Тірілер өлгендердің көзін жабады, өлгендер тірілердің көзін ашады
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:44
- 60
Осы 42 жылдың ширек ғасыры (арасындағы аз-кем ауыс-түйісті есептемегенде) Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметі лауазымына арналды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына екі мәрте тағайындалды. Қазақстан коммунистерінің ІV съезінен ХVІ съезіне және КОКП-ның ХІХ съезінен ХХVІІ съезіне дейін делегат болып сайланды. ХХ съезден бастап КОКП Орталық Комитетінің мүшесі болды.
Дінмұхамед Ахметұлы жақсы көретін сөздердің бірі «күйе күйдірмесе де күйелейді» деген халық даналығы. Өйткені, ол бұл сөздің жиіркенішті мысалын елінің ең жоғарғы лауазымды қызметінде жүргенде де, одан кеткеннен кейін де өз басынан талай өткізді. Бірақ Алатаудай биік, Сарыарқадай кең, Каспийдей терең адам сыртқы жау Н. Хрущевтің қиқаң-сиқаңын былай қойғанда, ішкі жау И.Юсуповтың ылдым-жылдым айла-шарғысын да халқына білдірмей қара нарша көтере білді.
Ал М. Горбачевтің сорақылығы бәрінен асып түсті. Еншісі – еңбек, қасиеті – қарапайымдылық болып, туған халқына адал қызмет атқарған, сондай-ақ Ресей халқын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етіп келген Қазақстандай кең елдің бірегей басшысы алдына өтінішпен барғанда жұмысбасты бола қалып, «тірлік мойын бұрғызатын емес, соған орай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумына қатыса алмаймын, Орталық Комитеттің кадр жөніндегі хатшысы Разумовский барады» дер ме еді. М.Горбачевтің мәдениет пен сыпайылықтан ада бұл мінез-құлқы Қазақстан билігіне келетін «кадрдың» алдын ала кесіліп-пішіліп қойылғанын көрсетеді. Неге?
Біріншіден, Д. Қонаевқа қарата айтылған «Ұсынысыңызды құптаймын, өтінішіңіз Саяси Бюрода қаралады» деп тақ ете қалу – тек қана алдын ала жасалған сценарий кезінде ғана қолданылатын сөз, екіншіден, Д.Қонаевтан «өз орныңызға кімді лайық деп отырсыз?» деп қасақана сұрамауы да «қолынан келген қонышынан басадының» өктемдігі мен өзімбілермендігі.
Қонаевтың ойындағы қазақстандық номенклатураның кандидатурасын қолдасын, қолдамасын КСРО атты алып елдің үлкен бір пұшпағы – Қазақ КСР-і сияқты жерге де, кенге де, малға да, дәнге де бай, еңбекқор елдің ғажайып халқын қырық жылдан астам басқарған сыйлы адам зейнет демалысына кетіп бара жатқанда сыпайылық үшін болса да «еліңізде орныңызға ұсынатын дайын кадр бар ма?» деуі керек еді ғой.
Жоқ, өкінішке қарай, М. Горбачев мұндай біліктілік танытпайды. Танытқысы да келмейді. Ақыры шыдамы таусылған Д.Қонаевтың өзі сұрауға мәжбүр болады. Сол кезде М. Горбачев «Ол мәселені шешуді бізге қалдырыңыз, Қазақстанға маңдайынан шертіп отырып жақсы коммунист жібереміз», – деп әңгімені шорт үзеді. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген, міне, осы.
КСРО саясатына қалтқысыз адал қызмет еткен Қазақ КСР-і халқына деген Кремль билігінің «құрметінің» сиқы көп ұзамай түсінікті болды. М.Горбачев «маңдайынан шертіп жүріп таңдаған жақсы коммунистің» қазақ халқын басқаруға келген қадамы құтты болудың орнына, қанды шеңгелді болды. Қалай басқарғаны да тарихтан белгілі. Халқымызда «игі істің басына, жақсы келер қасына» деген сөз бар, М.Горбачев «сенім» артқан Г.В.Колбин ондай жақсылардың қатарынан болмай шықты. Халықты сабырға шақырып, ақыл-парасатпен басқарудың орнына 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы оқиғаға қатысушыларды аяусыз жазалуға жол берді. Сөйтіп, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың 99-ның сотталып, 2-нің өлім жазасына кесілуіне, 83 адамның 2 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуына ұйытқы болды. Республиканы ол басқарған екі жарым жылға жуық уақыт ішінде төменгі, орта, жоғары эшелондағы 112 басшы қуғындалып, тағдыр тәлкегіне ұшырады. Торғай, Маңғыстау облыстарын жауып, таратып жіберді (Ал Д.Қонаев Қазақстан картасындағы көптеген қалалармен бірге Торғай, Жезқазған, Маңғыстау және Талдықорған облыстарын ашқан болатын).
«Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса іздеп таба алмайсың» дегендей, Д.А.Қонаев 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы оқиғадан кейін кімнің жақсы, кімнің жаман екенін анық байқады. Бұл туралы Димекеңнің мынандай әңгімесі бар. Бір мархабаты мол патша ашу үстінде өзінің қарамағындағы қызметкерлерінің бірін жазықсыздан-жазықсыз өлім жазасына бұйырыпты дейді. Бір күнгі жарық дүние кімге болса да қымбат қой, соны қимай бара жатқан әлгі пақыр: – Әй, патша, менің айыбым менің ғұмырыммен бітеді, ал сенің айыбың мен өлген соң басталса керек, – депті.
Патша сөзден жығылып, құлына кешірім жасаған екен. «Сол айтқандай, – деп жазады Димекең, – менің айыбым басталатындай кімге қиянат жасап, кімді жылатқан едім дегенді ойлаумен болдым». Шынында Д.Қонаевтың ерекше қасиеті ашық айтса да ашынып, ауыр айпағандығында, ақыл тезін алдыға сала білетіндігінде және досы жоқпен сырласып, досы көппен сыйластығында болғанын ойлы жұрт біледі. Қазақ халқы оның осы қасиеті үшін де қызметі мен өмір жолын әлі күнге дейін үлгі, өнеге тұтып келеді. Ойран өткеннен кейін, салмақ ойға түседі.
Д.Қонаев иықты басқан сол зілбатпан ойларын кітапқа түсіріп жеңілдемек болған тұста бұл туралы «мен алтын басты азаматтармен үзеңгілесіп, үлкен іс тындырып жүрдім десем, қара бастың қамын кешкен кеудемсоқ пенделердің ортасында өзімді өзім алдап, арбауға түскен екенмін. Жарқылдағанның бәрі алтын емес екендігін, жалпақтағанның бәрі жанашыр еместігін ажырата білетін сияқты едім» деп жазады. Бірде Д.А. Қонаевті Н.С. Хрущевтің кабинетіне шақыртады. Ол кіргенде іште Микоян, Козлов, Брежнев, Косыгин, Первухин тағы біреулер отыр екен. Н.С. Хрушев бірден ытырыла сөйлеп: – Қарағанды облысы Тың өлкесіне берілсін деген ұсыныс болып отыр, – дейді.
Қонаев сәл абдырап қа лады. Отырғандарға жағалай бір қарап шықса бұл пікір жалғыз Никитаныкі емес сияқты, бірақ сөзден тосылмай:
– Олай етуге болмайды. Онда астықпен айналыса алмай қаламыз, – деп салады. Нық әрі өзіне өзі сенімді үн. Ол кезде Сталиннің өзін жерден алып, жерге салып жамандаған КСРО-ның «нөмірі біріншісінің» көзіне тура қарап, бұлай деу көзсіздік (ерлік емес) болып саналатыны белгілі.
– Тағы да Қонаевтың ойынан шыға алмадық, – деп екі қолын жайып, ышқына дауыстаған Никита Сергеевич:
– Өнеркәсіпсіз біз тыңды сүйрете алмаймыз. Онан соң, біз Қарағандыны капиталистерге бергелі отырған жоқпыз ғой. Менің ойымша Қонаев өз қарсылығын қайтып алуы керек, – дейді.
Абырой болғанда әңгімеге Микоян араласып, «Қарағандыны бүгін Тың өлкесіне берсек, ертең оларға өзімізақ көмір өндіріңдер деп бұйырамыз. Ал Тың өлкесі менің білуімде көмір емес, астық өндіру үшін құрылды ғой» деп Хрущевтің өрекпіген кеудесін басып тастайды. Бірақ Хрущевтің басылып қалған кейіп танытып, тымыр аяқ алуының артында «Маңғыстауды Түркіменияға беру керек, ал Қазақстанның мақта өсіретін аудандарын Өзбекстанға беру керек» деген ұшқары ұсыныстарына да Қонаевтың қарсы болғаны тұр еді. Ал бұл «ұсынысты» үкілеп ұсынған қазақ жерінің суын ішіп, нанын жеп жүрген Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов болатын. Ол 1962 жылы Мәскеуде жүргенде Н.С.Хрущевтің қабылдауына пасықтықпен жасырын кіріп, Оңтүстік Қазақстандағы мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс айтып шығыпты. Н.С.Хрущев болса «Юсупов жақсы ұсыныс айтты» деп мақтап, оны мәз ғып қояды. Бұл Д.А.Қонаевтың қызметі мен өміріндегі ең ауыр күндердің бірі болады. «Іштен шыққан шұбар жылан» Исмаил Юсуповтің Кремль билігіне жақсы атану үшін өзін айналып өткені көңілін қабаржытып, жүрегін ауыртады. Кремль басшыларының сол кездегі «ақыл қалтасы» атанған Микоян да бұл ұсынысты талқылауда Хрущевті жақтап шыға келеді. Бейсебаев, Шәріпов дегендер «желге қарсы тұрып қайтесің... келісім бер» деп, босбелбеулік танытады. Бірақ, Д.А.Қонаев өзін алда лауазымды қызметінен шеттетуге апарып соқтыратын ауыр жаза күтіп тұрса да келісім бермейді. Көп ұзамай Орталық Комитеттің хатшысы Козлов Д.А.Қонаевқа телефон шалып, 25 желтоқсанға пленум шақыр деп тапсырма береді. Сол пленумда Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы деген қызметінен «бірауыздан» босатылады. Оның орнына «бірауыздан» Исмаил Юсупов тағайындалады. Сөйтіп, Кремль билігі «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп, Д.А.Қонаев көзінің қарашығындай сақтап қалған бірқатар мақталы аудандарды Өзбекстанға берді де жіберді. «Жыртық үйдің Құдайы бар», екі жылдан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып қайта тағайындалған Д.А.Қонаев әлгі дымбілместердің делдалдығымен өзбекке өтіп кеткен аудандарды қазақ жеріне қайтып қосып алды. Бірақ кейбір аумақтар бәрібір шет жерде қалып қойды. Ең ауыр қарғыстардың бірі «өзің білме, білгеннің тілін алма» десек, Хрущев пен Юсупов өздері білмейтін, ал білген адамның тілін алмайтындардың нағыз өзі болатын. Олардың сол солақай саясатының салдарын қарапайым халық көріп, мысалы, Қазақстанның 3 миллион 500 мың гектар жері Өзбекстанға өтіп кетті. Республика экономикалық жағынан құлдырап, елде соғыстан кейін болмаған жағдай – «нан кәртішкесі» енгізілді. Ол билік құрған екі жыл ішінде дау-дамай, кінәласулар көбейіп, Кремльге арыз қардай бораған. «Қазақстандағы ұйғыр автономиясы» туралы қаңқу сөз де осы тұста гу ете түскен.
Д.А.Қонаев жоғары лауазымды қайраткерлерден ғана емес, сонымен бірге кезінде өзіне құрметпен қолтаңба жазып берген зиялы қауым өкілдері тарапынан да сатқындықты көп көрді. Адалдары болды әрине, бірақ олар тым некен саяқ еді. Сол қиын-қыстау күндердегі некен-саяқтар тізімнің басында жазушы Ілияс Есенберлин, ақындар Олжас Сүлейменов, Шона Смаханұлы (бұл тізімді «анау ше, мынау ше?» көбейтетіндер болса, тек қана қуанамыз) тұрғаны белгілі (Шонаны зиялы шығармашылық қауым өкілдерінің кейбірі «дарындылар» тізіміне қоспайтынын білем. Бірақ ол Д.А.Қонаев есіміне өле-өлгенше дақ түсірмей өтті, Д.Қонаевтың атабабаларының өміріне арналған хикаят та жазды, тіпті Желтоқсан оқиғасы кезінде ұрланып алаңға да барды, күнделік те жазды.
Бұл туралы тағы бір мақаламызда нақты деректермен тоқталатын боламыз). Ал ақын Олжас Сүлейменов Д.А. Қонаев Орталық Комитеттің Бірінші хатшылығы лауазымынан қиянатпен болсын, өз еркімен болсын «кеткен» сайын өз қарсылығын ашық білдірген. Дінмұхамед Қонаевтай асылдың орнына қазақ жерін алыс-жақын елдерге шүленше үлестірген («Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын») И.Юсупов келген кезде көкірегін ауыр сыз кернеген сәтін Олжас былай деп жазады. «Сол кезде кейбір жазушылардың және жазушы еместердің сөздері мені ұялтып, күйіндірген еді. Димаш Ахметұлын сынай тұрып ауыздарына келгендерін айтып еді.
Ең жиіркеніштісі сол: трибунаға жұдырық түйіп шыққандардың көпшілігі содан біраз ғана бұрын Қонаевтың адында жарбаңдап жағымпазданғандар болатын. Олар біздің жүйенің тәртібін мықтап ұққандар ғой: қызметінен түскен адамды біржола құрдымға кетті деп біледі. Сондықтан қара бояуды бірінен бірі асырып жағады. Сондай кеңестердің бірінде мен де сөз сөйлеп: «Хамелеондармен келіспеймін. Қонаевты қаралағандармен келісе алмаймын» дедім» дейді. Олжас ақын мұндай мінез бен ерлікті 1986 жылы да көрсетті. Ол бұл туралы «кейбір ойлана алмайтын бастықтар өздеріне оңтайлы схема ойлап тауып: оқиғаны ұйымдастырған – Қонаев, орындаушысы – Олжас деп шығарды.
Газеттер, телеарналар, радио қайтсек Димекең мен Олжасқа батыра тіл тигіземіз деп біраз жазып бақты, айтып бақты. Не Димекеңе, не маған алаңдағы жастар алдында сөйлеуімізге рұқсат берілмеді. Кейбіреулер маған ақыл айтқансып: «Олжас, жұрттың алдына шығып: «Қонаев сондай да мұндай» дей салсаңшы, сонда дереу сенімге ие боласың. Сенің алдыңнан есіктердің бәрі ашылады, баспасөздердің де үні өшеді» деді. Бірақ мен: – Жоқ, өйте алмаймын. Екіжүзділік жасап көрген жоқпын және жасай алмаймын.
Қонаев айтпақшы: арым бәрінен қымбат дедім» деп ақындық жүрекпен толғана, тебірене жазды. Ал жазушы Ілияс Есенберлиннің Д.А. Қонаев дегенде шығарда жаны бөлек болған екен. Мысалы, жазықсыз жаламен істі болып, түрменің нанын да жеген тағдырлы адам темір тордан шыға салысымен ешқайда бұрылмастан, тіпті, үйіне де соқпастан Д.Қонаевқа келеді. Егер әлдекімдердей көлеңкесінен қорқатын қосүрей саясаткер болса Қонаев оны қабылдамақ тұрмақ, маңайына жолатпас еді ғой. «Ол кезде Министрлер Кеңесіндемін.
Бар мұңын шағып, жайын айтты» деп еске алған Д.Қонаев оған көңілі қалаған қызметін ұсынады. І.Есенберлин болса басшы сенімін халық рухани тұрғыдан сусап отырған тарихи романдарымен ақтайды. Өйткені Д.Қонаев топырақтың арасында жатқан қазынаны көріп, оны халыққа дер кезінде ұсына білді. Ол – жазушы І. Есенберлин еді. Ол – сол түрме теперішін татып келген жазушының қиялы мен қаламынан туған тарихи танымдық романдар еді. Сол жылдары «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» деп аталатын, кейін «Көшпенділер» болып шыққан трилогия әр шаңырақтан табылатын. Әлбетте, жазушыны көркемдіктің шыңына шыққан қаламгер деп айта алмаспыз, бірақ сол тұста елуден асып қалған жазушы жиған-терген тарихи мағлұматтарын көзі тірісінде халқына ұсынып қалуға тырысып, тез жазғаны рас. Ол көлемді романдарды үш айда, ары кетсе алты айда жазады екен. Өз кемшілігін сезгені шығар, талантты жазушылар, қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сияқты қаламгерлермен шығармашылық тұрғыдан бірлесіп, ақылдасып отырған. Біле білгенге мұның өзі де ерлік қой. Бірақ жазушының ежелгі қазақтардың ерлік шежіресі туралы романдарын жоққа шығаруға тырысып, аяқтан шалуы, әрине, баспа директорының шығармашылық табысын көре алмаушылықтан туған еді.
Бұл туралы І.Есенберлин Д.А. Қонаевқа да хат жазған. «КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан КП ОК Бірінші Хатшысы Д.А. Қонаев жолдасқа хат» деп басталатын хатта жазушы «Жанталас» романының «Простор» журналына жариялануына қарсы болып отырғандардың жөнсіз әрекеттерін айтады. Д.А. Қонаевқа жазған екінші хатында жазушы «Мұхиттан өткен қайық» деп аталатын романының жоспарға енгізілмей, ылғи кейінге қалдырылып келе жатқанын сөз етіпті. Жазушы І.Есенберлиннің көпшілікке белгісіз бұл қай романы еді?
«Мұхиттан өткен қайық», негізінен, 1972 жылы жарық көруге тиіс еді, бірақ өкінішке қарай, ол 2001 жылы, Д.А.Қонаев дүниеден қайтқаннан кейін жарық көрді. Димаш Ахметұлы кезінде қолжазбаны оқып, ой-пікірін айтқанмен, кітап болып қалың оқырманға жол тартқанын көре алған жоқ. Бұл қуанышты сәтті жазушы да көре алмай арманда кетті. Ал жалпы 30 жылдан астам уақыт баспахана тартпасында жатқан романға сол кездегі цензура «автор партиялық және мемлекеттік құпияны ашатын «қара ақпаратты» қайдан алған? Ол тың игеру мен жаңа өнеркәсіп құрылыстары аудандары елге немене бақыт әкелді деп сауал тастап, Қазақстанның жаңа тарихын бұрмалап көрсетуге ұмтылады. Сол сияқты, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов сияқты Алашорда қайраткерлерін ақтау туралы мәселе қояды» деп сынап, қара күйе жаққан. Сонымен бірге Қазақстан Компартиясы бөлімінің 1978 жылғы 27 желтоқсандағы жазбасында «Мұхиттан өткен қайық» атты романды мейлінше қаралау мақсатында «Жазушы І. Есенберлин бес жыл бойы үздіксіз ҚКП Орталық Комитетіне арыз жазумен жүр. Авторға «Мұхиттан өткен қайық» романында ірі мемлекеттік қайраткерлердің (солардың бірі Д.А.Қонаев – К.С.), зиялы шығармашылық қауым өкілдерінің рухани өмірлерінің бұрмаланып көрсетілгені әлденеше мәрте ескертілді. І.Есенберлин өзінің біліксіздігі негізінде өз кейіпкерін тоғышарлық деңгейіне дейін түсіріп жіберген» деп сынады. Ал шындығына, 30 жылдан кейін жарық көрген осы романды оқу барысында біз Д.А.Қонаевты жансарайы кең қарапайым адам ретінде жаңа қырынан тануға зор мүмкіндік алдық.
Жазушы І.Есенберлин Д.А.Қонаевтың ақыл-парасатын қатты құрмет тұтқан достыққа адал, азамат-қаламгер. Бұл туралы ол: «Көрнекті адамдар өз елінің бағына, не сорына туады деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық. Әсіресе, ол өмірі қауіп пен қатерде жүрген адамдарға алабөтен жақын сияқты. Оның басты қасиеттері адамсүйгіштігінде, әділеттілігінде, биік адамгершілігінде, нақтылығында, істі терең білуінде. Оны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиет – ғажайып даналығы болса керек. Ол өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болды, оның аты өзін шексіз құрметтейтін ұрпақтарының жадында мәңгі қалды» деп жазды.
Халық құрмет тұтқан қаламгердің сөзіне алып-қосарым жоқ.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
жазушы
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ұқсас жаңалықтар
Отбасы құндылығы мен гендерлік саясат әңгіме болды
- Бүгін, 16:35
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




