Премьер-министр Президент қойған міндеттердің орындалуын тікелей өз бақылауына алды
– Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы болып табылатын бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту туралы ұсыныстар саяси жүйемен қатар, азаматтарымыздың мәдениетіне де демократиялық қағидаттарды біржолата орнықтыру процесі жүріп жатқанын білдіреді. Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан» да негізгі құндылықтардың қатарында тұр. Өз сөзінде Президент еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттерді алға қойды», – деп атап өтті Премьер-министр.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойып отыр. Осы қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
Салық кодексі бойынша ұсыныстар жинақталып, мұқият талданады
Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын, оның ішінде жаңа Салық кодексін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асырудың түйінді шарттарын айтты. Жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалардың жиынтығы ретінде қабылданбауы керек, бұл туралы Президент ерекше атап өтті. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жұртшылық пен бизнес тарапынан келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдау жүргізу тапсырылды.
– «Атамекен» ұлттық палатасының өкілдерін, экономистер мен сарапшыларды тарта отырып, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеу керек. Өңірлерді де осы жұмысқа белсенді тарту қажет. Қоғамның көтеріп отырған мәселелерін жедел қарау керек. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіз, – деді Олжас Бектенов.
Цифрландыру бағытында науқаншылыққа жол жоқ
Цифрландыру саласында цифрландыруды жедел дамыту мен жасанды интеллектіні енгізуге баса назар аударылады, елімізді жаһандық цифрлық экономиканың экожүйесіне кіріктіру міндеті қойылып отыр. Цифрландыру және жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әзірленіп жатқан Digital Qazaqstan бағдарламасында цифрландырудың үздік тәжірибелерін енгізу арқылы мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қарастыру, сондай-ақ сенімді әрі қауіпсіз IT-инфрақұрылым құру тапсырылды.
Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жобасын шұғыл түрде жүзеге асыру өз алдына бөлек атап өтілді.
Премьер-министр жалпы алғанда цифрландыру бағытында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол бермеуді, ал мемлекеттік органдардан нақты іс-әрекет пен нәтиже керектігін ерекше тапсырды.
Үкімет жұмысының барлық бағыттары жүйелі жаңғыртуды талап етеді
Сауда саласында Үкімет ЕАЭО шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілерді қорғауды күшейтуде. Сауда және интеграция министрлігіне салалық ведомстволармен бірлесіп, екі апта мерзімде ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімді кеңінен таныту бойынша жүйелі тәсілдерді әзірлеу тапсырылды. Премьер-министр Президент Құрылтай отырысында атап өткен Арал теңізі мәселелерін ескере отырып, су саласына қатысты тапсырмалар берді. Су ресурстары министрлігі осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындауды аяқтап, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыруды шешуі қажет. Сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл Қазақстанның су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында Халықаралық су ұйымын құруға қатысты бастамасын одан әрі ілгерілету жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Президент экономиканың түрлі салаларын дамытуға ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Осыған байланысты Үкімет экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолда бар ғылыми әзірлемелерді тарту және өзекті зерттеулерге тапсырыстарды жедел қалыптастыру жұмысын күшейтеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде Ішкі істер министрлігі 20 ақпанға дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік, экономикалық және цифрлық салалардағы алаяқтық фактілер мен схемаларды анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жүйелі шаралар әзірлеуі қажет. Сонымен қатар иммиграциялық алаяқтықтың, шетел азаматтарының заңсыз тұруын заңдастыру арналарының жолын кесу жөнінде қосымша шаралар әзірлеген жөн. Заң үстемдігін және құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау бойынша барлық деңгейде тұрақты жұмыс жүргізілуі тиіс екені атап өтілді.
Президент дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, зиянды нәрселерді, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Әділет министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік орган нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Мәдениет министрлігіне мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттеуді жетілдіру мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу тапсырылды. Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне бірқатар өңірдегі театр құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұра нысандарын және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін сүйемелдеу тапсырылды.
Премьер-министр білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін реформалау, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді және Оқу-ағарту министрлігіне бір ай ішінде жекеменшік оқу орындарына лицензиядан кейінгі бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Әлеуметтікмедициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады. Бұрын жүргізілген ақпараттық медициналық жүйелерді талдау нәтижелері бойынша тиісті тексерулер басталып кетті, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін биылғы 1 шілдеге дейін МСӘҚ ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне енгізу тапсырылды.
– Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады», – деген Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өз бақылауына алатынын жеткізді.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев пен Трамп не туралы сөйлесті?
- Бүгін, 15:23
Екі жылдық күрестің нәтижесінде әділдік жеңді
- 22 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




