Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға нақты жауап берді. Ең алдымен, Парламенттік жүйенің дамуына байланысты: бірпалаталық Парламент қалай аталады, құрамында қанша депутат болады, олар қалай сайланады? Жаңа сайланатын Парламент биліктің басқа сатыларымен байланысты қалай орнатады? Елімізде бірпалаталы Парламентке көшіп, Сенатты тарату туралы ойлар халықтың арасында соңғы жылдары жиі айтылып келеді.
2025 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған Жолдауында Мемлекет басшысы осыған байланысты өз ойларын айтқан болатын. Кешегі Ұлттық құрылтайда бұл мәселе бойынша Президент келесі ұсыныстар жасады.
Біріншіден, жаңа Парламент «Құрылтай» деп аталу керек. «Парламент» және «Сенат» дегеніміз шетелдік терминдер. Мысалы, көршілес Қырғыз Республикасында бірпалаталық Жоғары өкілетті орган «Жоғары Кеңеш» деп аталады. Сондықтан еліміздің ұлттық ерекшелігін ескеріп, жаңа Парламентті Құрылтай деп аталуы өте дұрыс деп ойлаймыз.
Екіншіден, жұмыс тобында депутаттар санын 500-ге жеткізу туралы ұсыныс айтылған. Мемлекет басшысы «сан емес, сапа керек» деп, жаңа Парламенттің құрамы 145 адамнан тұру керек деп айтты. Бүгінде Сенатта 50 депутат, Мәжілісте 98 депутат, барлығы 148 депутат жұмыс атқарады. Яғни депутаттардың саны 3 адамға қысқарып отыр.
Үшіншіден, Парламент депутаттарын сайлау тәртібі өзгерді. Депутаттар тек саяси партиялар тізімімен сайланады. Парламенттегі Президенттің квотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Бұл дегеніміз, саяси партиялардың арасында бәсекелестік өседі деген мәселе. Саяси партиялар электоратпен кері байланысты дамытып, өңірлерде филиалдарының жұмысын күшейту керек.
Төртіншіден, Қазақстандық қоғамда жаңа Парламенттің алатын орны күшейеді. Мысалы, енді Жоғары соттың судьяларын Президенттің ұсынысымен депутаттар сайлайтын болады. Бесіншіден, ең негізгі мәселе: қабылданған заңдардың сапасына, олардың халықтың игілігіне нақты жұмыс істеуіне жаңа Парламент – Құрылтай жауапты болады. Парламентте екі Палата болғанда заң жобалары Мәжілістен шығып Сенатқа барады. Яғни Сенат «қосымша фильтрдің» жұмысын атқарады.
Енді барлық жауапкершілік Құрылтайда болады. Яғни, депутаттарға қойылатын талаптар күшейеді. Біз кәсіби Парламентке қадам бастадық. Депутаттардың құрамында білімді, білікті, отаншыл, жауапкершілікті өзіне алып шешім қабылдайтын, халықтың мәселелерін шеше алатын азаматтар болу керек.
Жалпы, қорыта айтсақ, кез келген саяси және конституциялық реформа еліміздің дамуына, қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталады. Барлығымыз жақсы өмір сүргіміз келеді. Олай болса, Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындауда нақты үлесімізді қосуымыз керек.
Махметғали САРЫБЕКОВ
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




