«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Войцек күнәһар ма, қаһарман ба?

Войцек күнәһар ма, қаһарман ба?
Автор
Былтыр жыл соңында облыс мәдениетінің қарашаңырағы саналатын Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толуымен тұспа-тұс келген тарихи оқиға аясында Тараз қаласында республикалық театр фестивалі өтті. Елдің түкпіртүкпірінен сахна саңлақтарын жиған бес күндік театр тойында Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театрының «Войцек» туындысы үздік сахналық қойылым деп танылған болатын.

…Ол бала кезінде ғарышқа ұшуды армандады. Ғарышқа шығып Жер бетінің қандай әдемі, әсем екендігін көргісі келді. Алайда өмірінде жасаған «ортақ қателігі» үшін өзі ғана азап шегумен өткізген уақыты, «Отаны мен отбасы үшін аттанған» соғыстың зұлматы оны бұл арманына жеткізе қоймады. Адам баласы дүниедегі қателігі үшін осыншалық қоғамнан қуыстанып, өмір бойы азап шегуі керек пе? Ал сол қоғам дегенінің өзі былыққа батқан болса ше...

Неміс драматургы Бюхнер шынайы тағдырға негізделген пьесаны 1836 жылдың маусымы мен қыркүйегі арасында жаза бастаған.

Жазушы шығармасына 1821 жылы әйелі Кристиан Вусты қызғанып, қастандықпен өлтірген сарбаз Иоганн Кристиан Войцектің өмірін өзек етіп алды. Франц Войцек – шағын ғана провинцияда тұратын қарапайым ғана солдат. Әйелі – Мария. Екеуінің ортақ перзенті бар. Алайда олардың балалары некесіз туғаннан кейін шіркеудің тарапынан мойындалмайды. Отбасының жағдайы жадағай, тұрмысы нашар. Әйелі мен баласын асырау үшін жас солдат капитанға жалданып жұмыс істеп, дәрігердің медициналық тәжірибесіне қатысып жүреді.

Жерменжексен жетімсіздіктің кесірінен Мария әбден шаршайды. Ақыры Войцектен опа болмаған соң, қызуқанды тамбур мажорға ықыласы ауады. Күйеуі барлығын сезетін. Іші қазандай қайнайды. Қызғаныштың қызыл шоғы өзегін күйдіріп жатқанымен, қарсы қайрат қылуға дәрмені жетпейді. Үнемі басынып, мазақ қылатын капитан оны өңменінен кері итеріп тастайды. Діңкесі құрып, жынданып біткен Войцек ақыры бір күні әйелін тоғанның түбінде пышақтап өлтіреді. Шығармадағы Войцек – өз алдына кішкентай адам.

Біз бұл ұғыммен XIX ғасырда жазылған, әсіресе орыс әдебиетінде кең өріс алған реалистік шығармалар арқылы таныспыз. Әдетте мұндай кейіпкер – елеусіз, қарапайым ғана отбасының баласы, оның қызметінің әлеуметтік маңызы төмен болады. Сәйкесінше кедей, пәлендей шаруаға икемі келмейді. Оның асқақ мұраты жоқ. Өмірін өзгертуге әсте құлықсыз. «Кішкентай адам» әдеби терминін алғаш рет әдебиет сыншысы Виссарион Белинский 1840 жылғы «Ақылдың азабы» мақаласында Николай Гогольдің «Ревизорындағы» Городничийдің бейнесін талдай отырып, қолданған. «Кішкентай адамды» алғашқылардың бірі болып Александр Пушкин «Станса күзетшісі» повесінде сипаттаған.

Мұндай типтік бейнені Гогольдің «Шекпен» әңгімесіндегі Акакий Башмачкин болмысынан да танимыз. Онда автор өзінің кейіпкерін әжуалап әрі мүсіркеп отырады. Себебі ол қарындашын ұштап, қағаздарды қайта көшіруден басқа ештеңе жасай алмайтын аянышты адам еді. Оның өмірлік мұраты жылы әрі сәнді шекпен сатып алу ғана еді. Дәл сол секілді Д.Исабековтың «Сүйекшісі» мен Оралханның «Өліарасындағы» бас кейіпкерлерді осы типтік бейнедегі адамдар қатарына жатқызуға болады. Войцектей бейненің қалыптасуына, оның өз мәселесімен бетпе-бет қалатын соңғы сәттерге дейінгі дәрменсіздігіне қандай да бір алғышарттың болатындығы сөзсіз. Фрейдше айтсақ, бұл психонализ процесі.

Демек шығарманың басты кейіпкеріне айналған типтік тұлғаның қалыптасуына қоғамдық-әлеуметтік оқиғалардың себеп-салдары септесетіні анық. Войцекті ең алдымен осындай дәрменсіз күйге түсірген сұм соғыстың салдары еді. Мұны бас кейіпкердің галлюцинацияға ұшырауынан байқайсың. Ол сонау бірінші жаһандық соғыста елі үшін соғысты, отбасы үшін арпалысты. Ремарк пен Хемунгуэйдің кейіпкерлеріне тән қайғы мен күйзелісті бастан өткерді. Әлбетте қойылымда мұның мысқалдай кескін-көлеңкесі көрінбесе де, оқиға хронологиясы осыны меңзейді.

Бас кейіпкердің ең үлкен өкініші соғыс зауалы емес, баласының некесіз туылуында еді. Қай нәрестенің болсын дүниеге келуін күнәһар ретінде қабылдап, жексенбіде шоқындырып, «бар күнәдан тазартып барып» мынау жарық дүниенің т абалдырығынан атт андыратын христиан қауымы үшін некесіз туған бала нағыз қасірет. Ақ некеден туған баланың өзіне осындай рәсім жасалатын қоғамда некесіз нәресте «Құдай келісімінсіз туған сәби» ретінде тіршілік атаулының ең бейшарасы саналды. Тіпті, бүгінгі күнгі әлеуметтанушылар ортағасырлардағы Шығыс пен Батыстың текетіресін әуелден адам баласына жасалған осындай қарым-қатынастың формасымен түсіндіреді. Яғни, Ислам дінінде жаңа туған сәби балиғат жасына толғанша періште саналып, оның қатекемшілігіне назар аударылмайтын болса, католиктік Батыста керісінше «Эдем алмасын жеп жұмақтан қуылған» адам дүниеге келісімен күнаһар аталды. Осы бір мәнсіз көрінген кішкентай деталь адамзат тарихына айтарлықтай әсер етіп, Исламда ғылым мен жасампаздықтың жолын жасаса, батыста «Қара түнек кезеңін» қалыптастырды.

Еуропадағы діни догматтар есебінен ғылымға қысым жасалуы, крест жорықтары мен инквизиция рәсімдерінің барлығы адамға деген көзқарастан қалыптасты деуімізге негіз бар. Тіпті, гуманистік идеялар туындаған кезеңге дейін әйел затының ұдайы екінші орынға шығарыла беретіндігі де қос діни кеңістікте «жұмақтағы алманы әйелдің жеп қоюымен» байланыстырылды. Жаңа заман кезеңінде Германияда котоликтік қысымдарға қарсылық негізінде пайда болған протестантизм ағымы қалыптасқанымен де, моральдық талаптарға толық жауап бере алмағанын «Войцектен» анық байқауға болады. Демек, ағартушылық дәуірге алғашқылардың бірі болып қол созған неміс қоғамы да талай жыл сүйекте қалған қорқынышын ұмытпаған, қасіретін қалыпты деп қабылдаған. Сол арқылы олар қоғамдық түсініктен тысқары шыққан әрекеттің бәрін кешірілмес күнәға балап, абайсыз от басқандарды ғұмырлық азапқа қиып үйренген. Көрерменм көкейіне салмақ салар тұс та осы. Бәлкім, осы дәуірдің де кей дариғашыл, даңғара рәсімдері қаншама ғасырдағы ұлттық үрейдің, қауымдық қорқыныштың салдары болса ше?..

Рас, Войцек – қоғамдық қағидаттарға с а лс ақ, күнәһар. Д егенмен ол кешірілместей күнәнің адамы ма? Оның бауыр еті баласы мен сүйген жарына деген адал махаббаты, солар үшін қызметінен бөлек, капитанның сақалын қырып ақша табатыны – күнәсін көтеріп алып, ізгілік жолына бет бұрған пенденің әрекеті емес пе?! Войцектің капитанның етігін қайта-қайта тазалап алып-ұшатыны өз арын тазалауға ұмтылған тіршілігі ғой...

Алайда оны түсінген қоғам бар ма?!. Керісінше, капитан сәт сайын оған: «Асықпа, Войцек!» дейді. Бұл бұқараның күнәһарға үкімнің мәңгілікке таңылғанының белгісі еді. Одан арғысы капитан оған: «Войцек, сен асығыссың, сенде тіпті, мораль жоқ» дейді. Тиынтебен үшін намысын нанша жұтып жіберіп, тірлік қылатын пендеде қайдан құндылық болсын. Войцекті әйелі де теріс айналатындай етіп, кішірейтіп жіберген осы мінезсіздігі шығар?.. Қойылымнан оқиға хронологиясымен тұспа-тұс дәуірде пайда болған идеялардың белгісін аңғару қиын емес.

Мәселен, тамбур мажордың Войцекке: «Іш, мықты еркектердің бәрі ішеді» деп күштеп ішімдік құюы сол кезеңдегі Ницше билікке қатысты идеяларымен қарулана бастаған қос дүниежүзілік соғыстың ортасында тұрған өліара Германияның бітім-болмысы еді. Мұны цирк сахнасында дәрігердің жануарды көпшілікке қарата: «Осыған қарап, шүкір етіңдер» деп бірнеше мәрте қайталауы Ницшедегі «адамның ең қатыгез жануар» екендігін еске салады. Войцектің ішкі күйзелісі де жоғарыдағы «кішкентай кейіпкерлерден» кем емес. Ол көп ішінде бір жалғыз еді. Көзіне шөп салған әйелінің әрекеті оның санасын сан саққа, ойын он саққа бөлді. Войцек әйелін жанындай жақсы көрді. Жақсы көргеннен кейін қызғанды. Адамзат жаралғалы бері бұл сезімнің бары ақиқат. Лев Толстойдың «Крейцер сонатасында» Василий Позднышев те өз әйелін өлтіреді. Әдебиетте де бұл сезім сапырылысы анық көрініс тапты.

Айталық, Шекспирдің Отеллосы Ягоның отқа май құюымен сүйіктісі Дездемонаның түбіне жетеді. Жала жабу қашанда жеңіл. Бірақ өз мініңді көріп, оны таразылау көп адамның қолынан келмейді. Осы тұста қолын қанға малған Войцек: «Баяғыда бір жетім бала болыпты. Ол ғарышқа ұшуды армандапты. Күндердің күнінде ғарышқа шығып, жерге қараса, Жер дегенің теріс аударылып жатқан горшок екен», – дейді. Бұл бар ғұмырын қоғам таразысына салып, күнәсі үшін күстаналанып талайдың тепкісі мен күлкісіне қалған, ал соңында сол қоғамның өзін қылмыскер атауға титтей де қақысы жоқ екендігін білген алып Войцектің сөзі еді. Осы арқылы ол өзінің қоғам кешірмес күнәсін әйелінің өлімімен жуып-шайғандай. Себебі, Ницшелік алыптар мен күштілер үшін адам өлімі үлкен күнә емес қой...

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар