«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құрылыс саласында серпін бар

Құрылыс саласында серпін бар
Автор
Өткен 2025 жылы құрылыс саласында жүзеге асқан жобалар баршылық. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, басқарма арқылы 178 жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың жобалық құны 299,6 миллиард теңгені құрайды. Оған бюджеттен 90,7 миллиард теңге бөлінген. Аталған жобалардың 108-і былтыр жыл соңына дейін тапсырылуы жоспарланған болса, бүгінгі таңда 61 нысанның құрылысы аяқталған, жаңа жылға дейін қалған нысандарды тапсыру көзделген. Ал 70 нысан алдағы 2026 жылға өтпелі.

Бұл жөнінде басқарма басшысы Ерлан Құрмантайұлы өткен Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте атап көрсетті. Спикердің айтуынша, тұрғын үй құрылысы саласында 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша 20 нысан өткен жылы тапсырылуы тиіс болса, қалған 26 нысан 2026 жылға өтпелі. Инженерлік коммуналдық инфрақұрылым (ИКИ) бойынша 63 нысан құрылысы жүргізілуде, мұның 49-ы өткен жылы тапсырылса, 14-і өтпелі. Сондай-ақ 109 нысан «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда. Мұның 27-і «Өңірлерді дамыту», 29-ы «Ауыл – ел бесігі», 4-і «Жайлы мектеп», 5-і білім инфрақұрылымын қолдау қоры, 4-і арнайы мемлекеттік қоры есебінен қаржыландырылған.

Бүгінгі күнге 61 нысанның құрылысы аяқталып отыр. Білім саласында алты нысан және төрт Жайлы мектеп, денсаулық саласында бес, спорт саласында үш, мәдениетте алты, ауыл шаруашылығында екі нысан бар. Ішкі істер/әкімшілік ғимарат біреу, тұрғын үй 11, «ИКИ» бойынша 23 нысан да құрылыс жұмыстары аяқталып тапсырылған.

– Сметалық құны 165,1 миллиард теңге құрайтын 45 жобаға бюджеттен 28,1 миллиард теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Оның 23-і былтыр тапсырылуы тиіс, 22-і осы жылға өтпелі. Ал халықты баспанамен қамтуға жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Кезектегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40174 азамат тіркелген. Оның ішінде 30045 азамат әлеуметтік осал топтағылар. Былтыр жалпы 765 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,8 пайызды құрайды. Оның 21,4 пайызы (164 мың м2 ) бюджет қаражаты есебінен, 78,6 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы өткен жылдың 11 айдағы қорытындысымен 642,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, жоспар 101,1 пайызға орындалды, – дейді басқарма басшысы.

Жалпы құрылыс саласына 390,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 113 пайызға орындау жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 39,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 2430 тұрғынды баспанамен қамту көзделген. Оның 1415 әлеуметтік осал топтағылар. Атап айтсақ, 18,4 миллиард теңгеге 2190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1015 пәтерге арналған 20 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. 15 шағынауданда 815 пәтерлі 15 үй, 14 шағынауданда 200 пәтерлі 5 үйді тапсыру межеленген.

Бүгінгі күні бюджет қаражаты есебінен 580 пәтерлі 11 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып отыр. Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша 1415 пәтер сатып алынады. Бүгінгі күнге, 994 пәтер сатып алынды (РБ – 345, ГЦБ – 649), 277 пәтер сатып алу конкурсына ұсынылған (16 пәтер - РБ, 261 пәтер - ГЦБ). Қалған 144-де құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жерге 220960 азамат кезекке тіркелген. Сонымен қатар Тараз қаласында жер кезегіне тіркелгендер саны 130466. Ал Байзақ ауданында 15205 болса, Жамбылда 11990, Жуалыда 6562, Қордайда 17791, Меркіде 14950, Мойынқұмда 301, Т.Рысқұловта – 8597, Сарысуда 1825, Таласта 1155, Шу ауданында 12118 адам кезекке тіркелген. Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен 63 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 11381,3 миллиард теңге қаралып, нәтижесінде 4 жаңа алқапта жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1130 жер телімі дайындалады. Бүгінгі күнге 23 жобаның ҚМЖ аяқталды. Бұдан бөлек, былтыр басқарма тарапынан 32 нысанның жобалаусметалық құжаттамасы әзірленуде. Оның ішінде 11 жобаның сараптама қорытындысы алынды. 7 жоба – сараптама қарауында. 14 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ бүгінгі таңда қаржыландыруды қажет ететін жалпы құны 135 миллиард теңгені құрайтын 26 нысанның жобалаусметалық құжаттамасы дайын. Қаржы игеру бойынша тоқталар болсам, өткен жылдың 11 айдағы қорытындысымен жалпы бөлінген 86,9 миллиард теңгенің 71,6 миллиард теңгесі игерілген. Жыл қорытындысымен бөлінген қаржының 95,2 пайызын игеру жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

Ұқсас жаңалықтар