«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөздің терең мағынасы бар. Себебі бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өмірдің үлкен жолына қадам басады. Ал сол жолда бағыт беретін, жөн сілтейтін, құлап кетсе сүйеп көтеретін адам – мұғалім. Ол шәкіртінің бойындағы қабілетті көріп, соны ашуға көмектеседі. Біреудің бойынан батылдықты, біреуден зеректікті, енді бірінен табандылықты тауып, сол қасиеттерді дамытудың жолын көрсетеді. Қазақ «Бала – адамның бауыр еті», – дейді.
Ал сол бауыр етін қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелеу ұстазға жүктелген үлкен аманат. Мұғалімнің бір ауыз сөзі кейде баланың тағдырын өзгертіп жібереді. Бір кезде сенімсіз, өзіне күмәнмен қарайтын оқушы ұстазының қолдауынан кейін үлкен биіктерді бағындырып жатады. Себебі «Жақсы сөз – жарым ырыс».
Ұстаздың еңбегі бір күнмен өлшенбейді. Ол жылдар бойы көзге көрінбей, үнсіз атқарылады. Бір сыныптағы отыз баланың әрқайсысының мінезі әртүрлі, арманы бөлек. Соның бәріне ортақ жол тауып, бәріне бірдей мейірім таныту – нағыз шеберліктің белгісі. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, мұғалімнің сабыры мен төзімі шәкірт тәрбиесінің басты тірегіне айналады. Бүгінгі таңда мұғалімнің рөлі тіпті арта түсті. Ақпарат тасқыны заманы келгенде баланы тек кітаппен ғана емес, өмірдің өзімен де жұмыс істеуге үйрету қажет. Ұстаз – баланы дұрыс ойлауға, жалған мен шынның ара-жігін ажыратуға баулитын рухани бағдаршам.
«Ақыл жастан, асыл тастан», – дейді халық. Сол ақылды бойға сіңіруде ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Ұстаз – шәкірт үшін екінші ата-ана. Ол баланың қуанышын да, мұңын да бөліседі. Сабақтағы бір дұрыс жауапқа балаша қуанып, бір сәтсіздікке бірге қынжылады. Себебі әр баланың жетістігі – мұғалімнің еңбегінің жемісі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дегендей, ұстаздың тынымсыз еңбегі шәкірттің болашағына берік іргетас қалайды.
Қазақ халқы қашанда ұстазды төрге отырғызған. Себебі «Білім – таусылмас қазына». Ал сол қазынаның кілтін балаға ұстатып беретін – мұғалім. Бір кезде тақта алдында тұрған кішкентай оқушы ертең ел тізгінін ұстайтын азаматқа айналады. Сол азаматтың жүрегінде әрдайым ұстаздың өнегелі сөзі, берген тәрбиесі жаңғырып тұрады. Сондықтан ұстазға деген құрмет – ұлтқа деген құрмет. Мұғалімге көрсетілген сый-құрмет – болашаққа салынған инвестиция.
Ұстаз бар жерде білім бар, білім бар жерде даму бар. Ал дамыған елдің іргесі қашанда берік болмақ. Ұстаз – үнсіз еңбек ететін, бірақ ұлы іс атқаратын тұлға. Оның әрбір күні – ел ертеңі үшін жасалған қызмет. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ұстаз еңбегін дәріптеу – әрбір саналы азаматтың борышы. Өйткені ұстаз – ұлттың жүрегіне жарық сыйлайтын шырақ.
Бану МЕДЕРБАЕВА
№5 М. Ломоносов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




