«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қай салаға, қай мамандыққа ебің бар, соны таңда...»

«Қай салаға, қай мамандыққа ебің бар, соны таңда...»
Автор
Көлемі атшаптырым алып зауыт күн демей, түн демей тынымсыз еңбек етуде. Тура кәдімгі кеудеміздегі жүрек ағзасының қызметі сияқты, еш үзіліс жоқ, қан тамырларымызға жан бітіріп, бүлк-бүлк етіп бойымызға күш-қуат, нәр беріп тұрғандай. Зауыт тынысын сезіну жеңіл емес. Бір жерде жарқ-жұрқ етіп дәнекерлеушілер темірді «пісіріп» жатса, екінші біреулері арнайы аппараттар күшімен қалың темірді еш қиындықсыз матадай пішіп, қиып-кесіп жатыр. Үшіншілері құлаш жетпес жалпақ қалың қаңылтырларды иіп жатса, төртіншілері дайын болған резервуарларды бояп-сырлап жатыр. Әнебір жерде бір топ жұмысшылар жайдақ вагондарға дайын болғандарын көтергіш кранмен ретретімен тиеп жатыр. Құмырсқа илеуіндегідей қайнаған еңбек ортасы тынымсыз еңбек ырғағына, еңбек симфониясына айналған. Бұл Тараз қаласындағы әйгілі «Металлоконструкция және резервуарлар зауытының» күнделікті тыныс-тіршілігі.

– Бізде қарбалас шақ. Батыстағы Атырау мұнай өндіру зауыты кеңейтіліп, реконструкциядан өтіп, жаңартылып жатыр. Сол зауыттың бізге берген біраз тапсырмасын орындау үстіндеміз. Сенім білдіргеннен соң уақытылы дайындап беру парызымыз. Өйтпесек тапсырушылардың алдында ұятқа қалып, жұмыстарына кедергі жасауымыз мүмкін... – деп бастады сөзін зауыт директорының кеңесшісі Талас Айсақалұлы Ахметов.

Сөзімізді сол сәтте қалта телефонының қоңырауы бөліп жіберді.

– Маңғыстаудан дейсіз бе? Тыңдап тұрмын... Иә, проект-сызбаларыңызды кеше алдық. Инженерлеріміз қарап жатыр. Жақын күндері өндіріске жібереміз. Иә..., иә... хабарласып тұрамыз ғой. Қам жемеңіздер... Тапсырыстарыңызды екі ай көлемінде бітіріп береміз. Келісімшартта көрсетілген уақыт солай емес пе? Орындаймыз... Иә... Сау болыңыз.

– Хабарласып жатқан тапсырыс берген кәсіпорынның бастығы ғой. Тәуба, заказтапсырыс әр өңірден үздіксіз түсіп жатады. Тіпті, қатар жатқан Өзбекстан, Қытайдан, Қырғызстаннан да... Өткен жылы Алманияның (Германияның) да арнайы тапсырмасын орындадық...

Кабинетке барайық, мына жерде сөйлесу жеңіл емес. Жан-жағымыздағы қазандай қайнап жатқан жұмыс ырғағы, шу ойымызды бөле береді, – деп Талас Айсақалұлы бізді жұмыс кабинетіне қарай бастады. Оңашада отырып ой бөліскенге не жетсін, әрине. Алғашқы сәтте кейіпкеріміз тым шешіліп сөйлей қоймады. Кібіртіктеп, қипақтап отырып өзі туралы көп мәлімет беруден жалтақтады, өзіне қарағанда көбірек зауыт тірлігін жеткізгісі келді. Сауалдарыма қысқа, тақ-тұқ жауап беруден аспады. Келе-келе шешіліп, әңгімеміз бір жүйеге келгендей болды.

– Мен Талас ауданының Бостандық ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Айсақал балалар үйінде (детдомда) тәрбиеленіпті, кейін Шымент пединститутын бітіріп Оқу министрлігінің жолдамасымен осы Талас өңіріне Бостандық ауылына қызметке келіпті. Екі мектепте (Кеңесте, Ильичте) мұғалім, директордың оқу ісі жөнінде орынбасары, мектеп директоры болып зейнеткерлік жасына келгенше сый-абыроймен қызмет етті.

Қазіргідей емес, ол кезде мұғалімнің беделі керемет еді ғой. Тәртіп, үлкенді сыйлау, бірін-бірі құрметтеу де қандай жарасымды еді. Мектепте құрбы-құрдастарымнан айрықша бөлектеніп, оқуды керемет жақсы оқыдым дей алмаймын. Біреуден артық, біреуден кем дегендей. Ауылдың баласына тән барлық өмірді басымнан өткердім. Науқандық жұмыстарға қатысып, мал да бақтым, шөп шауып, маяладым, лай илеп, кірпіш те құйдым, қой қырқуға да қатыстым, кетпен көтеріп егін-бақшаға да бардым, креолин сасыған тоған суына қойларды тоғыттым, көң ойып, қора тазаладым және т.б. Қолымыз қалт етсе болды шаң-шаң алаңқайда алаөкпе болып доп қуып, есекке мініп көкпар тарттық, асық ойнап, тығылыспақ ойнадық, ләңгі теуіп, күресіп, алысып-жұлыстық. Таластың тоған суына да молынан малтыдық, көл жағалап балық ауладық, бел-белдерден асып, қоянға тұзақ салдық...

Асырып айтты демеңіз, мұның барлығы болды. Отбасымыздағы 9 баланың қайсысы болмасан қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын. Мен отбасымыздың тұңғышымын. Содан болар маған көбірек салмақ түсті. Одан мен кем болмадым, қайта еңбекке көнбіс болып өстім. «Атыңызды неге «Талас» қойған?» деп кейде бейтаныс кісілер сұрайды. Оның өз тарихы бар. Мен дүниеге келгенде атама «немереңізге ат қойыңыз» демей ме. Сонда құндақтаулы мені алдына алып отырып жарықтық атам: «Аты Талас болсын. Мына Талас өзені сияқты ырысы мол, жан-жағы тойымды, берекелі болып ержетіп, өмірі ұзақ болсын» деген екен. Сөйтіп, Талас атандым. Талас өзенімен таласып өстім, жетілдім. Шүкір! Мектеп бітіріп, еңбек жолымды Қаратау қаласында жұмысшы болып бастадым. Жалындаған жастық шақ әрдайым сағынтады. Балалық пен жастық шақ – адам өміріндегі қайталанбас жақсы, қимас кезең...

Қаратау ол кезде бүкіл аты шығып, біздің өңірдегі ең бір болашағы зор қала болатын. Фосфор өндірісін қолға алып, комбинаттар мен зауыттар соғылып, көз қызығатын қала салынып, заман дәуірлеп тұрды. Мыңдаған жастар әр түкпірден ағылып келіп, қажыр-қайратпен еңбек көрігін қыздырып жатты. Мен де әкем мен анаммен ақылдаса келе қанаттанып сол қалаға бардым. Жұмысшы болып еңбек еттім. Қатайдым, еңбекке көнбіс болып, қандай бір жұмыс болмасын жігермен, көңілмен істеуге тырыстым. Әскерге алынып, екі жыл әскери парызымды орындап қайттым.

Жамбылдағы технология институтының кешкі факультетіне түсіп, осы металлоконструкция және резервуарлар зауытына 1969 жылы жұмысшы болып орналастым. Кейін мамандығыма сай гидромелиоративтік-құрылыс институтына ауыстым. Бірер жылдан соң зауыт ұжымы сенім білдіріп аудандық кеңеске депутат етіп сайлады, коммунистік партия қатарына қабылдады. Диплом алғаннан кейін цех басшысы болып тағайындалдым.

1997 жылы зауыттың жалпы жиналысында көпшіліктің қолдауымен зауыт директоры болып сайландым. Уақыт зуылдап өтіп барады. Құдайға тәуба, есейіп, ат жалын тартып, білім алып ел қатарлы еңбек еттім. Апа-қарындастарым, інілерім үйлі-баранды, әрқайсысы өздерінің өмірдегі жолдарын тапты. Ұлым Бауыржан бүгіндері осы кәсіпорынның тізгінін ұстап отыр. Оған шүкіршілік етемін. Міне, мына металлоконструкция және резервуарлар зауытына келгеніме 55 жыл болыпты. Қарапайым жұмысшыдан бас директор қызметіне дейін көтерілдім. Аянбай, бар ниетіңмен таза еңбек етсең өмірдің өзі белестерден, белдерден өткеріп, абыройлы қызметке қол жеткізуге болатынына дәлелдің бірі осы менің еңбек жолым. Зауытта істелетін қызметтің бар сатысынан өттім. Қарамағыңдағы қандай іске баулысаң соның барлығын меңгеріп алғаны шарт. Онсыз ортаңда беделің болмайды. Басшы да ұстаз, қоластыңда істейтіндердің жүрек отын жаға білуі керек. Зауыт акционерлік қоғамға айналдырылды. Міне, жасыма байланысты зейнетке шығып, үш жылдан бері бас директордың кеңесшісімін. Үйреншікті жұмыстан қол үзбей, өзім қалыптастырған ұжыммен қоян-қолтық қызмет атқарып жүрмін. «Қатал бастық болдыңыз ба?» деген сұрағымызға Талас Айсақалұлы: «Талап қоя білемін. Қазақтың «қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген сөзі дұрыс айтылған. Басшы талап қоя біліп, еңбек тәртібі сақталу керек. Кейде, қажетті кезде базбіреулерге қаталдық танытуға тура келеді. Өмір, өндіріс болғаннан кейін олай болмаса тағы болмайды», – деп жауап берді.

– Ұжымдық жұмыс болғандықтан, еңбек етіп жүрген қызметтестеріңізден кімдерді атар едіңіз?

– Ұжымымызда таза еңбегімен дараланып тұрған мамандар аз емес. Олар ұзақ жылдардан бері абыройға ие болып келе жатқан бас инженер Владимир Геккель, білікті мамандар Қанат Ержанов, Сергей Барт, Алмас Сейітбеков және тағы басқалар.

– Қандай наградаларыңыз бар?

– Мен награда, марапат дегенге онша қызықпаймын. Әуестігім жоқ. Мен үшін білетін, танитын адамдардың сыртымнан «жақсы адам» деген пікірінің өзі жетіп жатыр. Байқасаңыз, қазір атақ, награда дегеннің беделін түсіріп, қадірін құлдыратып алдық қой. Оны қазбаламай-ақ қояйық. Қысқасы, кеудеге тағар жылтырақтардан, грамоталардан, алғыс хаттардан кенде емеспін. «Тараз қаласының Құрметті азаматы» деген атаққа да иемін.

– Жұмыстағы ұстанымыңыз қандай?

– Ең басты – мойындағы міндетті адал атқару.

– Жастарға не айтар едіңіз?

– «Уақытты бос жібермей барынша терең білім алыңдар, еңбек етсең таза еңбек ет, қолыңнан келер іспен, жүрегің қалаған кәсіппен беріле айналыс», – дер едім.

– Адам неден қателеспеу керек?

– Кәсіп таңдаудан, жар таңдаудан және үй таңдаудан...

– Кәсіп таңдау жайлы айтып қалдыңыз, қазіргі жастар қай салаға барғаны дұрыс?

– АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірінің кенже баласы мектеп бітіріп келіп әкесінен: «Әке, қай мамандықты таңдағаным жөн?» деп ақыл сұрапты. Сонда әкесі: «Балам, қандай мамандық таңдауды өз жүрегіңнің қалауы білсін. Етікші болсаң да өз кәсібіңнің шебері бол», – деген екен.

Сондықтан жастарға айтарым: Өзіңнің қай салаға, қандай мамандыққа ебің бар, соны қала. Әйтпесе бәріміз әкім болсақ, сот болсақ, прокурор болсақ, банкир-қаржыгер болсақ басқа жұмысты кім істейді? Сырттан шақырамыз ба? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездескенде әрдайым бұл жайында талай рет инженер мамандарының тапшы екенін, жастар ол салаға керек екенін үнемі айтып жүр. Шынында да қазір білімді, білікті инженер кадрларын табу қиындап кетті. Бұрынғы еңбекке төселген инженерлердің көбі зейнет жасына келді...

Ойлай беріңіз, ертең олардың орнын кімдер басады? Сауатсыз инженер қашанда қауіпті. Инженердің жіберген қателігінен үй құлайды, көпір құлайды, зауытта апат болады...

Кеше университетті бітіріп келген жас маман-инженерлеріміз сызба-чертеждарды түсінбейді, оқи алмайды. Білімі таяз, тәжірибесі жоқ. Сол өкінішті. Қайтіп оларды жұмысқа қабылдайсың? Мысалы, егер ол құрылыс инженері болса, оның салған үйі ертең қисайып, жарылып сыр берсе, тұрғындар өміріне қауіп төнеді, құрылысқа жұмсалған миллиондаған қаржы «желге» ұшады. Ондай оқиғалар соңғы кезде жиілеп кетті, тіпті апатты жағдай болып, құлап жатқандарынан хабардармыз. Құдай содан сақтасын. Басқа сала да осындай. Біздің зауытта 4 жоғары білімді «заңгер» жай қатардағы жұмысшы болып еңбек етіп жүр. Өйткені заңгерлерге өз мамандығы бойынша жұмыс орны жоқ. Заңгерлік дипломым бар «Алма піс, аузыма түс» деп қанша жүреді...

Отбасы бар, балалары бар демекші, баяғы... Еңбек етпесе оларға кім «нан тауып» береді...

Қазақ жігіттерінің жоғары техникалық университеттеріне неге бармайтынын түсінбеймін. Бүгіндері оны бітірген жастар ауадай қажет болып тұр емес пе? Қазақстан бірте-бірте индустриялық мемлекетке айналып келеді. Жаңа зауыттар мен кәсіпорындар бой көтеруде, атом электростанцияларының құрылысын тұрғызу басталды. Оларды кім салады? Шетелдерден мамандар шақырамыз ба? Өзіміздің жастар қалай, немен күнін көреді? Міне, осы мәселелер мені қатты толғандырады?..

– Отбасыңыз жайлы не айтасыз?

– «Егер бір әйел туралы жер жүзі айтса, ол кино жұлдызы болар. Ал бір ел айтса, ол сол қаланың әншісі болар. Егер туған-туыстар, жоражолдастар айтса, ол сол әулеттің сыйлы келіні болар» деген екен бір айтқыш. Сол айтқандай, Күлетай жеңгелеріңмен бір ауылда, бір мектепте бірге оқыдық. Ержеттік, тіл табысып, үйлібаранды болдық. Жеңгелерің ақылды да байсалды, сабырлы, балалары мен немерелерінің болашағын ойлап, толғанатын аяулы ана-әже. Қонақжай, дастарқанымды ырысты қылды. Менің кейбір қисынсыз қылықтарымды көтере біледі. Біреудің айтқанын екінші біреуге, өзінің қосымшасымен қосақтап, жел беріп тізіп жеткізу дегеннен аулақ. Үйдің ішкі саяси жағдайын реттеп отыратын да жеңгелерің. Жастық шақта Күлетай жеңгелеріңе арнап шығарған мына өлеңімді айтып берейін:

Өзің жоқта құссыз қалған көлдеймін,

Өзің жоқта жаңбыры жоқ шөлдеймін.

Өзің жоқта қурап қалған тірліксіз,

Иесіз бір қалған жердеймін.

Сен болмасаң аласарып Алатау,

Тартылады Аса-Талас өзенім.

Индира, Гүлмира сияқты екі қызым мен Бауыржан атты ұлым бар. Қатарларынан қалмай білім алды, өмірден өз орындарын тапты. Қазір бір-бір үйдің тұтқасын ұстап отыр. Немерелерім мен жиендерім өсіп келеді. Қолымда Байтемір атты немерем бар. Байтемір ата-бабамыздың айтулы азаматтарының бірі, аймаққа белгілі би-сұлтан болған кісі екен. Сүйегі Түркістандағы Ясауи кесенесі жанында жатыр. Сол бабамыздың рухы қолдап, болашақта жақсы азамат болсын деген ниетпен немеремді сол атаның есімімен атадым. Болашағы жарқын болсын ұрпағымыздың. Балаларым береке, немере-жиендерім мереке.

– Бақыт деген не?

– Туған-туыс, дос-жаранның амандығы. Отбасының берекесі, кәсібіңнен, еңбектен ләззат алу.

– Қазір раухани жаңғыру мәселесі көпшілік алдында өткір тұр. Ол жайында ойыңызды білгіміз келеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда республикалық «Түркістан» газетіне берген сұхбатын мұқият, үлкен ризашылықпен оқып шықтым. Түсінген адамға бағыт-бағдар беретін, ой туғызатын, жол көрсететін тартымды мақала. Шындық қой, «экономика», «саясат» деп жүріп рухани дүниемізді әлсіретіп алдық. Жастар арасында тәрбие жұмысы көмескеленіп, рухани кедейшілік көрініс бере бастады. Тіпті, еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық салтдәстүрімізді білмейтін жас ұрпақ қалыптасуда десем артық емес. Тілін білмесе, халқының тарихын білмесе – одан қандай патриот шығады. Ұлтжандылық отбасындағы тәрбиеден бастау алу керек. Түрлі діни ағымдарға ілесіп, сақал қойып, шалбарларының балақтарын кескен жастарды, хиджап киіп басынан тобығына дейін оранып алған қыздарымыз бен келіншектерді көріп иманым төбеме шығады. Олар кімнің айдауына көніп, кімнің жетегінде жүр? Ата-баба дәстүрімізде ондай бар ма еді? Неге ауытқып кеттік? Міне, мені және де түйсігі түзу замандастарымызды осы сұрақтар қатты алаңдатады. Жастардың болашағы көмескеленіп, жат-жұрттықтардың қолжаулығына айналып кетпесе екен деп толғанамыз.

Жастар арасында әлі де болса көбірек рухани жұмыстарды жандандыра түсуіміз керек-ақ. Идеология дегенің өте нәтижелі, адамға зор әсер ететін күшті қару. Тәрбие қажет. Әйтпесе толқып тұрған жас шыбықтай майысып, басқа бір бағытқа, теріс ағымға ілесіп кетуі әбден мүмкін. Әрине. Бір мезгіл пайда ойлаған артық емес болар. Алайда тойымсыздыққа бой ұрғызып, дүниенің артын қумай, қазақылық қалпымыздан айнымай, үлкенге ізет, кішіге жол көрсетіп, ой-санамыз бен арымыз таза болғанын құптаймын...

Талас Айсақалұлы сияқты еңбекқор қазақтың бір азаматы қаламыздың бетке ұстар бір алып зауытын 50 жылдан астам басқарып, ел табысына арттыруға барынша үлес қосып, бүгіндері зейнетке жасы жетсе де еңбек еткен кәсіпорнынан қол үзбей еңбек етіп жүргеніне риза боласың. Осы жылдар ішінде зауыт талай қиындықтарды, экономикалық дағдарыстарды, ауыр өтпелі кезеңді өткерді. Кейбір зауыттар берекесіздіктен банкротқа ұшырап, жабылып тынды. Ал ұзақ жылдар бойы білгір маман-инженер Талас Ахметов басқарған ұжым «бір жеңнен қол шығарып» барлық қиындықтарды бірге жеңе біліп, тынымсыз, абыроймен еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде зауыт талай жетістіктерге, табыстарға ие болды, ұжым бір отбасыдай татутәтті тіршілік етіп, ел экономикасын арттыруға өз үлесін қосып отыр. Шын пейілімен «жұмыс істеймін» деген адам нендей қиыншылықтың да шешімін тауып, жеңіп шығатыны секілді «Жамбыл металлоконструкция және резервуарлар зауытының» ұжымы өңіріміздегі беделді өндіріс орындардың бірі. Алға қойған мақсаттары, алар биіктері де мол. Тәуелсіз еліміздің болашағына өз үлесін қосып отырған ұжым мүшелерімен ризашылық сезіммен қоштастық. Лайым, еңбек дүбірі толастамасын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар