Қазақ халқы ежелден «Ұят болады», «Обал болады», «Кісі ақысы – Тәңір ақысы» деген үш тағанмен өмір сүрді. Бұл жай ғана сөз емес, тұтас қоғамды тәртіпте ұстап тұрған моральдық заң еді. Адам баласы бай болмаса да, арлы, қарапайым, елге пайдалы болуға ұмтылды. Ал бүгінгі заман «кім жылдам, сол мықты», «кім бай, сол табысты» деген өлшемді алға шығарып отыр. Психолог Мира Өскембаева бұл құбылысты былай түсіндіреді:
«Қазіргі қоғамда адам өзін үнемі өзгемен салыстырады. Әлеуметтік желі, жарнама, мотивациялық контент адамның ішкі тыныштығын емес, бәсекесін күшейтеді. Мұндай жағдайда ұлттық құндылықтар адамға психологиялық тірек бола алады. Олар адамның кім екенін ұмыттырмайды», – дейді маман.
Оның айтуынша, қазақы тәрбие–адамның ішкі тұрақтылығын сақтайтын қуатты күш. Үлкенді сыйлау, сабыр сақтау, жауапкершілік – бұл тек дәстүр емес, психологиялық денсаулықтың негізі. Алайда өмір өзгерді. Бұрын бір әулет бір ауылда өмір сүрсе, бүгін бір отбасының өзі әр қалада, әр елде жүруі мүмкін. Жастар шетелге оқуға, жұмыс істеуге кетеді. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ сол жолда олар өз тамырынан ажырап қалмауы керек. Көпті көрген еңбек ардагері, сексеннің сеңгірігіне шыққан Жасанбай Түлкібаев бұл туралы былай дейді:
«Біз жоқшылықта өстік, бірақ бір-бірімізге сүйеніп ер жеттік. Қазір мүмкіндік көп, бірақ жүректен мейірім алшақтап бара жатқандай. Қазақы тәрбие – бұл кедейлік емес, ол адамды адам ететін байлық», – дейді көнекөз қария. Абай «Адам болам десеңіз...» деп бекер айтпаған.
Ұлы ойшыл адамды бай болуға емес, толық адам болуға шақырды. Ал толық адам дегеніміз – ар-ұяты бар, әділетті, сабырлы, елге пайдалы тұлға. Бұл қасиеттердің бәрі қазақы дүниетанымда бұрыннан бар. Бірақ бүгін біз оларды заман талабына бейімдеп сақтай білуіміз керек.
Қазақ: «Жеті атасын білмеген – жетесіз», – дейді.
Бұл тек шежіре емес, бұл – өзін тану. Өзін таныған адам ғана өзгеге еліктеп жоғалмайды. Заманауи өмірден қашу мүмкін емес, бірақ оған ұлттық болмысты жоғалтпай енген абзал. Қорыта айтқанда, қазақы құндылық пен заманауи өмір – бір-біріне қарсы емес.
Егер біз ұлттық тәрбиені сақтап, оны бүгінгі біліммен, технологиямен ұштастыра алсақ, онда ұтылмаймыз. Ұтылатын тек тамырынан ажыраған, кім екенін ұмытқан қоғам. Қазақтың даналығы мен бүгінгі білім біріккенде ғана мықты ұрпақ қалыптасады.
«Тамыры терең ағаш қана дауылға құламайды», – дейді халық. Біздің тамырымыз – қазақы құндылық. Сол тамырды сақтасақ, қандай заман келсе де, сүрінбей өтеміз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




