«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 92,32 пайызға жетті

Медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 92,32 пайызға жетті
Автор
Ел ішінде «Сыр – Алаштың анасы» аталған Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мемлекетіміздің даму жолындағы жаңа қадамдарына бастама болар бағыттар айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың игілігіне арналған істерге тоқтала келе, адамзат үшін басты байлық – денсаулықты сақтау саласын да атап өтті. «Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал», – деді.

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының жыл сайын артуының өзі мемлекет үшін халықтың саулығы қаншалықты қымбат екенін аңғартады. Мәселен, өткен жылы облысымызда құрылыс саласы бойынша жалпы құны 4048 миллион теңгені құрайтын 4 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар 1551,3 миллион теңгеге жоспарланған 12 нысанның 11-інде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға бюджеттен 6,1 миллиард теңге бөлініп, 32 дана ауыр медициналық жабдық сатып алынды. Нәтижесінде, медициналық ұйымдардың тозу деңгейі 46,05 пайыздан 42 пайызға дейін төмендеп, жабдықталу деңгейі 92,32 пайызға жетті. Цифрлық денсаулық сақтауды дамыту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 3,6 миллиард теңгеге жасанды интеллект элементтері енгізілген ПАКС жүйесі іске қосылып, бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтауға тың серпін берді. 2025 жылдың ІІІ тоқсанында облыстық көпбейінді аурухана базасында ішектің қабыну аурулары кабинеті ашылды.

Мұнда Крон ауруы, ойық жаралы колит және басқа да созылмалы дерттерді ерте диагностикалау, емдеу және диспансерлік бақылау жолға қойылды. Халықтың денсаулығын қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауылдық аймақтардағы медициналық мекемелерді заманауи жабдықтауға, білікті мамандармен қамтамасыз етуге арнайы бағдарламалармен де қаржы бөлініп отыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде облыста 5983,9 миллион теңгеге 30 нысанның құрылысы аяқталды.

Меркі, Шу және Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құру бағытындағы қайта жаңғырту жұмыстары 2024- 2026 жылдарға жоспарланған. Меркі ауруханасы ангиограф, КТ және МРТ аппараттарымен толық жабдықталды. Ал Талас көпбейінді ауруханасын қайта жаңғыртуға Арнайы мемлекеттік қордан 2,3 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарының 30 пайызы орындалды. Шу көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінің кіреберісін салу жобасы бойынша оң сараптама алынып, 2026 жылға 2,5 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Сондай-ақ ауру ерте анықтауда тиімділік көрсеткен жасанды интеллектіні де ұтымды қолданып отырмыз. Адам жанын ажалдан арашалап, аурудан айықтыруда білікті маманның атқарар рөлі ерекше. Сол себепті де дәрігерлеріміз жиі біліктілігін арттыру курстарынан өткізіліп тұрады.

Айталық, өткен жылы 7284 медицина қызметкері оқытудан өтті. Оның 1209-ы дәрігер, 6072-сі орта буын маманы. Оның ішінде 15 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды. 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеу болды. Медициналық инфрақұрылым жаңарып, жабдықталу деңгейі артты, цифрлық және жасанды интеллект жүйелері енгізілді, кадрлық әлеует күшейтілді.

Ұлттық жобалар аясында ауылдық медицина дамып, 2026 жылға сала сапасын одан әрі арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейді халқымыз. Мемлекет басшысының бастамасымен ел ішінде жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» экоакциясының да денсаулыққа тигізер әсері орасан. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды.

Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады» деп жалпыхалықтық акцияның маңызына да тоқталып өтті. Бұл экоакцияның үзіліссіз жалғасуы, әсіресе халық денсаулығын қорғау үшін де аса қажет екенін айтып өткім келеді.

 

Сержан НАЗАРБЕК

облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Ұқсас жаңалықтар