«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құрылады

Әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құрылады
Автор
Энергетикалық және коммуналдық секторда басталған ең ауқымды реформалар және жаппай жаңғырту шаралары салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыру арқылы басты міндетті шешуге тиіс екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тurkistan» газетіне берген сұхбатында атап айтты.

Энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді. Ондаған жылдар бойы тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге назар аударылмай, қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозғаны, энергетика нысандары және коммуналдық желілер әбден ескіріп, азаматтардың шарасыз күйге түскені бәрімізге мәлім.

Бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналған саланың қордаланған түйткілдері күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласқанына қарамастан, үкіметіміздің «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндауы, шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылуы ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түскені сұхбатта бүкпесіз айтылды. Президент жеке абыройын ойласа бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салуға болатынын, бірақ халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды екенін ашық жеткізді.

Расында, электр қуатының арзандығы табысы шамалы көпбалалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды. Арзан жанар-жағармайдың қызығын қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көргені белгілі. Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру әр түбіртектегі соманы уақытылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былықшылықты» пайда ланып, қалтасын қалыңдатқан делдал кәсіпкерлерге қолайлы болғаны да ащы шындық.

«Посткеңестік кеңістіктегі ең төменгі бағалар мен тарифтер Қазақстанға тиесілі болды, соның салдарынан еліміз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналды. Сол себепті тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия», – деді Президент.

Мазмұнды сұхбатта Мемлекет басшысы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажеттігін айтты. Ат ап айтқанда, мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті екендігіне тоқталған Президент тарифтерді көтеру ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам екендігін атап көрсетті. Нақтырақ айтқанда, кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидатты берік орнықтыру жөнінде қойылған міндеттердің алғашқы оң нәтижелерін мысалға келтірген Мемлекет басшысы суды және электр қуатын барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар «тұтынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төменгі тарифпен төлейтінін айтты.

Президенттің мазмұнды мақаласында атап көрсетілгендей, бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдаланып, заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесі қалыптасады. Осылайша еліміздің экономикасының сапалық түрғыдан өсуіне зор серпін беріледі.

 

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі

Ұқсас жаңалықтар