Ал баға қымбаттағанмен интернет сапасы нашар. Ел азаматтарының айтуынша, ай соңында интернет істен шығып, мазаны қашырады. Тура осылай бес адамға қосылған интернет айдың соңында істемей біз де екі айдай қиналдық. Мерекеден соң Қазыбек би көшесіндегі Beeline орталығына барып мәнжайды анықтадық. Сөйтсек үш күн қатарынан кемінде 300 адамнан қабылдап отыр екен. Алғашқы күні кезектің көптігінен кіре алмай кеттік. Келесі күні ертерек сағат 8.00-ден келгеннің өзінде алдымызда тарифке шағым айтып келген он адам бар екен. Ішке кірісімен ашулы тұрғындар айқайға басты.
– Beeline орталығы облыс бойынша екі-ақ жер де бар. Бірі Тараз қаласындағы «Март» ойын-сауық кешенінде, екіншісі Қазыбек би көшесінде орналасқан. Әу баст ан ұялы байланыс орталығының тұрғындарды қабылдауы өте нашар. Қазір келсек міне, екі адам ғана қабылдап отыр. Қалған 7 оператор қайда? Мына шуылдап келіп тұрған адамның бәрі тарифтің қымбаттауына, интернеттің өте жай, баяу істеп тұрғандығына наразы. Бұл заманда бәрі интернет арқылы шешіледі. Жалақыңның түскенін, оны шешу, біреуге ақша салу, алыс-беріс электронды әмиян арқылы жүргізілуде. Күніміз осы интернетке қарап қалды. Поштаны ашып, хаттарға жауап беру, келген сұрақтарды шешу, онлайн жұмыс бәрі интернетпен атқарылады. Егер интернет сапасы нашар болса, біз жұмыс қалай жасаймыз? – деп күйінді Лаура Сапарбаева есімді тұрғын.
– Ал менің осы Beeline орталығына келіп жүргеніме үш күн болды. Кезек күтуден шаршадым. Телефоныма электронды нұсқада beeline-ды тіркеу үшін ғана жүрмін. Мен осы beeline-ның клиентімін. Бірақ бұларға көңілім толған емес. Жылына бірнеше рет тариф бағасы көтеріледі. Көтерілгенімен соған сай сапасы болу керек емес пе? Жоқ, олай емес. Мен басқа да Тele2, фридом сынды интернетке ауысуды саралап, зерделеп көрдім. Бәрі де тура осындай. Үш ай арзандау болады. Үш айдан соң баға шарықтайды және жыл сайын үстеме баға қосыла береді. Барлық байланыс операторлары бағаны шарықтатуды көксейді, – дейді келесі тұрғын Әсия Қорғанбай.
Сонымен, бұл жағымсыз үрдістің себебі не, тариф бағасы неге көтерілді? Біз Beeline орталығынан сұрап көрдік. Олардың айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстанның заңнамасына сәйкес жүзеге асып жатыр, абоненттерге алдын ала SMS хабарламалар жіберілген дейді. Егер бұл компанияның шарттары ұнамаған жағдайда қызметінен бас тартуға болатындығын айтып өтті. Иә, мәдениетті түрде «біз ешкімді қинап кіргізген жоқпыз, қызметіміз ұнамаса басқа да ұялы байланыс операторларына өтіңіздер» дегенге келтірді. Жақсысын, арзанын іздеп жүргенде ол жақта да тура осындай баға, осындай сервис, осындай сапа. Қашанғы біреуінен шығып, келесісіне ауысып жүрмекпіз?! Біз басқа да ұялы байланыс операторларына хабарласып көрдік. Компаниялар ұялы байланыстың қымбаттауын экономикалық және стратегиялық себепке сүйейді. Айтуларынша, инфляция, тұтынушы санының артуы, материалдық базаны жаңарту талабы осы өзгеріске әкелген.
– Абоненттік төлемнің өзгеруі жағымды жаңалық емес екенін түсінеміз. Алайда желілерімізді дамыту мен жаңарту, оған қызмет көрсету мен жөндеу шығындарының өсуіне байланысты тарифтің бағасын өзгертуге мәжбүрміз. Тариф құнына инфляция және басқа да сыртқы факторлар әсер етеді, – дейді Altel операторы Руслан Қайсар. Kcell, Activ-тің жауабы да Tele2 мен Altel операторларымен мәндес. Ал Beeline саясатының қалыптасуы мен құбылуы туралы сараптама көмегімен «ақталғаны» байқалады.
Онда желі жүктемесі, инфляция, АТжүйелері секілді мәселелер қаржы талап ететіні айтылған. Әсіресе теңгенің құнсыздануын аргумент есебінде пайдаланып, тіпті «соңғы бес жылда доллар шамамен 1,4 есе қымбаттады, бұл өз кезегінде шығындарға айтарлықтай әсер етеді» деп топшылаған.
«Біз де азық-түлік, жанар-жағармай және жылжымайтын мүліктің бұрынғы бағасын еске аламыз, бірақ әлем өзгеруде және сізге сапалы қызмет көрсетуді жалғастыру үшін бізге өзгеру керек. Бағаны көтеруге байсалды әрі жауапкершілікпен қарайтынымызға сеніңіз. Біз нарықтағы орташа деңгейден төмен тариф жоспарларын ғана түзетеміз, оларды біртіндеп өзгертеміз»,–дейді Beeline орталығының қызметкерлері.
Жасыратыны жоқ , Таразда санаулы ұялы байланыс операторы бар. Нарықта аты мен клиенттер базасы қалыптасып үлгерген тек 3 компания таныс. Ал қалғаны ше? Қалғаны дегеніміз, 400-ден астам коммуникациялық өнімге қатысты айтып отырмыз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдан бері Қазақстан аумағында тіркелген отандық байланыс операторларының жалпы саны – 422. Ал біздің білетініміз Beeline, Тele2, Altel, Kcell, Activ-тен әрі аспайды. Әлеуметтік желілерде жыр болған «Фридом телекомның» 1 теңгелік үйдегі интернетіне де хабарластық.
Бұл ауқымды үлкен қалаларда ғана бар екен. Таразға әлі келмепті. Үш ай көлемінде фридом телекомның роутерін 1 теңге төлеп қана қоясыз. Үш айдан соң бағасы бес мың, он мың теңге болып өзгереді. Баға үйдегі адам санына, қай тарифті таңдайтындығыңызға байланысты. Сапасын кім білсін? Сонымен тариф бағасы қашан ауыздықталады? Жәрдемақы мен зейнетақы сәл-пәл қосылып еді, жағаласып ұялы байланыс тарифтері негізсіз өсіп кетті. Өткен жолы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов компаниялар тариф бағасын көтерудің негіздемесін Мәжіліс алдында қорғауы шарт деп есептейді. Бұл өзгеріс қашан жүзеге аспақ?
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Қазақтың көгіне күн болған
- 20 қаңтар, 2026
Ұлттық құрылтайдың отырысы Сыр бойында өтеді
- 20 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




