«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күн сайын кемі үш ота жасайды

Күн сайын кемі үш ота жасайды
Автор
Қаламызда ми қан тамырларының сирек патологиясына ірі ота түрі жиі жасалады. Ота сәтті өтіп, науқас елде кездесе бермейтін аурудан сәтті емделіп шықты. Оны жас болса да бас болған білікті әрі білімді дәрігер тамырлы нейрохирург Еркебұлан Меркібеков жасады. Ол қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесінде жұмыс істейді.

Нейрохирургия – клиникалық медицинаның шеткі және орталық жүйке жүйесінің ауруларының себептерін анықтап, оларды хирургиялық жолмен емдейтін және диагностикасын қоятын саласы. Озық маман Еркебұлан Талғатұлының 10 жылдық тәжірибесі бар дәрігер. Ол күн сайын кемі үш ота жасайды. Жалпы алғанда 3000-нан аса күрделі ота жасаған.

– Адамның дене мүшелерінің ішіндегі ең нәзік орган – ми. Оған ота жасау өте қиын. Бірнеше сағатқа созылатын ота барысында аса ұқыптылық пен іждағаттылықты, төзімділік пен шыдамдылықты, салқынқандылық пен сабырлылықты талап етеді. Ауруына ем іздеп, дәрігер алдына келетін көптеген отандастарымыздың өміріне араша болып жүргеніме, осы мамандықты таңдағаныма қуанамын. Орталық жүйке жүйесіне ота жасау оңай емес. Мойын, бас ми тамырларына, жедел және созылмалы ауруларға ота жасаймын. Көбіне инсульт алған адамдар алдымызға келеді. Бұрындары инсульт деген тылсым дүние секілді еді. Осыдан жиырма жыл бұрын инсульт жайлы мәлімет аз болатын. Ми – күрделі ағза. Ол уақытта әлі толыққанды тексерілмеген болатын. Қазіргі уақытта медицина дамыды, біз мидың тамырларына бипланды ингиограф аппаратын қолданып, рентгенге түсіре аламыз. Мини инвазивті жоғары технологиялық оталар жасай аламыз. Бұл отадан соң науқас ертесіне тұрып, отаға дейін қалай өмір сүрді, дәл солай одан да жақсы өмір сүре алады. Отбасымда дәрігерлер жоқ. Әулетімізбен біздің де отбасынан дәрігер шықсыншы деп, №29 мектепті бітіріп, Алматыдағы Ж. Асфендияров атындағы медициналық университетіне оқуға түстім. Бастапқыда №7 Қалқаман ауданындағы емханада нейрохирург болып жұмыс істедім, – дейді нейрохирург Еркебұлан Меркібеков.

Асықпай байыппен сөйлейтін дәрігер шын мәнінде нағыз төзімнің, сабырдың иесі екен. Қойған сұрақтарымызға жай ғана сөйлеп жауап беріп отырды. Еркебұлан «Денсаулық сақтау саласына үлес қосқаны үшін» Алғыс хатпен марапатталған.

– Инсульт дегеніміз бас ми тамырларының күрделі бұзылуы. Инсультке жеткізбей тұрып науқасты ерте әкелген жағдайда ота жасау арқылы өмірін сақтап қала аламыз. Бүйрек пен бауырды трансплантациялауға болады. Қазіргі кезде нейрохирургиялық аурулар жастар арасында да жиі кездеседі.Бұрын ми ісіктері егде жастағы адамдарда анықталатын. Қазір біз жастар арасында да ми ісігінің жиі кездесетінін көріп отырмыз. Мұндай жағдайлар өте көп. Ең алдымен, нейрохирургия науқастың өмірін сақтап қалуға арналған. Ми бізге туғаннан бастап беріледі және оны алмастыра алмаймыз. Сіз жүректі ауыстыра аласыз, донор таба аласыз. Басқа біреудің бүйрегін немесе бауырын да трансплантациялауға болады. Ал ми – өте нәзік орган. Біз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Медицина бір орында тұрмайды. Қазақстанда әрбір нейрохирург осы бағыттың дамуына үлес қосып келеді. Елге жаңа, заманауи технологиялар әкелінеді. Нейрохирургия толығымен зерттелмеген, оны зерттеу, дамыту қажет. Мен дәрігерлер пациенттің шетелге бармай, өз елімізде емделуі үшін тер төксе деп тілеймін, – деп тоқталды сөз арасында нейрохирург-дәрігер Еркебұлан Талғатұлы.

Тәннің жарақатынан жанның жарақаты қиын. Сөз жақсы, бірақ жақсы сөз одан да жақсы. Ибн Сина «Дәрігердің үш қаруы болады. Өткір пышағы, жылы сөзі, шөп. Үшеуін де қолданған дәрігер нағыз ақ халатты абзал жан» деген екен. Осылардың ішінде жылы сөзді көп қолданатын дәрігер – науқасқа жанашыр, адал дәрігер .

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар