«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жұмыс істей алмасаңыздар, ашық айтыңыздар»

«Жұмыс істей алмасаңыздар, ашық айтыңыздар»
Автор
Осы аптада өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 қаңтарда Turkistan газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбаты Үкімет жұмысының басым бағыттарын айқындап бергенін атап өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми сайтында хабарланды.

Мемлекет басшысының бағдарламалық сұхбаты Үкімет жұмысының басым бағыттарын айқындап берді

Үкіметтің биылғы алғашқы отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және ұлттық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып, Президенттің өз сұхбатында айқындап берген даму приоритеттері бойынша жұмыс жоспары қаралды.

– Президент біздің алдымызға қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақ мерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Нақты мұқтаж жандарға ғана атаулы қолдау көрсетіледі Үкімет отырысында Премьер-министр Президенттің бағдарламалық сұхбатының қорытындысы бойынша тиісті министрлік басшыларына бірқатар тапсырма берді.

Жиында фискалдық саясатты қайта құру бақылау жасауға емес, серіктестік орнатуға баса мән бере отырып жүргізілуге тиіс екені атап өтілді. Сол арқылы орын алған теңсіздіктерді теңдестіру қажет. Сондай-ақ энергетика және коммуналдық сектордағы жұмыс тәсілін уақытылы және сапалы жүзеге асыру қажеттігіне баса назар аударылды.

– Әділетті тарифтер – оны жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам. Мемлекет өз кезегінде, шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей қолдау көрсетеді, – деді Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты іске асыруға кірісу тапсырылды.

Ет экспорты мен мал шаруашылығын дамыту: нақты шаралар қабылдау үшін бір апта уақыт берілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өткеніне назар аударды. Президент мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге, мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізу міндеті қойылды. Сондай-ақ шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетігін кеңейту тапсырылды.

– Егіншілерді тікелей субсидиялау орнына, жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткенін айта кету керек. Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруға тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет порттарды, әуежайларды және вокзалдарды жаңғыртуға көшуде

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

– Көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша міндеттер шешімін табуда. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалды. Көлік министрлігі, әкімдіктер мен компаниялар бекітілген іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз етсін, – деді өз сөзінде Олжас Бектенов.

Сонымен қоса, Ішкі істер министрлігіне цифрлық технологияларды қолдана отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейту, Оқуағарту министрлігіне жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыру тапсырылды.

«Артық қаржыландыруды тоқтату қажет»

Осылай деген Премьер-министр Үкімет отырысында әлеуметтік сала приоритетті бағыт болып қала беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады.

– Сұхбаттың ауқымды бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады, – деп атап өтті

Олжас Бектенов. Бұл ретте Премьер-министр Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Жиында мемлекет сапалы және қолжетімді қызметтер көрсету бойынша міндеттемелерді өзіне алатыны және мекемелерде орын болмаған жағдайда жекеменшік ұйымда оқуға жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғаны атап өтілді.

Десе де бұл мүмкіндікті теріс пайдалану деректері тіркеліп отыр. Субсидия көлемін көбейту мақсатында оқушылар мен мұғалімдердің жасанды легі туындауда, ал өз кезегінде бұл білім сапасына, сондай-ақ мемлекеттік шығындардың тиімді жұмсалуына теріс әсер етеді.

Премьер-министр жекеменшік білім беру ұйымдарына қатысты қымбат оқу ақысы мәселесін де атап өтті. Ол мемлекеттік бюджет «элиталық» мектептердің қызметін қаржыландыруға жұмсалмауы керектігін ерекше айтты. Мұндай мектептерде ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

 Одан бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы қажет. Бұл жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға жүктелді.

Сөзден іске көшу: «Үкімет Президент қойған міндеттерді табысты орындау үшін бар күш-жігерін салатын болады»

Отырыста осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламалық сұхбаты Үкімет жұмысының басым бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.

– Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу болашақта біздің алдымызда тұрған мақсатміндеттерді айқындап берді. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар оларды табысты жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салып жұмыс жасауы керек. Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарсаңыздар. Нәтиже болмаса, оның бәрі бос әңгіме. Жұмыс істей алмасаңыздар, ашық айтыңыздар. Біз бұл мәселені шешеміз, – деген Олжас Бектенов орынбасарларына барлық тапсырмалардың орындалу барысын өз бағыттары бойынша үйлестіруді тапсырды.

Цифрландыру және ЖИ жылы: экономиканың барлық саласына технологияларды енгізу мәселесі қаралды

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының экономиканың барлық саласына цифрлық шешімдерді енгізу туралы тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде, сондай-ақ биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына орай цифрландыру мен ЖИ-ді дамыту мәселесі қаралды. Олжас Бектенов Президенттің 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарын айқындайтынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Біздің басты мақсатымыз – экономиканың барлық салаларына серпінді технологияларды енгізу. Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс, – деп атап өтті.

Премьер-министр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректеріне сәйке с, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2606 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. 2026 жылы тағы 1900-ін қосу жоспарлануда.

Бұл ретте 5G байланысы 20 ірі қалада қолжетімді, 4G желісі 3115 ауылды қамтиды. Айта кетсек, 2026 жылы тағы 836 ауылды 4G-ге қосу жоспарлануда.

Озық IT-технологияларды қарқынды дамыту жалғасады

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің цифрлық мемлекетті қалыптастыру және озық технологияларды дамыту бойынша стратегиялық міндет қойғанына назар аударды.

– Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылуымыз керек, – деп атап өтті

Премьерминистр. Өткен жылы цифрландыру және жасанды интеллект саласында белгілі бір жұмыстар жүргізілгені атап өтілді.

– Былтыр цифрландыру және жасанды интеллект саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Заңнамалық база жасалды, есептеу қуатын сатып алу қамтамасыз етілді, Alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Қазақстандық IT-қызметтер экспортының көлемі өткен жылы шамамен 1 миллиард долларға жетті. Бұл жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

– Мүдделі тараптармен бірлесіп, Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеуді және бекітуді жеделдету қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экономика үшін елеулі нәтиже беретін нақты цифрлық шешімдерге назар аударылады Мемлекет басшысының экономиканың барлық салаларына цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Премьерминистр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осы шешімдердің елеулі практикалық әсерін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

– Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы инфрақұрылымды дамыту отандық экономиканы нақты трансформациялау ісінде басты рөл атқарады. Бүгінгі таңда күнделікті өмірде кеңінен қолдануға арналған шешімдер жетіспейді. Компаниялар жаңа прототиптерді ұсынумен ғана шектелмей, оларды толық аяқтап, іс жүзінде қолдануға дейін жеткізуі керек. Цифрландыру экономикамен және күнделікті өмірмен қатар дамып қана қоймай, олардың ажырамас бөлігіне айналуы керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте цифрлық технологиялардың қолда бар әлеуеті өте тиімсіз қолданылып жүр.

– Бізде озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр. Мысалы, қазақстандықтар үйдегі есептегіш құралдардың деректерін әлі күнге дейін телефон арқылы жібереді. Мұндай маңызын жойған бизнес-процестер тұтас салаларда бар. Құрылыста BIM-модельдер жоқ, бұл тиімді жобалау мен басқару мүмкіндіктерін шектейді. Өндірістерде роботтандыру, ал ауыл шаруашылығында серпінді IT-шешімдерді енгізу қарқыны баяу. Сондықтан уәкілетті органдар экономикаға елеулі әсері болатын практикалық цифрлық шешімдерге назар аударуы қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Төтенше жағдайларға қарсы күрес және алаяқтықтың заманауи түрлерін анықтау үшін цифрлық құралдарды әзірлеп шығару қажет

Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдарға қазіргі заманғы қатерлер мен алаяқтықты анықтау және алдын алу тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

– Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға қарсы тұру құралдарын жасауға ерекше назар аудару керек. Жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтық жағдайлардың да анағұрлым жетілген түрлері пайда болады. Ішкі істер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осындай әрекеттерді тиімді анықтау және тану тетігін әзірлеуі қажет. Жалпы қолданыстағы құралдар мен цифрлық шешімдерді жетілдіру бойынша тұрақты проактивті жұмыс жүргізу қажет. Бұл қоғамның цифрлық шешімдер мен онлайн-платформаларға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Цифрландыру және ЖИ жылының аясындағы іс-шаралар тізбесі бекітіледі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне осы жылдың қаңтар айының соңына дейін жұртшылықты кеңінен тарта отырып, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберіндегі іс-шаралар тізбесін бекітуді тапсырды.

– Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сәтті өткізу үшін кәсіби қоғамдастық пен халықты кеңінен тартуды қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қаңтар айының соңына дейін Жылдың іс-шаралар тізбесін анықтап, бекітуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

Заңнамалық актілер жаңа Цифрлық кодекске сәйкес келтірілмек

Жиында Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ілеспе заңнамалық актілерді әзірлеп шығаруды және салалық заңға тәуелді барлық құқықтық актілерді таяуда қабылданған Цифрлық кодекске сәйкес келтіруді тапсырды.

– Парламент цифрландыруды дамытудың негізін қалыптастыруға бағытталған Цифрлық кодексті қабылдады. Басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер әзірлеп, Мәжіліске енгізу, сондай-ақ заңға тәуелді барлық салалық құқықтық актілерді сәйкестікке келтіру қажет. Жүргізіліп жатқан заңнамалық өзгерістер бойынша IT-қоғамдастық пен жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Басқарудың барлық деңгейіндегі мемлекеттік органдар функциялары қайта қаралатын болды

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

– Жасанды интеллект мемлекеттік секторда да белсенді енгізілуге тиіс. Оны қолдану атүсті автоматтандыруға емес, қалыптасып қалған проце стерді қайт а қарауға, мемлекеттік функцияларды орындаудың неғұрлым тиімді модельдеріне көшуге және бюрократиядан арылуды одан әрі жалғастыруға әкелуі керек. Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрландыруды кеңейтуді және жасанды интеллектінің қолданылуын ескере отырып, басқарудың барлық деңгейлеріндегі функцияларды қайта қарауға тиіс, – деген Олжас Бектенов.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне министрліктердің бірінші басшыларының цифрлық орынбасарлары, яғни, CDO қызметінің нәтижелеріне сапалы талдау жүргізіп, 2026 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған жаңа көрсеткіштерді белгілеуді тапсырды.

Ақпараттық жүйелердің барлығы жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіріледі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне ақпараттық жүйелерді жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл азаматтардың деректерін қорғау деңгейін арттырады.

– Ақпараттық жүйелердің сенімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірінші тоқсанның соңына дейін ақпараттық жүйелерді жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіруді аяқтауы қажет. Бұл біздің азаматтарымыздың деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Цифрлық инфрақұрылым және өнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Тұрақты энергетикалық базаны дамыту маңызды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында энергетикалық базаның экономиканың жаңа технологиялық моделіне көшудегі басты рөлін атап өтті.

– Мемлекет басшысы сұхбатта атап көрсеткен тәсілдерді ескере отырып, экономиканың жаңа технологиялық моделіне көшу тұрақты және сенімді энергетикалық базаның болуымен тікелей байланысты екенін түсіну қажет. Жоғары өнімді есептеулер, деректерді өңдеу орталықтары, автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістердің дамуы объективті түрде энергияны тұтыну көлемінің еселеп өсуімен қатар жүреді. Ол үшін генерация мен желілік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет. Энергетика министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ұлттық экономика және Өнеркәсіп министрліктерімен бірге цифрлық инфрақұрылым мен өнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыруды ескере отырып, электр энергиясының өндірісі мен тұтынудың ұзақ мерзімді балансын жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

Аталған мәселелер бойынша бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар