2022 жылдан бері тарихи астаналарда өткен төрт Ұлттық құрылтай қоғам өміріне елеулі өзгеріс әкелді деп нық айтуға болады. Бүгінде Конституциямызға енген 26 заң осы Құрылтай алаңында көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың нәтижесі. Республика күніне ұлттық мәртебенің қайта берілуі, онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы заң, вандализмге қарсы күрес пен табиғи нысандарды қорғау жөніндегі түзетулер, есірткі тасымалдаушылар мен өндірушілердің жауапкершілігін саралау, әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер – соның айқын дәлелі.
Бұдан бөлек, бүгінде психологтар мен коучтардың қызметін реттеуге арналған заңнамалық шаралар, мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау, әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, кемсіту әрекеттеріне тосқауыл қоюға бағытталған түзетулер сияқты оннан астам жаңа заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілер әзірленуде. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан – Адал азамат, Заң мен тәртіп» қағидаттары да Құрылтайда қалыптасқан ортақ түсіністік пен бірлескен шешімдердің нәтижесі ретінде жүзеге асуда. Осы игі үрдіс Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда да өз жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан ірі қоғамдық диалог алаңы екі күн бойы төрт секцияда жұмыс істеп, елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық даму бағыттарын кеңінен талқылады.
Президент өз сөзінде Қазақстанның болашақ саяси және басқару жүйесіне қатысты маңызды реформаларды жариялады. Атап айтқанда, жаңа мемлекеттік басқару институты ретінде вице-президент лауазымын енгізу ұсынылып, 145 депутаттан тұратын бірпалаталы парламент құру бастамасы айтылды. Мемлекет басшысы бұл құрылымды қазақ халқы үшін аса қадірлі ұғыммен – «Құрылтай» деп атауды ұсынды.
Жиын барысында өңірлердің дамуы, экология мәселелері, инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жоспарлар да назардан тыс қалмады. Президенттің айтуынша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі жобалар іске асады. Бұл бастамалар елдің транзиттік әлеуетін арттырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар V Ұлттық құрылтай барысында жиналған 200-ге жуық ұсыныс сараланып, нақты нәтижеге бағытталатыны айтылды. Бұл – Құрылтайдың жай ғана пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдер қабылданатын маңызды институт екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қорыта айтқанда, V Ұлттық құрылтай Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде ерекшеленді. Отырыстың басты өзегі – елдің стратегиялық даму бағытын айқындау, саяси реформаларды тереңдету, әлеуметтік жобалар мен экономикалық міндеттерді қайта қарастыруға бағытталған Президент бастамалары болды. Алқалы жиында айтылған ойлар мен ұсыныстар ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатыны сөзсіз.
Ерболат САУРЫҚОВ
Мәжіліс депутаты
Ұқсас жаңалықтар
Тағдыршешті мәселелер қозғалды
- 22 қаңтар, 2026
Медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 92,32 пайызға жетті
- 22 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




