«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4325 теңге, ал ең төменгі зейнетақы – 69049 теңге, күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 50851 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35596 теңге, жалақының ең төменгі мөлшері 85 мың теңге болып белгіленеді. Осыған байланысты, келесі 2026 жылы еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын көлемнен 10,5 пайызға арттырылады.
Жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 55 АЕК-ке, яғни 237875 теңгеге дейін арттырылады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің көлемі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Сондай-ақ мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және бірінші топ мүгедектігі бар және күтімді жүзеге асыратын адамға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты жоғарылатылады.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2026 жылғы 1 қаңтарынан бастап арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес алдағы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 10 пайызға өседі. Айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің де көлемі көбейеді. Анығырақ айтсақ, бала тууына, бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылар қайта есептеледі.
Мемлекет жаңа туған сәбидің анасына оның жұмыс істеуіне немесе отбасының табыс деңгейіне қарамастан бірнеше қолдау түрін ұсынады. Егер ана міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болса, оған жүктілік пен босануға қатысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Сонымен қатар барлық аналарға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы қарастырылғанын да айта кетейік. Оның мөлшері келесі жылы қандай болатынына тоқталсақ, бірінші, екінші немесе үшінші балаға – 38 АЕК (164350 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (272475 теңге) болады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жүргізілетін төлем де бар. Жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджеттен бірінші балаға – 5,76 АЕК (24912 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (29453 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (33951 теңге), төрт және одан көп балаға – 8,90 АЕК (38493 теңге) мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Ал ресми жұмыс істейтін әйелдер үшін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде есептеледі.
Сонымен бірге бала 1,5 жасқа толғанға дейін анасының зейнетақы жарналары мемлекет тарапынан субсидияланады. Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы бала санына қарай белгіленеді. 2026 жылы 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК (69330 теңге), 5 балаға – 20,04 АЕК (86673 теңге), 6 балаға – 24,05 АЕК (104016 теңге), 7 балаға – 28,06 АЕК (121360 теңге), 8 және одан көп балаға – әр балаға 4 АЕК (17300 теңгеден) берілетін қолдау көрсетіледі. Алты және одан да көп бала тәрбиелеген аналарға мемлекет ай сайын арнайы қаржылай қолдау көрсетеді.
«Алтын алқа» иегерлеріне 1 қаңтардан бастап 7,4 айлық есептік көрсеткіш, яғни 32005 теңге берілсе, «Күміс алқа» иегерлеріне 6,4 айлық есептік көрсеткіш, яғни 27680 теңге төленеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
2026 жылдың жарқын күндері
- Бүгін, 02:13
Табиғат аясындағы тимбилдинг ұжымды ұйытты
- 27 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




