Мемлекет басшысы жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында цифрлық державаға айналудың маңызын ерекше атап өтті.
«Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр. Технология саласындағы нағыз әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке қыза түсті. Америка басшысы АҚШтың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп санайды. Қазірдің өзінде Қытайда жасанды интеллект мәселесімен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беруде. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. ІТстартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді алдағы дәуірдің жаңа алтыны деп санайды. Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары шақырылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады. Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 99 пайыз интернет желісіне қол жетімділікпен қамтамасыз етілген. Президенттің қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 1608 шалғайдағы мектеп Starlink спутниктік технологиясына қосылды. Былтыр елімізде Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері құрылды. Оның жобасы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 тобына кіретін Presight халықаралық технологиялық компаниясымен бірлесіп дайындалды. Қазақстан NVIDIA және Freedom Holding Corp. компанияларымен бірлесіп тәуелсіз AI Hub құру туралы келісімге қол қойды. Шілде айында ұлттық суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Суперкомпьютерге нейрондық желілерді оқытатын стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізетін университеттер, жасанды интеллектіні бизнеспроцестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады. Суперкомпьютерді елге әкелу аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен қосылған құн салығынан босату механизмін құрды. Бұл елімізді халықаралық IT компаниялар мен операторларға тартымды ете түсті. Ал қараша айында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұлттық суперкомпьютер кластерінің ресурстарын пайдалануға өтінім беретін Alem.Cloud платформасын таныстырды. Өтінімдерді қабылдауда мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геология және барлау, көлік пен логистика, өнеркәсіп және құрылыс, робототехника мен дрондар, киберқауіпсіздік, қаржылық технология салаларына басымдық беріледі.
Сонымен бірге жыл соңында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Президент «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Еліміз «Жасанды интеллект туралы» алғашқы заңды қабылдау арқылы цифрлық технологиялардың қауіпсіз әрі жауапты дамытуда маңызды қадам жасады. Жаңа заң манипуляция жасайтын, адамның әлсіз тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік рейтинг жүргізетін, эмоцияларды келісімсіз анықтайтын немесе деректерді заңсыз жинайтын ЖИ жүйелерін әзірлеуге және қолдануға тікелей тыйым салады. Осылайша мемлекет қауіпті технологиялық эксперименттерге жол бермей, цифрлық ортаға деген сенімді күшейтпек.
Өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Alatau city қаласын салу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы болды. Президент 2025 жылғы Жолдауында ол қалаға ерекше мәртебе беру туралы тапсырма да айтылған болатын.
– Alatau City-ді Үкіметке тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Жоспар бойынша Alatau аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналып, Smart City технологияларын қолданатын, тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлейтін елді мекен болу керек. Аумағы 98 мың гектардан астам жерді алып жатқан бұл қаланы толықтай жеке инвестициялар есебінен салу көзделіп отыр. Осы мақсатпен Үкімет мүшелері Оңтүстік Кореяда форум өткізіп қайтты.
Жылдың алғашқы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрлікке ай соңына дейін жасанды интеллект және цифрландыру бағытында тұжырымдаманы әзірлеуді тапсырды. Аталмыш құжат осы жылы іске асатын кешенді іс-қимылдың маңызды маршрутизаторы болмақ. Десек те, бүгінгі күннің өзінде цифрландыру бағытында бірқат ар маңызды шешімдер қабылданып, жұмыстар жоспарлар түрде жалғасын табуда. Мәселен, жыл басынан бері елімізде азаматтарды мобильді және интернеталаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер енгізілуде. Қабылданып жатқан шаралар байланыс саласындағы қауіпсіздікті арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – ұялы байланыс операторларының Ұлттық Банктің Антифродорталығымен тұрақты өзара ісқимылы. Бұл алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін дер кезінде анықтап, жедел бұғаттауға жол ашады. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар тіркелген жағдайда, операторлар абонент туралы мәліметтерді Антифрод-орталыққа жолдап, тексеру жүргізеді. Алаяқтық белгілері расталса, нөмір бірден бұғатталып, байланыс қызметі тоқтатылады.
Сонымен қатар абоненттік нөмірлерді рәсімдеу тәртібі нақтыланды. Бір адамға жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін онға дейін SIM-картаны тіркеуге мүмкіндік беріледі. Бұдан артық нөмірлерді рәсімдеу тек нақты негіздеме болған кезде және олардың қандай құрылғыларда пайдаланылатыны көрс етілген жағдайда жүзеге асырылады. Бұл шешім нөмірлерді жаппай тіркеу арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың жолын кесуге бағытталған. Абоненттерді сәйке стендіру талаптары да күшейтіледі. Енді SIM карталарды рәсімдеу биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл талап бизнес құрылымдарға да қатысты: қызметтік мақсатта SIM-карта берілетін барлық қызметкерлер жеке басын растауы тиіс. Мұндай тәсіл телефон нөмірлерін жасырын пайдалануды болдырмай, олардың заңды әрі жауапты қолданылуын қамтамасыз етеді. Міндетті биомертриалық сәйкестендіру SIM-карталардың делдалдар арқылы заңсыз сатылу мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана іске қосылады. Жалпы алғанда, аталған шаралар телекоммуникация саласында ашық әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырып, азаматтарды қаржылық және цифрлық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.
Бұдан өзге Qaz Tech платформасы базасында бірыңғай орталықтандырылған қойма құруды көздейтін білім беру деректерінің жаңа архитектурасы енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз мәслихаты аясында оқу-ағарту вицеминистрі Асылбек Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының білім беру саласын терең цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін оқытуды басқарудың барлық жүйесі жаңғыртылған Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) толық интеграцияланатын болады.
Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда жеке LMS жүйелерінде жылдар бойы жинақталған деректер мемлекеттік деректер базасына біріктіріледі. Бұл өз кезегінде білім беру процесін басқаруды жеңілдетіп, деректердің сақталуын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әртүрлі өңірлерде қолданылатын LMS жүйелерінің біріктірілуі оқушылардың бір мектептен екінші мектепке ауысу процесін едәуір жеңілдетеді.
Медициналық қызмет сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы бақылау жүйесін құру міндетін бұған дейін Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеген болатын.
Елімізде осы жылы Цифрлық трансформация аясында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді шоғырландыру, сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) және медициналық деректердің бірыңғай қоймасы – Smart Data Healthcare жүйесін дамыту жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Аталған платформа денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ақпараттық жүйелердегі (соның ішінде жеке медициналық ақпараттық жүйелердегі) мәліметтерді біріктіріп, деректерге негізделген кешенді талдау, болжау және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Азаматтар үшін бұл медициналық қызметтерді түсінікті етеді: оларда өздерінің электрондық денсаулық паспортына қол жеткізу, тағайындауларды, көрсетілген қызметтерді және емдеу тарихын «деректерді пациенттің өзі бақылайды» қағидаты бойынша цифрлық форматта қадағалау мүмкіндігі пайда болады. Сервистерді ыңғайлы ету мақсатында барлық шешімдер QazTech платформасында орналастырылып, eGov жүйесімен біріктіріледі. Бұл азаматтарға артық анықтамасыз немесе кезексіз, медициналық қызметке жылдам әрі оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау жүйесі үшін негізгі міндеттердің бірі – деректерді қорғау және бұрмалаудың алдын алу. Медициналық ұйымдарда пациенттердің нақты келуін тіркейтін faceID тетіктері енгізілген. Енді оны екі тәсілмен: eGov Mobile қосымшасы арқылы неме се биометриялық сәйкестендіру көмегімен растауға болады.
Сонымен қатар өткен жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында азаматтар амбулаториялық дәрідәрмекпен қамтамасыз ету шеңберіндегі кепілдендірілген дәрілік заттар пакетін ала алады. Министрліктің мәліметінше, биыл бұл тәжірибені қосымша төлем тетігін пайдалана отырып, жекеменшік дәріханаларда да кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге ваучер алу мүмкіндігін енгізу көзделуде. Бұл азаматтар үшін медициналық көмек алу процесін одан әрі ашық әрі ыңғайлы етеді.
Президент сұхбатында ауыл шаруашылығына да қолдаудың алдағы уақытта да кең көлемде жалғаса беретіндігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау нәтижелері туралы айтты. Оның айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде 144 бизнес-процесті цифрландыруды көздейтін АӨК цифрлық трансформациясының жаңартылған картасы бекітілді. Бүгінгі таңда салада Gosagro.kz, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру, «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» және E-Fish сияқты ақпараттық жүйелер белсенді жұмыс істейді. Gosagro.kz жүйесі мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын 200 мыңнан астам пайдаланушыны біріктіреді. Бір жыл ішінде жүйе арқылы 188 мыңнан астам өтінім берілді. Сонымен қатар ауылшаруашылық карталарын ашық форматта цифрландыру аяқталды.
– Өткен жыл іргетастың қалыптасу кезеңі болды. 2026 жылдың стратегиялық мақсаты – «Е-АӨК» бірыңғай экожүйесін құру. Бұл деректер негізінде саланы басқаруға көшуге, фермерлерге әкімшілік жүктемені азайтуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті вице-министр.
Бүгінде ел аумағындағы 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Профессороқытушылар құрамының 54 пайызы ЖИ бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар білім саласында Tomorrow School жобасы Қазақст анның барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Astana Hub Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп әр өңірде университеттер базасында халықаралық оқыту әдістемелеріне сүйене отырып, Tomorrow School жобасын жүзеге асыруда. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді. Министрдің сөзінше, мектептер барлық өңірлердің тұрғындары үшін тәулік бойы қолжетімді форматта жұмыс істейтінін, ал оқу процесі халықаралық оқыту әдістемелерінің негізінде құрылмақ. Қазіргі уақытта 4 өңірде компьютерлік техникамен жарақтандыру және Tomorrow School жобасы шеңберінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін үй-жайларды бөлу мәселелері толығымен шешілген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




