Антына адал ақхалаттылардың мереке түнгі кезекшілігі туралы білмек үшін Тараз қалалық перинаталдық орталығында және облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардағы аурухана қызметкерлеріне хабарластық. Мәселен, Сарысу аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері Маханбет Жұматаев мереке түніндегі кезекшілігінде кездестірген түрлі жағдайларға куә болған. Ел өз үйінде Жаңа жыл күтіп, мерекелеп жатқанда алуан ахуалға тап болған науқастардың жанына батқан аурудан құтқаруға араша түскен.
– Аудандық орталық ауруханада хирург болған соң кейде қарбалас түндерді де өткіземіз. Сондай жағдайларға қарағанда, 31 желтоқсанның түнгі кезекшілігін жалпы тыныш өтті десем, болар. Бұл түнгі кезекшілігімде 4-5 науқас келіп, қаралды. Соның ішінде құлап, аяқтарына жарақат алғандар, қатты іші ауырғаннан шыдай алмай келген кішкентай балалар және дене қызуы көтерілуіне шағымданып келгендер болды. Солардың ішінде мұрнына ойыншық бөлшегін салып жіберген 2 жасар сәбиді де ата-анасы алып келді. Шүкір, баланың мұрнынан бөгде зат алынып, ата-анасымен бірге аман-есен үйіне қайтарылды. Құлап қалғаннан басы жарылып келген науқастың жарасына тігіс салынып, таңып байлап, көмек көрсетіп, үйіне қайтардық. Түнгі сағат 01:30-да жедел аппендицит диагнозымен бір науқасқа ота жасадым. Жаңа жыл кірер уақытта фейерверк атамын деп қолынан жарақат алған 12 жасар бала түсті. Абырой болғанда, аса қатты қауіп төнбеді, дегенмен қолына тігіс салынып, жарақаты таңылды. Жағдайы қалыпқа келгенін бақылап, үйіне қайтардық. Осы тұста дәрігер ретінде жалпы жұртшылыққа фейерверк атқанда барынша сақтық шараларын қолдануды айтқым келеді. Әрине, жан-жағын жарқыратып, түрлі-түсті жарықшақтарымен салют ату қызық, бірақ қауіпсіздік шараларын сақтамаса, үлкен қатер төнетінін естен шығармаса дейміз. Кейбір салюттер сапасыз болса, сақтық шараларын ұстанса да оқыс кетіп, маңайындағы адамдарды жаралауы әбден мүмкін. Жаңа жылды қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күймен мерекелеп жатқанда, жарылғыштан жарақат алған баланы ауруханаға апарып, жанының аман қалғанын тілеп, уайымдау кімге де болса өте қиын. Ең бастысы – амандық, мерекені жақсы өткізу өзімізге байланысты, – дейді Маханбет Муслимұлы.
Дәрігердің ескертуі орынды. Мереке ел аман, жұрт тынышта ғана жоғары деңгейде өтеді. Бір сәттік қызық үшін орны толмас өкінішке душар болмауды үнемі есте сақтаған жөн. Әсіресе мерекелік болса да жарылғыш заттардың зардабы жиі көрініс беріп жүр. Қалың жұртшылық өз жақындарының ортасында мерекелеп жатқанда қызметтік міндетін атқарып жұмыста жүретін дәрігерлер қауіпке душар болған өмірді құтқару үшін күрескеннен гөрі дүние есігін ашқан нәрестені қарсы алып, қуантқаны қандай ғанибет.
Дәл 31 желтоқсанның түнінде есіктен енген жаңа жылмен бірге Тараз қаласында 5 ана босанып, 1 қаңтардың таңында бір ұл жарық дүние есігін ашқан.
– Өміріміздің жаңа белесі, жаңа 2026 жыл кіретін атаулы түні Тараз қалалық перинаталдық орталығына жауапты дәрігер болдым. Біздің бөлімшеде 4 акушер-гинеколог дәрігер, 2 анестезиолог дәрігер, 2 бала дәрігері және акушерка, медбикелермен кезекшілігімізді атқардық. Осы кезекшілікте патология бөліміне кешкі сағат 18:00 мен таңғы 06:00-ге дейін 7 жүкті әйел түсті. Олардың ішінде қағанақ суының кетуімен 2 келіншек, жалған толғақпен 5 ана болды. 2025 жылдың соңғы түнінде сағат 00:00-ге дейін 5 әйел босанды. 2026 жылдың алғашқы күнінде таңғы сағат 05:30-да Маржан Есенқұлова ұл босанды. Міне, біз әріптестерімізбен бірге жаңа жылды дүниеге сәбилердің келуімен, жас аналардың аман-есен босанып, қуанғанын көріп, қарсы алдық. Түнгі сағат 00.00-де кезекшіліктегі әріптестерімізбен және орталықтағы аналармен бірге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын тыңдап, біз де бір-бірімізге жылы лебізімізді айттық, – деген Тараз қалалық перинаталдық орталығының жүкті әйелдер патология бөлімшесінің меңгерушісі Нұршат Жунбаева жаңа жылды отбасымен емес, әріптестерімен жұмыс орнында қарсы алғанын ізгі тілегімен, сүйінші жаңалығымен жеткізді.
Нұршат Қадірбекқызының сүйіншілеген жаңалығын жалғасақ, жалпы еліміз бойынша 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні 254 нәресте туылған. Ең қызығы – бұл жаңа жылдың алғашқы сағаттарында дүние есігін ашқан сәбилердің саны ұлдар мен қыздар арасында тең бөлінген.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы түні туылған нәрестелердің басым бөлігі Түркістан облысында дүниеге келген, яғни 29 сәби. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы 24 баланың туылуымен алға шықса, 22 шақалақ Астана қаласында, ал Алматы шаһарында 21 нәресте жарық дүние есігін ашқан. Өткен 2025 жыл кірген түні елімізде 181 бала туылған болатын. Олардың 105-і ұл, 76-сы қыз бала еді. Ол кезде де ең көбі, яғни 34 нәресте Түркістан облысында дүниеге келген. Қанша сәби туылса да дені сау және мол ырыздығымен келіп, елдің бағына біткен перзент болсын деп тілейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жұмыссыз немесе тұрақты жұмысы жоқ азаматтар да қамтылады
- 13 қаңтар, 2026
ЖИ дәрігердің сенімді көмекшісіне айналды
- 13 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




