Егер өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы қайта құру саясаты болмағанда осылай кете берер ме еді қайтер еді?.. 1989 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесі «Тіл туралы» заң қабылдап, оның 1-ші бабында «Қазақ тілі – Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі болып табылады» деп атап көрсетілді. Мұндай саяси қадам біздің рухани өміріміздегі ерекше мәнге ие оқиға болды. Қайта құрудың соңы ақырында Кеңес одағының біржолата ыдырап, күйреуіне әкеп соққаны бүгінде баршаға аян. Бұл ұлттық республикалардың өз алдына отау тігіп, тәуелсіздігін жариялауын тездетіп қана қоймай, мәдениетін, дінін, дәстүрін және тілін дамытуға жол ашты. Осыған орай, 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда республикадағы тілдік қатынастардың түйінді мәселелері Конституциялық шешімін тапты.
Бұдан соң 1997 жылы тағы да «Тіл туралы» Заң қабылданып, мемлекеттік тілді одан әрі дамытудың заңдық негіздері қаланды. Осы заңды орындау мақсатында бірнеше мәрте тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Шындығында ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Тиісті заңды орындау мен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жолында мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында біршама елеулі тірліктер атқарылды. Әсіресе, мемлекеттік тілді қолдану аясы оқу орындарында кеңейе түсті. Әйтседе, өзгеріс шамалы. Атқарылған жұмыстардың сапасы мен нәтижесі тіпті көңілді көншітпейді. Тіпті мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз етудің нәтижесі күні бүгінге дейін мәз емес. Нақты әрекеттер жеткіліксіз.
Мемлекеттік тіліміз, әсіресе мемлекеттік органдарда әлі дағдарыстан шыға алмауда. Олай дейтін себебіміз, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ресми құжаттар мен қаулы-қарарлар мемлекеттік жауапты тұлғалардың араласуымен жазылмай, әуелі орыс тілінде дайындалып, аудармашылардың күшімен мемлекеттік тілге аударылып, «Аударма тілге» айналып отырған жағдайда. Осылай демеске ләжіміз жоқ. Әрине, мемлекеттік тілді қолдануда аудармашының да белгілі бір дәрежеде қажеттігін жоққа шығара алмаймыз. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тіл қазірде көбіне-көп аударманың есебінен дамуда. Сондықтан мемлекеттік тілді дамытудың ең тиімді де оңтайлы жолы – мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді меңгертуге заң жүзінде міндеттеу. Осы мәселені шешпейінше, іс қағаздарын мемлекеттік тілге түбегейлі көшіру мүмкін емес. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп алғашқы заң қабылданғаннан бастап мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқытып, үйрететін арнайы курстар ұйымдастырылды.
Бұдан соң барлық облыстар мен аудандарда «Оқыту орталықтары» мен оның филиалдары ашылды. Ал енді осы курстарда оқыған қазақтарға құжаттардың түпнұсқасын бірден мемлекеттік тілде дайындауға неге талап қоймасқа? Бұл сайып келгенде, қазақ тілін дамытудың мемлекеттік тұрғыдан қолға алынған механизмдерінің жетіспеушілігін көрсетеді. Осының өзі-ақ қазақ тілін өзінің Отанында, тамыры тереңнен нәр алатын туған жерінде сөз етуге, түрлі талқылауларға салуға әкеп соқтырып отырған жоқ па? Жоғарыдағы айтқандай, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін оқытып, үйрететін курс біздің облыста да ұйымдастырылған болатын. Осы курс алғашқы жылдары тәп-тәуір жұмыс істеген еді.
Өкінішке қарай, кейінгі кездері аталған курстың жұмысы саябырсып қалғандай. Бір кездері облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді дамыту мақсатында баспасөз қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасында байқау ұйымдастыратын. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған осы байқауда үздік деп танылған мақалалар баспасөз бетінде жарық көріп, авторлары түрлі марапаттарға ие болатын. Қазір мұндай игілікті іс-шараларды өткізудің ауылы алыс болып қалды. Бүгінде тіл үйрету мәселесі облыстағы мекемелерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда мүлде естен шығарылды десек, артық айтқандық емес. Шындық солай. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына да отыз жыл болыпты.
Бұл, әрине, аз уақыт емес. Бізде әлі тоқмейілсу, жайбарақаттық, бейқамдық басым. Біреудің көңіліне қарау, оларды қайткенде ренжітіп алмайық деген психологиядан әлі күнге арыла алмай келеміз. Ал тіл тағдырына басын ауыртып, оның ертеңгі болашағы туралы қам жеп жүрген түрлі деңгейдегі басшылар басқа өңірлердегідей біздің облыста да тым аз. Осы орайда, мына бір жағдай еріксіз ойға оралады. Анау бір жылдары Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астана қаласына қысқа мерзімді сапарға келгенінде негізгі мәселені былай ысырып қойып, «Сіздер орыстардың тілін, дінін сақтауына жағдай туғызыңыздар» дегені ұмытылған жоқ. Әлі есте. Иә, осындайда Сәкен Сейфуллин еске түседі. Ол кісі бірер жылдай ғана Үкіметті басқарғанда ана тілін дамыту оның алдағы келешегі мақсатында қыруар істі тындыруға мұрындық болған ғой.
1978 жылы Компартияның қылышынан қаны тамып тұрған кезде Грузия Конституциясы жобасынан Мәскеудің тікелей нұсқауымен «Грузин тілі – мемлекеттік тіл» деген жол түсіп қалғанда қызуқанды грузиндер мұндай қорлыққа шыдай алмастан Тбилисидің орталық алаңына шығып, қарсылық митингісін өткізіпті. Бұдан соң республиканың Жоғары Кеңесі жұртшылықтың пікірін қолдаған шешім қабылдаған ғой. Қазір Грузиядағы бастауыш сынып оқушыларының XII ғасырдың ұлы ақыны Шота Руставелидің өлеңдерін тұпнұсқадан оқитындары жоғарыдағыдай түсініктің нәтижесі болса керек. Ал Германияның «Азаматтық туралы» заңы бойынша мұнда басқа елдерден қоныс аударғандар неміс тілін толық білетіндерін дәлелдей алуы қажет. Сонда ғана Германияның толыққанды азаматы бола алады екен. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Қазақ тілін басқа да ұлт өкілдерінің оқып үйренуі, оған деген ықылас – ниеті алдымен өзіміздің тілге деген құрметімізге байланысты.
«Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген даналық ой біздің әрқайсысымыздың көкейімізде болуы керек. Өйткені, ана тілі – халқымыздың ары. Қазақ тілінің қазіргідей ауған жүгін түзетеміз десек, Ата заңдағы 7-ші баптың 2-ші бөлігін жоюымыз керек. Онда: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орындарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Мұндай жолдар туған тілімізді дамытуды көздеп тұрған жоқ. Қайта орыс тілінің қоғамымызда маңызды рөл атқаруына жағдай туғызып отырғанын көрсетеді. Сондықтан, «Тіл туралы» Заңының жетілдіре түсетін жақтары көп. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Өйткені, уақыт осыны талап етеді. Кешегі Мағжанның: Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін – не бардың!
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз – бабам тілі сен қалдың! – деп қолда қалған асылдың ертеңін ойлап күңіренгені мәлім. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ол қасиетті қазақ тілінің тағдыры қазақтардың өз қолында екендігі. Сондайақ ұлтымыздың саяси еркіндігі де, басқадай тетіктері де қазақтардың өздерінде. Яғни, осы әлеуеттерді толыққанды пайдаланғанда ғана қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналатыны даусыз. Сырттан келіп, ешкім біздің ана тіліміздің көсегесін көгертіп, көрпесін ұзартып бермейді. Ұлттың жаны – тілінде деген осы. Тіл – елдіктің белгісі.
Әкебай ЕРТАЕВ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақыртас кешеніне барып көрдіңіз бе?
- Бүгін, 17:30
Облыс әкімі өтемақымызды алуға көмектесті
- Бүгін, 15:57
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




