«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамның игілігіне қызмет ету – мәртебелі міндет

Қоғамның игілігіне қызмет ету – мәртебелі міндет
Автор
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттік, технологиялық даму және ұлттық қауіпсіздік мәселелері тұтас жүйе ретінде қарастырылады. 2026 жылғы сұхбат ауқымды реформаларды жүзеге асыру елімізді тұрақты дамытудың міндетті шарты ретінде қарастырылған бағдарламалық құжат болып табылады.

Көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан еліміздің үлкен артықшылығы және оны ел игілігіне жарата білу, Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты екендігі атап көрсетіледі.

Осы мақсатта Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көліклогистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды. Сонымен қатар Президент экономикалық даму мәселесіне де ерекше тоқталып, шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеуші өнеркәсіп пен инновацияға негізделген экономика құру қазіргі кезеңнің басты талабы екенін баса айтты.

Бұл ретте мемлекет тек бақылаушы емес, даму үдерістеріне серіктес әрі бағыт беруші рөл атқаруы тиіс деген ұстаным айқын көрінеді. Әлеуметтік саясат та сұхбаттың маңызды бөлігіне айналған. Президент халықтың тұрмыс сапасын арттыру, білім мен денсаулық сақтау салаларын жүйелі жаңарту, жастарға тең мүмкіндік беру мәселелерін стратегиялық басымдық ретінде көрс етті.

Бұл – реформалардың түпкі мақсаты экономикалық көрсеткіштер емес, адам капиталы екенін дәлелдейді. Мемлекет басшысы қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірденбір жолы – Қазақстанның цифрлық державаға айналуы керектігін атап айтты. Экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізу, мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын цифрландыру ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, Alem.Cloud және AlFarabium деп аталатын 2 суперкомпьютер іске қосылды, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды, «Жасанды интеллект туралы» Заң жақында күшіне енді. Жаңа жаһандық технологиялық құрылыстың басты талабы – сенімді энергия көзі болмаса, еліміздің экономика жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын жақсы түсінеміз.

Елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ядролық энергетиканы дамыту стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елімізде бірнеше атом станциясын салу туралы қадам абыройбеделімізді нығайта түсетіні анық. Атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буыны қалыптасады.

Президент сұхбатында бизнестің кез келген елдегі экономиканың тірегі екендігін, экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын атап айтты. Ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты ірі бизнесмендердің қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерге мән беруі, олардың қайырымдылық қызметтері қоғам мен бизнес арасындағы өзара келісім іспеттес екендігіне тоқталып өтті.

Қоғамның игілігіне қызмет ету – мәртебелі міндет екендігі, кәсіпкерлер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керектігі, елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер үшін биылдан бастап енгізілген жоғары награда – «Мейірім» орденімен марапаттау олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесін айқындайтыны атап көрсетілген. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалғанына тоқтала келе, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткенін ашық айтты.

Президент сұхбатында атап көрсетілгендей, «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана біздің өркениетті, әділетті мемлекет құру мақсатына жететініміз анық. Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа кезеңін айқындаған, қоғамға бағыт-бағдар берген маңызды үндеу болып табылатын бағдарламалық сұхбатта Президент айтқан бастамалардың табысты болуы ең алдымен, олардың сапалы орындалуына және қоғам тарапынан қолдау табуына тікелей байланысты.

 

Дүйсеналы БЫҚЫБАЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы

Ұқсас жаңалықтар