«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өз өмірінің күзінен көктем іздеген кейіпкерлер

Өз өмірінің күзінен көктем іздеген кейіпкерлер
Автор
Қолыма жазушы Жадыра Ғазиздың (Шамұратова) «Қисық дүниесі» түскенге дейін өзіміз түзу әрі тұрлаулы деп келген қоғамның «қисықтарын» елең қылмай, елең қылсақ та мән бермей келген сияқтымын. Жинақтағы алғашқы повесть «Қарашада гүлдеген қырмызы» деп аталады. Кез келген туындыны ретімен оқитын әдетіммен «Қарашада гүлдеген қырмызы» повесін бастап кеттім. «Қисық» өмірде өздерін бақытты немесе бақытсыз жандардың қатарына қоса алмай жүрген қаншама әйел заты бар. Олар тағдырдың талайына таланып түссе де, «қисық» тіршіліктен бір түзу жол тапқысы келіп, қарманады. Осы жолда өздерін аямайды. Арманға жету соқпағында ешқашан аянбайды. Жазушының қарашада гүлдеген үш қырмызысы – Сая, Шырын, Әсел. Өмір жолы, тағдыры үш түрлі кейіпкер. Бірақ үшеуі де бақыт іздеп, өз өмірінің күзінен көктем іздеген жандар.

Сая – беделді дәрігер. Ауыр халдегі науқастардың ертеңіне үміт сыйлап жүрген жан. Ол жайлы суреттеуді оқып отырғанда қатерлі ісік дертіне шалдығып, өмір мен өлім арасында арпалысатын науқастардың жайкүйін сен де барлық жан-дүниеңмен сезінесің. Кейбір науқастың ауру тарихы картасын Саямен бірге кезекшілігінде түн қатып бірге толтырасың. Кейде науқастардың туысы болып, күйзелесің. Жанкешті маманның машақатын бірге көресің.

Қысқасы, Сая өмірді өз қағидатымен сүреді. Тіке жұмысына барады, қайтады. Білікті дәрігер өзінің жеке өміріне келгенде өте кірпияз. Жалғыз. Жар құшып, бала сүймеген. Алайда қоңырқай тіршілігіне базына айтқан емес. Әйтеуір адал еңбек ете жүріп, елге жасаған жақсылығының қарымтасы шығар, кеш те болса бақытын тапты. Шырын – хас сұлу. Өмірге жеңіл көзбен қарайды. Жалпы әйел затының бақыты үшін сұлулық қана жеткілікті болса, мына өмір жеңіл өтер еді. Шырынның сұлулығы оның түбі сорына айналады. Өзінен бірнеше жас үлкен бай-бағланның тоқалы атанып, бір сәттік жылтырақпен өмір сүрудің соңы жақсылықпен аяқталмады.

Жазушы осы кейіпкері арқылы бүгінде молшылыққа малынып, қызметте табысқа жету үшін бақуатты еркектердің құшағында қымсынбай кететін қаракөздерге сабақ боларлықтай жиіркенішті жайды ашық баяндайды. Үшінші кейіпкер – Әсел. Ол бір қарағанда өте бақытты жан. Өзін жақсы көретін күйеуі бар, балалы-шағалы ардақты ана. Оның өмірімен таныса келе, мардымсыз айлығына шиеттей бала-шағасының қажеттілігін қанағаттандыра алмай жүрген бейбақ екенін көресің. Сөйтіп Әселдің мақсатына жетуіне оқырман ретінде еріксіз тілекші боласың.

Шетелге барып қара жұмыс істеп жағдайын түзеуге қатысты ойы маза бермеген Әсел бала-шағасын күйеуіне қалдырып ақыры шекара асады. Ол жерде де оның шекесі шылқыған жоқ. Өзі тақылеттес небір қазақ әйелдерімен қара жұмысқа шегіледі. Белін бүгіп тапқан нәпақасын берекелі жаратып, түбінде арманына жетеді. Шетелде Әселмен бірге жұмыс істеген қаламгер «тараздық» деп алған қыздың өміріндегі миссиясы да жаға ұстатпай қоймайды. Ол балғын шағында зорлыққа ұрынып, құрбан болған сіңлісінің кегін алу үшін жүрген «қисық дүниенің» бір түзеушісі. Бұл кейіпкерлер арқылы жалпы өмірде әйел затының мақсат пен арманға жетудегі табандылығын көруге болады.

Осы орайда оқырман ретінде көкейіңде бір сауал туындайды. Неге осы бақытты, бақуатты, жайлы өмір сүруге қазақтың әр отбасындағы әйел ғана ұмытылуы керек? Олар онсыз да баланы туады, балаларын қатарынан қалдырмайын деп итшілеп тірлік кешеді. Тіршіліктің тауқыметімен шырмалып жүріп, өзінің нәзікжанды болмысынан да алшақтап қалады. Оған отбасының күйбеңін тағы қосыңыз. Қазақтың әр әйелі бүгінде өзін жоғалтып, күйзеліске толы күн кешіп жүр, десек қате емес. Осыданақ, қоғамда, жекелеген отбасында ер азаматтың рөлі, жауапкершілігі әлсіреп, оның соңы ұлттық қасіретке бастап бара жатқандай. Мұның барлығы біз түзу деп жүрген өмірдің жазушының қырағы көзі шалған нағыз қисық, бұралаңы емей немене..?

Жинақтағы өзіне баураған келесі туынды – «Мылқаудың сыбыры». Қатты айтқанмен ешкім сөзіңді естімейтін қазіргі «мылқау» қоғамды көресің бұл повестен. Қоғамнан шындық іздегендердің дауысының сол естілмеген күйінде өзімен бірге көрге кететініне күйзелесің. Қандай өкінішті. Бірақ бұл да «қисық дүниенің» біз түзей алмай жүрген тағы бір кемшілігі. «Мылқаудың сыбырында» жекелеген емделушілердің ғана емес, бүгінде бүкіл ұлттың жүйкесі күйзеліске түсіп, адамдық фактордың құрдымға кетіп бара жатқанын жүрегіңмен сезесің. «Мылқаудың сыбырынан» кейін өзің де үндемей, деміңді ішіңе тартып отырғаныңда, жазушы «Көлеңкемен» жетелеп, оқырманын «Нөлінші қабатта жоға луға» дейін алып барады.

Қарапайым арифметикалық тұрғыдан алғанда «0» деген жоқ деген сөз. Жазушының кейіпкері де дәл солай. Отбасында да, қоғамда да өз орнын жоғалтып алады. Бүгінде ортамызда қаншама адам өзін таппай жоғалып кетудің аз-ақ алдында жүр. Жоғалғандары қаншама?! Ұлтымыздың дамуына қауіп-қатер төндіріп тұрған қасіретті жазушы сәтті суреттейді. Адам бақытты болу үшін байлық қана керек деп ойлауымыз тағы мүмкін. Бірақ жазушының нөлінші қабатта жоғалған кейіпкері нағыз молшылықтың ортасында өсті. Әкесі мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметтер атқарды. Заңды да, заңсыз да жолмен дүниені сықитып жинады. Алайда отбасы тәрбиесін уысынан шығарып алғанын ұқпады. Уақытында оны түсінгісі де келмеді. Соңында бір ұлын тірідей жоғалтты. «0»-ші қабат, ондағы бар болып тұрып жоғалу, өмір сүріп жүріп тіршіліктен баз кешу... Қалай? Осы бір ғана сұрақ санаңды қозғап, еріксіз терең ойға жетелейді... Жалпы жинаққа енген «Ергежейлі», «Сары сыр», «Ерекше сыйлық», «Кішкентай жолаушы», «Сол бір түні», «Қисық дүние», «Екеудің көпірі», «Нашар қыз» әңгімелерінің қайқайсысы болсын оқырманға ерекше ой салып, бүгінгі өмірдің шындығын суреттейді.

«Ерекше сыйлық» әңгімесінің көтерген жүгі, айтар астары тым ерекше. Жалғызілікті келіншек Саяға құрбылары туған күнінде робот сыйлайды. Өзі Батыр деп есім берген роботпен Саяның жалғыз жаны, жаралы жүрегі бір сәтке бақыт табады (бәлкім тапқандай болады). Қаламгер робот кейіпкерінің жұдырықтай жүрегіне жан бітіріп, жандүниесін тірі әйелмен үйлесімді етіп көрсетеді. Бұл қазіргі қоғамда шын адамдар арасында мейірім мен шапағаттың үзіліп бара жатқанын бүкпесіз алға тартқандай. Туындыдан бүгінгі виртуалды өмірге әркімнің бойы тез үйреніп алатындығына кәдімгідей алаңдап қаласың. Оқырман ретінде әңгіменің соңына жетуге қатты асықтым. Өйткені Сая өмірлік серігі етіп Робот-Батырмен қалып кетерме екен деген күдік көңіліңе маза бермейді. Бірақ Сая сенің шешіміңнен басқаша таңдау жасайды. Саяға таңдау жасай салу оңайға соқпайды, әрине. Себебі ол Роботтың жүрегінің дүрсілін анық сезінген. Бәлкім, ол оның қиялы да болуы мүмкін. Жазушы осылай оқырманын әрі-сәрі күйге түсіріп қояды. Соңында Батыр Саяны қатты тығырыққа тірейді. Тіпті телеарналардан қисынға келмейтін сұхбаттар береді. Себебі оның жадына орнатылған бағдарламасы басқаша бағытта жұмыс істеп кетеді.

Бұл нені көрсетеді? Ғылыми техникалық үрдіс адамның баламасын жасауы мүмкін, бірақ оған шын адамдағыдай мейіріммен жүрек бере алмайды. Батырда жүрек бар делік, бірақ оның өзі белгілі бір техника лық бағдарламаға құрылғандықтан түбінде адамның өзіне қауіп төндіреді. Бұл орайда жаратылғандар Жаратушының ісіне араласқанда, шындығында тіршілікке қауіп төнетіндей. Робот кейіпкер арқылы автор осы жайды анық ескертеді. Жазушы шығармашылығының сүбелі бөлігін әйел тағдыры құрайды. Әйел тағдыры – қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Әдебиет пен адамзат қоғамы бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, ақынжазушылар адами құндылықтарды, оның ішінде әйелдердің тағдырын қозғауы заңдылық. Олай етпесе шығармашылық тұлғаның дамуы да неғайбыл.

Қазақтың көрнекті қаламгерлері де, әлем әдебиетінің өкілдері болсын жалпы өз шығармашылығында адам факторын басты нысан етіп алады. Өйткені қай кезеңде де қоғамдағы өзгерістер әйелдің халімен өлшенген. Мәселен, «Отаршылдық», «құндылықтардың жойылуы», «ғылымның дамуы», «қала мәдениетінің қалыптасуы» – бұлар ХХ ғасырдағы қазақ тұрмысын сипатт айтын басты белгілер. Сондықтан болар ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әйел образын жаңа қырынан суреттеген шығармаларға өте бай. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», тағы басқа көптеген туындыларда әйел психологиясы мен оның нәзік болмысы суреттелген.

Бұл туындыларда нәзікжандылардың т ағдыры шығарманың негізгі арқауына айналып, қазақ қаламгерлерінің шеберлігі мен көркем ойлау жүйесі айрықша қалыптасты. Әлем әдебиетінде ХVIII ғасырда қалыпт асқан сентиментализм бағыты Батыс Еуропа жазушыларының әйел психологиясын зерделеп, олардың жаны мен ішкі болмысын бейнелейтін шығармаларының жарыққа шығуына ықпал етті. Мәселен, француз әдебиетінде Жан Жак Руссо, Гюстав Флобер, Ги де Мопассан прозасында әйел образының үздік галереясы жасалған болатын. Ал орыс әдебиетінде алғаш рет Н.М.Карамзин әйелдің ішкі жан дүниесін Еуропа классиктерінің үлгісімен суреттеп жазған. Бұл авторлар тудырған образдардың ойы шынайы, жүрегі нәзік, жаны мөлдір, көңілі пәк еді. Әйел және әдебиет – бұл қоғамдағы әйел бейнесінің, оның рухани әлемі мен әлеуметтік рөлінің көркем сөз арқылы бейнеленуі. Әдебиетте әйел образы әр дәуірде әрқилы сипат алды. Көне шығармаларда әйел көбіне ана, жар, отбасының ұйытқысы ретінде көрінсе, кейінгі кезеңдерде оның жеке тұлға ретіндегі ойы, еркіндігі мен ішкі қайшылығы тереңірек ашыла бастады. Әйел тағдыры арқылы жазушылар қоғамдағы әділетсіздік, теңсіздік, махаббат пен құрбандық сияқты мәңгілік тақырыптарды көтерді.

Әйел жазушылардың өзі де әдебиеттің дамуына зор үлес қосты. Олар әйелдің ішкі әлемін, сезімін, қоғамдағы орнын шынайы әрі терең бейнелей алды. Бұл әдебиеттің тақырыптық аясын кеңейтіп, жаңа көзқарастардың қалыптасуына жол ашты. Әйел және әдебиет – бірбірімен тығыз байланысты ұғымдар. Әдебиет әйелдің болмысын танытса, әйел бейнесі әдебиетті байытып, оған адамгершілік пен терең сезім дарытады. Ал Жадыраның кейіпкерлері қандай? Олар жаңа ғасыр әкелген ұлы өзгерістердің өткелінде жүріп, өздері өмір сүрген қоғамның қиындықтарынан саңылау іздеп, жақсы жарқын күндерге ұмтылып жүрген жаңа заманның әйелдері.

Осы орайда қаламгердің қырағы қаламына ұлттың анасы, ұрпақтың тәрбиешісі, әулеттің аяулысы болған қазақ қыздарының тағдыры айрықша ілікті. Себебі әйелдің болмыс-бітімі қоғамды өзгертеді де, өшіреді де, керек десең өсіреді де. Қазақ әйелінің өмірі ұлттық өркениетпен өте тығыз байланысты. Мұны әсте естен шығармау керек.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВ

Ұқсас жаңалықтар