«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көптің көкейінен шықты

Көптің көкейінен шықты
Автор
Халық Ұлттық құрылтайдан ұлттың, елдің ұстынына айналатын шешімдер күтеді. Себебі, құрылтай – қазақ тарихындағы дәстүрлі кеңесші институттың қазіргі заманауи үлгісі ретінде танылып келеді. Бүгінде ол билік пен қоғам арасын жақындата түскен, жалпыұлттық құндылықтарға негізделген қоғамның бірігуін одан ары дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді сипаты бар мәселелерді талқылайтын алаңға айналды. Жұрт күткен үдеден шыға білді.

Қай бастама, қай іске болсын, нақты нәтиже керек. Сөзім дәйекті болу үшін бір ғана мысал айта кетейін. Өткен жылғы құрылтайдан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітіліп, жоспар бойынша іс жүргізілген. Құрылтайдағы айтылған Президент бастамаларын жүзеге асыру барысында Парламент депутаттарының қолдауымен 2025 жылы 6 заң қабылданды. Атап өтсек, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқыққа қайшы келетін контенттің таралуын шектеу, жекеменшік объектілерге атау беруді жүйелеу, қоғамдық орындарда бетжүзді бүркейтін киімге тыйым салу, археология саласын реттеу бағыттары.

Ұлттық құрылтайда әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылданып қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтар айқындалады. Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін, өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою жолдары нақтыланады. Сыр елінде өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қазақстан экономикалық интеграцияны қолдайтынын атап өтті.

Әйтсе де бұл үдеріс ұлттық мүдделерге сай әділетті сипатта болуы керектігіне ерекше тоқталды. Көпшілікке мәлім, биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Бұл – біздің елге жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттыра отырып, саудадағы кедергілерді жоюға берілген үлкен мүмкіндік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық интеграция мәселесіне айрықша тоқталып өткені бекер емес. Өйткені, қазіргі қалыптасқан ахуалда, яғни ЕАЭО елдерінен келетін субсидияланған өнімдер қысымынан отандық азықтүлік өнеркәсібі өндірісті қысқартуға мәжбүр болып отыр. Ал бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Таза, табиғи өнім өндіру – экономикамызды ғана емес, ұлт саулығын сақтауға ықпал ететін процесс. Мемлекет басшысының Үкіметке ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырғаны да, сондықтан.

– Өзара мүдделердің әділетті тепетеңдігін табу қажет. Қазақстанның ұстанымын сауатты әрі дәлелді түрде қорғауымыз керек. Тек сонда ғана экономикамыз халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болады, – деді Мемлекет басшысы.

Экономика туралы сөз қозғағанда, шағын және орта бизнес өкілдері арасында қызу талқыға түскен жаңа Салық кодексі туралы да айтпай кетуге болмас. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесі шағын кәсіпкерлікті дамыту – елдің ішкі әлеуметтік ахуалын тұрақтандыруға септігін тигізетінін дәлелдеп берген. Сондықтан, орта бизнестің мәселесі ойландыруы тиіс. Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылған орынды әрі конструктивті ұсыныстарды мұқият талдауды жүктеді. Қажет болған жағдайда құжатқа тиісті түзетулер енгізу керектігін баса айтты.

«Түптеп келгенде Салық кодексі – қасиетті жазба емес. Егер қажет болса, оған да өзгеріс енгізуге болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент көптің көкейінде тұрған түйткілді мәселелерге айрықша тоқталды. Соның бірі – моральдық ахуал. Мемлекеттік ұстаныммен келіспейтін көзқарастар үшін қылмыстық қудалауға немесе моральдық кемсітуге ешбір жағдайда жол беруге болмайтынын ерекше атап өтті.

«Мемлекеттің ұстанымын қарапайым формуламен түйіндеуге болады: әрбір азаматтың таңдау жасау құқығы бар, алайда бұл таңдауды ешкімге күштеп таңуға болмайды. Біздің мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайтын болады», – деді Мемлекет басшысы.

Халық Ұлттық құрылтайдан бір палаталы Парламент құру туралы реформаға қатысты нақты шешім күткені анық. Референдумнан кейін елде жаңа бірпалаталы парламент құрылады. Президент оның «Құрылтай» деп аталатынын жеткізді. Бірпалаталы парламентте 145 депутат болады. Ал төрағаның үш орынбасарын сайлау қарастырылады. Ал комитет саны сегізден аспайды. Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтар мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Мемлекет басшысы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді ұсынды. Жалпы елдік мүдде, рухани мұра – ұлт болып ұйысуымыздың негізгі өзегі екенін әрқашан есте ұстауымыз керек.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ

 облыстық мәслихаттың төрағасы

Ұқсас жаңалықтар