Облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жарық көрген «Әулиеата мақамдары» атты кітапқа облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдау білдірген. Мұндағы барлық еңбектерді жинақтап, баспаға ұсынған – облыстық айтыс ақындары мен жыршытермешілер орталығы. Кітаптың алғы сөзін танымал әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков жазған.
«Қазақтың киелі даласында әр өңірдің өзіндік мақам мектебі қалыптасқан болса, соның ішінде Әулиеата топырағы – жыршылық өнер терең тамыр жайған, мақамдық дәстүрлі кемелденген қасиетті мекен. Бұл өңір Жамбыл Жабаев, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаев сынды жыр алыптарының өмір сүріп, өнер өрбіткен құтты қонысы. Жинақтың басты мақсаты – жойылып бара жатқан көне мақам үлгілерін тірілтіп, оларды жүйелеу, ел ішіндегі жыр терме мұрасын болашақ ұрпаққа аманаттау, сонымен қатар ұлттық музыкалық ойлау жүйесінің көркем көрінісін қазіргі заманға лайықты түрде ұсыну. Бұл өңіріміздің тарихи жадын жаңғыртып, рухани мұрамызды сақтауға бағытталған нақты әрі бағалы қадам», – деп ағынан жарылыпты өнер майталманы.
Бір айта кетерлігі, кітаптағы мақамдарды нотаға түсіру жағы ерекше ескерілген. Бұл ретте музыка мамандары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев өте көп еңбек сіңірген. Жинаққа Жамбыл Жабаевтың «Жыр бастау» термесінен бастап, Сүйінбай, Майлықожа, Сауытбек ақындардың жырлары нотасымен берілген. Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаевтың жыр-термелері де көпшілікке ұнайтыны анық. Әулиеаталық басқа да танымал өнерпаздардың шығармалары қамтылған. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімін облыстық айтыс ақындары мен жыршытермешілер орталығы өткізді.
Әуелі орталықтың директоры Ахметжан Өзбеков пен Байзақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов жаңа кітаптың мазмұнына, жас өнерпаздарға берер тағылымына тоқталды. Кітаптың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков пен Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатыр қиды. «Кенен сазы» ансамблінің әншісі Айдын Тілепалдиеваның орындауындағы Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әні көпшілік көңілінен шықты. Музыкалық бағдарлама барысында жетіген мен домбыра аспаптарының дуэті Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасын орындап, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Бұдан кейін ортаға кітап авторлары Панабек Ахметов пен Төрехан Көрпебаев шақырылып, жинақтың мазмұны мен мақсаты туралы баяндады. Жиында Amanat партиясы Байзақ аудандық филиалының басшысы Индира Әбілханқызы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сатыбалдиева, термеші-жыршы Берік Қалиев, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы директорының орынбасары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров, айтыскер Ербол Қамбатыр, облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықтың директоры Балдай Төленқызы, Байзақ аудандық мұражайының басшысы Артық Үкібаев және Байзақ аудандық кітапханасының директоры Нұржамал Сапаралиева сөз алды.
«Бұл кітапты көбейтіп, мектептердегі өнерпаз жасөспірімдерге тарату керек», – деді термеші Берік Қалиев.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Музыка және көркемдік білім беру» кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Мақашева Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Насихат» термесін орындады.
«Арқаның, батыстың өзіндік мақам саздары бар. Ал Әулиеата өңірінің мақам саздары олардан кем емес. Бабалардың мұрасы сол мақамдарды жинақтау, зерттеу жұмыстары жалғасуы тиіс. Осы кітап – сол мақсаттың бастамасы, тарихты түгендеу тағылымды іс», – деді А. Мақашева.
Жиында республикалық домбырашылар бірлестігінің облыс бойынша төрағасы, Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның күйшісі Дидар Басықарев арнау өлеңін тарту етті. Іс-шара «Кенен сазы» ансамблінің орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
4 қаламгер Президенттің арнаулы әдеби сыйлығына ие болды
- 24 желтоқсан, 2025
Меркілік ақындардың жинағы шықты
- 23 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




