«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт ұясы Ұлытаудан – Алаштың анасы Сыр еліне дейін...

Ұлт ұясы Ұлытаудан – Алаштың анасы Сыр еліне дейін...
Автор
2022 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын дала демократиясының жаңғырған дәстүрі – Ұлттық құрылтай өтіп келеді. Осы күнге дейін өткен бес отырыста көптеген келелі мәселелер көтеріліп, Республика күнін қайтарудан бастап, үш атом станциясының құрылысы, үш жаңа облыстың құрылуы, сот реформаларындағы өзгерістер, бір палаталы Парламент құру және Вице-президент лауазымын енгізуге дейінгі тарихи шешімдер қабылданды. Біз бүгін Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтайдың Қызылордаға дейінгі әр жиынында қабылданған шешуші шешімдерге қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Құрылтай – қазақ халқы тарихына тереңінен енген ежелгі дәстүр. Тарихи тұрғыдан алғанда, құрылтай дәстүрі қазақ хандығы кезеңінен басталады, онда ел тағдырына қатысты шешімдер алқалы жиындарда қабылданып отырған. Бұл нағыз дала демократиясы болды. Бүгінде Құрылтай ел тұрғындарының пікірі мен көзқарасы тоғысатын, мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды деуге болады.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ежелгі дәстүрді жаңғырту туралы шешім қабылдап, сол жылғы халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланған еді. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады», – деген еді Президент.

Көп ұзамай Ұлттық құрылтайдағы алғашқы басқосу – ұлт ұясы Ұлытауда, екінші дәстүрлі жиын – түбі бір түркі жұртының қарашаңырағы Түркістанда, үшінші отырыс 2024 жылы Жайық жағасында жалғасын тауып, шежірелі Атырауда, былтыр төртінші жиын Көкшенің көрікті жері – Бурабайда өтсе, Құрылтайдың кезекті жиынына жиналғандар күні кеше ғана Сыр елінде – қастерлі Қызылорда жерінде бас қосты.

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай

Осыдан төрт жыл бұрын елдегі ауқымды саяси өзгерістердің ізашары саналған жалпыхалықтық референдумнан кейін Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда ел дамуына қатысты көптеген мәселе сөз болды. Құрылтайдың 16 маусымда өткен алғашқы отырысында Мемлекет басшысы бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен ҚасымЖомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды.

Бірінші Ұлттық құрылтай елдің саяси бағытын айқындаған, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырған маңызды алаң болды. Онда көтерілген мәселелер кейінгі реформаларға негіз болып, нақты шешімдер қабылдауға жол ашты. Атап айтқанда, елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық, әлеуметтік және рухани мәселелер кеңінен талқыланды. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.

Біріншіден, Президент жалпыұлттық бірлікті нығайту туралы айтты. Екіншіден, ол реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру бойынша жұмыстарға тоқталды. Үшінші мәселе – жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру. Құрылтайда жастар саясатына мән беріліп, сапалы білім мен жұмыспен қамту, жастардың ел дамуына белсенді араласуы сынды мәселелерге ұсыныстар айтылды.

Нәтижесінде жастарға арналған тұрғын үй және жеңілдетілген несие тетіктері іске асты. Жыл сайын білім гранттары мен академеялық мүмкіндіктері артты. Ұлттық бірлік пен әлеуметтік үйлесім, экономикалық реформалар, басқару және сыбайлас жемқорлықпен күрес, қоршаған ортаны қорғау мен мәдени даму тақырыптары талқыланды. Конституцияға өзгерістер енгізу, билікті орталықсыздандыру, салық реформалары, инфрақұрылымға инвестиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң бақылау, әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту, тұрғын үй және денсаулық субсидиялары, жасыл технологияларды енгізу шаралары ұсынылды.

Көп ұзамай елімізде конституциялық өзгерістер қабылданды, жаңа экономикалық саясаттар енгізілді (салық жеңілдіктері, инфрақұрылым жобалары), сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқандар жүргізілді, әлеуметтік қолдау кеңейтілді, білім реформалары іске қосылды, экологиялық ережелер күшейтілді. Сонымен қатар үш жаңа облыс құрылды. Бірінші құрылтайдың ең маңызды шешімі – Республика күні (25 қазан) қайтарылып, оған ұлттық мереке мәртебесінің берілуі болды.

Киелі Түркістандағы келелі кеңес

Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы 2023 жылы 17 маусымда Қазақстанның рухани астанасы Түркістанда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өтті. Президенттің сөзі әділеттілік, адалдық және азаматтық жауапкершілікке арналды. Жиын реформалардың жалғасуы және қоғамдық сенімді күшейту мәселелерін талқылады. Келелі басқо суда көтерілген мәселелер ауқымы кеңейіп, бір жылғы жұмыстың қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар ауқымды саяси жаңғыру жоспары туралы айтылды.

«Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек», – деді Президент.

Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Сол үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс істеуге тиіс. Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты 8 бағытына тоқталды.

Атап айтқанда, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи санасезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру, ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды. Сонымен қатар нашақорлық, лудомания сияқты қоғамға қауіпті құбылыстардың алдын алу мәселесі көтеріліп, бұл бағытта кешенді шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды.

Осы Ұлттық құрылтайда Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай мен Марқакөл және Абай облысындағы Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын айрықша атап өткен жөн. Түркістан төрінде айтылған ойлар мен ұсыныстар елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындауға ықпал етті. Сот реформалары үшін жаңа заңдар қабылданды, шағын бизнеске салық жеңілдіктері енгізілді, денсаулық және білім бағдарламаларына қаржы бөлінді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқандар жүргізілді, азаматтық қатысу үшін цифрлық құралдар іске қосылды.

Атырауда өткен алқалы жиын

Ұлытаудан басталып, Түркістанда табан тіреген Ұлттық құрылтай 2024 жылы ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Жайық жағасындағы Атырауға жетті. Бұл Құрылтайда Президент төрт ауқымды инфрақұрылымдық кешеннің іске қосылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ отырыста көтерілген өзекті мәселенің бірі – халықты баспанамен қамтуға байланысты жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу болды.

Бұдан бөлек, 2024 жылы елімізде 12 мың шақырым жолға жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш деуге болады. Ал келесі мәселе – халықты газбен қамту болды. Жыл ішінде кемінде 1700 шақырым газ желілері жаңғыртылып, осылайша 300 мыңға жуық адамды көгілдір отынмен қамту міндеттелді. Президент Атырауда өткен алқалы жиында төл тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеп, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды.

Сонымен бірге, қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлықзомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализм мен ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Олар – тәуелсіздік және от аншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

«Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді ел Президенті Атырауда өткен құрылтайда.

Соңғы жылдары күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Құрылтай барысында бұл тақырып та кеңінен талқыланды. Заңды күшейту, әйел теңдігі мәселесі айтылды. Бұл мәселе Түркістандағы құрылтайда да көтерілген еді, үшінші отырыста та тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм бойынша үлкен қадамдар жасауға ұсыныстар айтылды.

Бұл бағытта тек заңмен шектелмей, тәрбиелік, мәдени және ақпараттық жұмыстарды қатар жүргізу керектігі атап өтілді. Мемлекет басшысы қоғамды жайлаған кеселдермен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Елдің алдағы бағдары айқындалған Көкше жиыны

Былтыр Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы еліміздің қоғамдықсаяси реформаларын талқылаудағы маңызды кезең болды. Алқалы жиында Президент елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Басқосуда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды. Бұл отырыста Президент көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірді.

Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді. Көкше жерінде Атырауда айтылған мәселелердің қалай шешімін тапқаны айтылды.

Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасының негізінде 10 заң жобасы дайындалып, оның 9-ы қабылданған. Атап айтқанда, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңмен тиянақталып, балаларға қатысты зорлықзомбылықтың барлық түрлері үшін жаза күшейтілген; электронды тұтыну жүйелерін (вейптер) әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық заңнамалық тыйым салынды; құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынып, лицензиясыз онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселерді бұғаттау қолға алынған.

Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды, ескерткіштер мен табиғи объектілерге қатысты вандалистік әрекеттер үшін жаза күшейтілді, есірткі қылмысы үшін жаза күшейтілді. Сатуды ұйымдастырушы мен есірткі бизнесін қорғайтын шенеуніктерді өмір бойына бас бостандығынан айыру бекітілді және ономастика мәселелеріне қатысты түзетулер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткендей, елімізде білім беру саласын дамыту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Энергетика саласында да маңызды өзгерістер орын алуда.

Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғыларына негізделген жаңа электр стансалары бой көтереді. Сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылады. Бұл жобалар елдегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев АЭС-ке қатысты ойын айтты. «Мен Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деген еді Президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда.

Жалпы алғанда, төртінші Ұлттық құрылтай Қазақстанның әділетті және гүлденген қоғам құру жолындағы маңызды қадам болды. Ол алдыңғы құрылтайлардың нәтижелерін нығайтып, жаңа реформаларға жол ашты, қоғамдық сенімді күшейтті.

Сырдағы Құрылтай – сындарлы шешімдер алаңы

Еліміздің келелі мәселелерін талқылаған V Ұлттық құрылтай күні кеше Қызылорда қаласында өтті. Қазақстанның саяси реформасындағы маңызды кезең болған кезекті отырыста тек күн тәртібіндегі әлеуметтікэкономикалық мәселелер ғана емес, сонымен қатар билік құрылымындағы түбегейлі өзгерістер, басқарудағы қоғамдық диалогтың рөлін күшейту және жаңа мемлекеттік институттарды енгізу талқыланды. Жалпы, тарихи жерде тарихи шешімдер қабылданды деуге болады.

Президент Құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданғанын айтты. Бұл – жай статистика емес, бұл – мемлекеттің жаңа ойлау жүйесі. Енді шешімдер жоғарыдан түспейді, қоғаммен бірге пісіп-жетіледі. Әйелдер мен балаларды қорғау, зиянды әдеттермен күрес, еңбекке құрмет, ономастика, «Адал азамат» құндылықтары – мұның бәрі жаңа сападағы ұлтты қалыптастырудың элементтері. Сонымен Сыр еліндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы қандай маңызды мәселелерді сөз етті?

«Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс». Осылай деген Президент Шымкентте кісі қолынан қаза болған бойжеткеннің оқиғасына қатысты полиция әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санайды. Мемлекет басшысы: «Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек», – деді Құрылтай отырысында.

Жиында «Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді» деген норманы Конституцияда нақты бекіту ұсынылды. Заң мен тәртіпті бұзғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Мемлекет басшысы Үкіметтің МӘМС жүйесін Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін құптады. Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйе сін шұғыл түрде реформалау жүктелді. ҚасымЖомарт Тоқаев Үкіметтің авиация саласындағы тиімсіз шешімдерін сынға алды. Сондай-ақ отырыста елімізде Халық Кеңесі институты құрылатыны, Кеңе с мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатыны айтылды. Қазақстанда Вицепрезидент лауазымы енгізілетін болды.

«Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз» деген Президент Парламентке өту үшін бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санайды. Сонымен қатар депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің құзыретін кеңейту туралы ұсыныс айтты.

Жұмыс тобы Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау, сондай-ақ Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беруді ұсынады. Жаңа Парламенттегі мандат саны 145 болады. Өз сөзінде Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды.

Сарапшылардың пікірінше, биыл Сыр еліне табан тіреген Құрылтай өткен кезеңнің нәтижесін таразылап қана қойған жоқ, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму философиясын нақтылады. Құрылтай тарихи жадыны жаңғыртатын символдық алаңнан қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік келісімін қалыптастыратын тұрақты институт деңгейіне көтерілді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар