қарау қажет

Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша өңірде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 90,8 пайызды құрайды. Этнос өкілдерінің 77,8 пайызы қазақ тілін меңгерген. Басқарма тарапынан тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 99,9 пайызды құрап отыр.

Тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған қазақ тілі мен ағылшын тілі тыңдаушыларының «SŐİLE» (80) және «RELAX AND LEARN» (11) клубтарының ай сайынғы өткен 91 отырысына 1022 тіл үйренуші қатысты. Қордай ауданында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілдік орт а қалыптастыра отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін «ŞAÑYRAQ» клубының 22 отырысы өтіп, онда 104 адам қамтылды. Сонымен қатар тілдерді оқыту орталығы тыңдаушыларының сабаққа нақты қатысуын бақылау мақсатында «Face ID» жүйесі орнатылып, толыққанды жұмыс жүргізіліп отыр. Облыста тіл саясатын насихаттау, тілдік кемсітушілікке жол бермеу, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында да іс-шаралар ұйымдастырылуда.

– Ономастика жұмысына тоқталатын болсам, облыста 5835 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері бар. 5478 көше атауларының 868-і (15,8 пайыз) – жер-су атымен, 1284-і (23,4 пайыз) – дәстүрлі атаулар, 3326-сы (60,8 пайыз) кісі есімімен аталады. Облыс бойынша 278 құрамдас бөлік тізімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау жөніндегі жол картасына енгізілді. Тараз қаласының шекарасы кеңеюіне байланысты республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынып, екі ауданға Әулиеата, Жібек жолы атаулары берілді. 2024- 2025 жылдарға жоспарланған жол картасының және Тараз қаласының екі ауданға бөлінуіне байланысты атауы қайталанатын, жалпы 275 құрамдас бөліктерге атау беріліп, қайта аталды, – дейді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

Қалған Талас ауданы Қаратау қаласының 3 құрамдас бөлігін қайта атау бойынша республикалық ономастика комиссиясынан келісім алынып, заңдастыру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлерінің есімдерін атауы жоқ көшелер мен даңғылдарға беру мүмкіндігін қарастыру жөніндегі тапсырмаға байланысты облыс бойынша 20 тұлғаның есімдерін атауы жоқ жаңа көшелерге атау беруге рұқсат берілді. 8 құрамдас бөлікке ҰОС ардагерлерінің есімдері беріліп, қалған 12 тұлғаның есімін ұлықтау жұмыстары уақытша тоқтатылды. Облыс бойынша қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің есімдерін елді мекендердің көшелеріне беру бойынша 19 тұлғаның есімін ұлықтау тапсырылған. Оның ішінде Байтасов Ғазиз Әбдібекұлына – Тараз қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың шешімімен облыс орталығынан және Воржев Анатолий Андреевичке – Қордай ауданы әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органның ұйғарымымен Қордай ауылынан көшеге есімі берілген.

Бүгінгі күні Тараз қаласының 7 құрамдас бөлігін қайта атау бойынша ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылды. Облыстағы атауы жоқ көшелер мен атауы қайталанатын көшелерге атау беру, оларды қайта атау бойынша 2026 жылғы жол картасына 245 құрамдас бөліктің тізімі және 2027 жылғы жол картасына 27 құрамдас бөліктің тізімі Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынылды.

– Ономастика – үлкен қоғамдық маңызы бар, елімізде үлкен саясиәлеуметтік, мәдени маңызға ие саяси сала. Оның мазмұны этноспен, қоғамдық өмірмен және мәдениетпен де тікелей байланысты. Еліміздегі атаулардың барлығы біздің мәдени құндылықтарымыздың бірі болып табылады. Сондықтан ономастика саласындағы жұмыстардың барлығына үлкен жауапкершілікпен қарап, резонанстық жағдайлардың орын алмауын қатаң сақтай отырып, тиісті жұмыстарды жүргізу қажет, – дейді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

2025 жыл Жамбыл облысындағы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының ресми ашылуымен басталып, жыл ішінде 3 халықаралық, 13 республикалық және бірқатар облыстық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. 2026 жылы да 3 халықаралық, 9 республикалық және 40-қа жуық облыстық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 

Оралхан ДӘУІТ

 

Ұқсас жаңалықтар